
Ұлттық болмысымыздың айнасы
Домбыра – жай ғана музыкалық аспап емес. Оны гитарамен салыстырып қарау дұрыс емес. Домбыра – қазақ халқының бренді, тіпті қазақ ұлтының өзінен де бұрын қалыптасқан мәдени мұра. Сол себепті де нағыз қазақ – домбыра тартатын адам деген пікір бекер емес.
Мысалы, шетелде жүргенде бір қазақ домбыра тартып отырса, іштей бір қуаныш пайда болады. Неге? Себебі ол – өзінің ұлттық болмысын ашып, қазақ екенін көрсетіп отыр деген сөз. Сондықтан домбыраны үйрету – әрбір ата-ананың міндеті деп ойлаймын. Қалай біз дінді балалық шағынан бастап үйретсек, дәл солай ұлттық тәрбиені, соның ішінде домбыраны да кішкентай кезінен үйретуіміз керек. Бұл – болмысымызды сақтау.
Домбыра күні – болуға тиіс мереке. Домбыраны қазіргі таңда маркетинг құралындай пайдалану керек. Әр жерге плакат іліп, әлеуметтік желілерде вирус сияқты таратып, көрсетіп, айтып жүре беруіміз керек. Сонда ғана ол өз орнын табады.
Қазір халықтың арасында домбыра туралы түсінік бар, бірақ толық емес. Домбыраның тарихын, күйлердің мән-мағынасын әлі терең түсінбейтіндер көп. Сол себепті оны кеңінен насихаттауымыз қажет. Мен өзім домбырамен 4 жасымнан бастап айналыса бастадым. Отбасым әкем, анам, ағам – бәрі домбыