
Ұлттық үнді ұлықтаған шебер
* Шілде айының бірінші жексенбісі – Ұлттық домбыра күні қарсаңында
Домбыра – қазақтың жүрегі, жан серігі мен рухани тірегі. Оның қоңыр үні ғасырлардан сыр шертіп, ұлт тарихы мен болмысының бейнесіндей терең мәнге ие. Шілде айының алғашқы жексенбісінде аталып өтетін Ұлттық домбыра күні қарсаңында төл өнеріміздің дамуына өз үлесін қосып жүрген азамат жайында сөз қозғау ұлттық рухты асқақтата түсері анық. Солардың бірі – атыраулық домбыра шебері, күйші Нұрлыбек Бисенбаев. Ол ұлттық аспапты сапалы әрі дәстүрге сай жасап қана қоймай, жастарға үйретіп, өнерді насихаттап жүрген жан.

Әке жолын жалғаған өнер
Нұрлыбек 2003-2007 жылдар аралығында «Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка Академиясы» Атырау музыка колледжінде білім алған. Оны бітірген соң, 2011 жылға дейін Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде білімін жалғастырады. Университетте оқи жүріп, яғни 2008 жылдан бастап мектепте музыка пәнінің мұғалімі болып жұмыс істей бастайды.
Жоғары білім туралы дипломын алған соң Зәмзәм Ещанова атындағы музыкалық мектептің филиалын өзі тұратын Береке ауылынан ашқан. Бұл шешімге оны оқушылардың сапасыз, ыңғайсыз домбыралармен келуі итермеледі. Үйден домбыра жасайтын әкесі Тұрланның қасында жүріп, оны үйреніп алса да, толықтай кәсіпке айналдырып, бейімделмеген еді. Осылайша Нұрлыбек «сапалы домбыра жасап, балаларға қолайлы аспап ұсынсам» деген оймен 2015 жылдан бастап арнайы шеберхана салып, мұны кәсіби деңгейде қолға алыпты.
– Менің домбыра жасауым бала кезде қызығушылық ретінде басталды. Үйде әкем жасаған домбыраны тартып, шығымын қарайтынбыз. Біртіндеп бойымызға сіңіп, өнерге айналды. Кейін осы ісімді кәсіби жолға түсірсем деген ой келді. Енді осы істі кеңейтіп, Қазақстан көлеміне танытып, тек менің емес, әкемнен қалған мұраны ұрпаққа жеткізу, яғни, атадан балаға жалғасатын кәсіпке айналдыру – басты арманым. Бір домбыраны 15-20 күннің ішінде жасауға болады. Бірақ тек бір ғана аспапты жасау емес, бұл – дайындық пен ұзақ уақытты қажет ететін тұтас процесс, — деді Нұрлыбек Тұрланұлы.
Аспапты жасау барысында ең маңызды кезеңдердің бірі – ағашты дұрыс кептіру. Барлық бөлшектердің өз уақытымен кебуі, отыруы, тұрақтануы қажет. Сондықтан шебер бір домбыраны емес, бірден 10 немесе 100 домбырадан бастайды. Мысалы, 100 домбыраның шанағын құрап дайындап қойса, өз бабымен кебу үшін бес-алты ай уақыт керек екен.
Шеберханадағы жұмысшылардың да әрқайсысының тиесілі міндеті бар. Бірі шанақ құраса, келесісі қақпағын кесіп, жабыстырады, кейін лак жағу, бояу сынды жұмыстар жүреді. Мұның бәрі бір мезгілде жүргендіктен, олар күніне бес-алты аспап дайын болады. Сонда бір айда шамамен 100-150 домбыра жасауға мүмкіндік бар көрінеді.
Егер арнайы тапсырыспен домбыра жасалса, оған көбірек көңіл бөледі. Себебі, әрбір бөлшегі мұқият тексеріледі. Ол үшін екі ай жоғалту керек. Себебі келген ағашты қосымша кептіріп, қайта өңдеуге уақыт қажет.
Домбыраның жаны – оның үні
Домбыра жасаушы шеберлер әуелі оның дыбысына аса мән береді. Бұл құрал-сайманы келісті кез келген ағаш ұстасының қолынан келетін шаруа. Алайда аспаптың жаны оның үнінде жатқанын ұғынуы тиіс.
– Ең қызықтысы – дәл сол дыбысты іздеу процесі. Әсіресе, домбыраның беткі ағашын орнатып жатқан сәт ерекше. Әрбір бөлшекті мұқият қарап, еппен өлшеп, ішкі құрылысына мән беріп, «осы жолы қандай дыбыс шығады екен?» деген үмітпен жасайсың. Бұл жерде шығармашылық пен жауапкершілік қатар жүруі шарт. Дайын болған домбыраны әуелі өзің тартып көресің. Егер дыбысы сәтті шықса, жүрегіңде ерекше қуаныш, риза көңіл, бір сөзбен айтқанда, нағыз шеберлік ләззаты шарықтайды. Ол – ештеңемен салыстыруға келмейтін сезім. Сол сәт үшін, сол бір қоңыр үн үшін еңбек етіп, ізденіп, үйреніп, жасағың келеді. Әр шебер өзі жасаған домбырасын ұнатады, әрқайсысы өз еңбегін мақтан тұтады. Бірақ шын өнер иесі үшін ең маңыздысы – домбыраны тартып көру. Себебі ол – шынайы сын. Үні шыққан кезде ғана домбыраның өмірге келгені сезіледі, — дейді шебер.
Мықтылардың таңдауы түскен шеберхана
Бүгінде шеберханада жасалған домбыралар ел ішінде жоғары бағаланып келеді. Айталық, «Мен – қазақпын!» мегажобасының бас жүлдегері Жәнібек Жәмиевтің арнайы келіп, Нұрлыбектің домбыраларын мақтап, тапсырыс беруге ниет білдірген. Индер аудандық Мәдениет үйі де домбыралар сатып алыпты.
Шебер домбыраны алдымен кәсіби музыканттарға беріп, сынап алады екен. Мысалы, Нұржан Тәжікенов секілді домбырашылар да тартып көріп, оң бағасын берген. Ал белгілі күйші Бауыржан Ақтаев әкесі үшін арнайы домбыра жасатып, ол да толық тексеруден өткен. Осылайша Нұрлыбек жасаған аспаптар Атырау өңірінің балбармақ күйшілерінің арасында кең танылыпты.
Қазір ол негізінен музыкалық мектептердің мұғалімдеріне домбыра жасайды. Өйткені олар нағыз кәсіби маман ретінде домбыраның сапасы мен үндік ерекшелігіне ерекше мән береді. Демек оның аспаптары сол талап үдесінен шығып тұр деген сөз.
– Алматы жақтан әзірге ешкім тапсырыс берген жоқ. Себебі ол жақта домбыра жасаушылар өте көп, әрі әншілер аспаптың сыртқы дизайнына көбірек мән береді. Бірақ сұраныс болса, одан да тартынбаймыз. Бүгінде шеберлер өзара байланыс орнату мақсатында «Қазақстан шеберлері» деген арнайы чат аштық. Ол арқылы әртүрлі аймақтағы шеберлермен пікірлесіп, тәжірибе бөлісіп отырамыз. Біздің домбыраларымызды жергілікті өнер адамдары да ұнатып жатыр. Мысалы, әнші Бейбіт Қорған бізден өзіне, қызына және әкесіне арнап домбыра сатып алды. Бұл – біздің еңбегіміздің бағаланғанының бір көрінісі, — деді кейіпкеріміз.
Ұлттық өнерге бетбұрыс бар
Домбыра – жай ғана ағаш емес. Сапасы мен үні әр бөлшегінің үйлесіміне, қолданылған материалдың сапасы мен шебердің ептілігіне тікелей байланысты. Бұл істе ағаш таңдау – басты шаруа. Шанақ (корпус) пен мойын бөлігіне міндетті түрде қатты ағаш таңдалады. Уақыт өте келе бұралып кетпеуі үшін мойынның ағашы құрғақ әрі тығыз болуы тиіс. Көбінесе ағаш бірнеше жыл табиғи түрде кептіріліп барып қолданылады.

Домбыраның беткі ағашына көбінесе шырша немесе қарағай пайдаланылады. Кейбір шеберлер балқарағай қолданады, себебі бұл ағаш түрлері дыбысты жақсы береді. Ең бастысы, мәселе ағаштың түрінде емес, оны өңдеп, қондыра білуде. Шебер кәсіби болмаса, өте жақсы ағаштан жасаса да, үні дұрыс шықпайды.
– Домбыраның дыбысына бет қақпағының тегістігі, тігістердің дәлдігі, артық шу шығармайтын ішкі құрылымы, тиегі мен ішегінің орналасуы, ішектердің ара қашықтығы – осының бәрі тікелей әсер етеді. Белгілі шебер Сұлтан ағамыздың айтуынша, домбыраның алпысқа жуық бөлшегі бар. Демек бұл домбыраның қарапайым көрінгенімен, күрделі аспап екенін дәлелдейді. Осы барлық бөлшек бір-бірімен үйлескенде ғана сапалы әрі қоңыр үнді домбыра шығады. Сондықтан, «жақсы домбыра тек жақсы ағаштан жасалады» деген жаңсақ ұғым. Ағаш сапасы мен шеберлік бір-бірін толықтырып тұруы тиіс, — дейді Нұрлыбек шебер.
Қазір домбыра жасау ісі заман талабына сай жаңа технологиялармен ұштасып келеді. Бұрынғы шеберлердің қолында станок та, электр құралы да болған жоқ. Олар тек қашаумен, қарапайым құралдармен жұмыс істеді. Мысалы, Нұрлыбектің әкесі Тұрлан ақсақал алғаш домбыра жасағанда, шарбаққа ілінген жұқа ағаштарды алып, оларды иіп, шанақ жасағанын айтып отырады екен. Шынында, бұл – нағыз шеберліктің көрінісі.
Ал бүгінде шеберлер кәсіби шеберханада жұмыс істейді. Домбыра жасауға заманауи құралдарды, тіпті лазерлік кесу станоктарын да пайдаланады. Бұл сапа мен уақытты үнемдейді. Ең бастысы – шебердің көзқарасы мен қолының ептілігі.
Нұрлыбектің айтуынша, қазіргі жастардың ұлттық құндылықтарға, әсіресе домбыраға қызығушылығы өте жоғары. Бұрын әр қазақтың шаңырағында ілулі тұратын домбыра тек сән үшін емес, ұрпаққа аманат ретінде тұрған аспап еді. Сол себепті бүгінгі жастар, тіпті ересек кісілер де домбыра үйренуге ниетті. Бұл – ұлттың оянғанының белгісі.
Мақсаты – кәсіби домбыра шығару
– Мақсатым – шәкірт тәрбиелеу емес, маман дайындау. Шеберлікті үйрету бір басқа, ал жүйелі түрде кәсіби маман даярлау – ірі өнеркәсіп. Болашақта арманым – үлкен фабрика ашу. Онда бір адам түгел домбыраны жасап шықпайды. Бір шебер корпусын жасаса, біреуі мойнын, біреуі бет ағашын дайындайды, біреуі лактап, келесі бірі құрастыратын жүйе болады. Сол арқылы сапасы жоғары, дыбысы мінсіз, бағасы қолжетімді домбыра шығарамыз. Өйткені, домбырашылық, күйшілік өнер маған әкемнен дарыды, оны кәсіпке айналдырдым. Бірақ өзімді кәсіби ағаш шебері деп айтпаймын. Мақсатым – шебер болып қалу емес, отандық брендке айналған кәсіби домбыра шығару, — дейді Нұрлан Тұрланұлы.
Бүгінде жастардың домбыраға қызығушылығын арттыру үшін әуелі заманға сай музыкаларды домбырамен орындау керек. Мысалы, «Ер Тұран», «Алаш аманаты» секілді жаңа стильдегі күйлер шыққалы домбыраға деген қызығушылық арта түскені рас. Жастарды бірден халық күйлерімен үйрету қиын болуы мүмкін, сондықтан домбыра үнін эстрада мен заманауи музыкаға үйлестіре отырып жеткізу өте тиімді. Жас буын жақсы көретін әншілер мен орындаушылардың шығармашылығында домбыраны пайдалану, соны жарнамалау арқылы ұлттық аспапты насихаттау керек.
– Домбыра өнерін дамытуда мемлекет пен қоғам біріншіден, заманауи домбыра шығармаларын қолдауға арналған жобалар мен байқаулар ұйымдастыру, екіншіден, телеарналар мен әлеуметтік желілер арқылы жастарға арналған қызықты контентті көбейтуі тиіс. Үшіншіден, мектептер мен жоғары оқу орындарында домбыраны тек міндетті пән емес, қызығушылық оятатын бағыт ретінде дамыту керек. Сонымен қатар жастар арасында танымал орындаушылармен бірлесіп, домбыраны насихаттауға бағытталған жобалар жасау өте өзекті. Мысалы, Садраддин секілді орындаушылар домбыраны қазіргі музыкалармен біріктіріп, ұлттық аспапты жастарға тың әрі жақын етіп көрсете алады. Сондай-ақ, электрлі домбыра, кавер-нұсқалар, фьюжн жанрлары арқылы жаңа бағыттағы шығармалар шығару да қажет. Жас домбырашыларға арналған шығармашылық орталықтар, тегін курстар, онлайн сабақтар көбейсе, зор серпін береді, — деп сөзін түйіндеді ол.
Ұлттық домбыра күні тек өнер мерекесі емес, тамырымызды тербетіп тұрған рухани құндылықты ұлықтайтын күн. Осы мереке аясында Нұрлыбек Бисенбаевтай домбыра шеберінің еңбегі ерекше мәнге ие. Ол жасаған әр аспап – ұлттың үні мен шежіресін ғасырларға жеткізетін мұра. Жастарға домбыра тартуды үйретіп, дәстүрлі қолөнерді жандандырып жүрген шебердің ісі – төл мәдениетімізге қосылған шынайы үлес.
Алмас ҚАБДОЛ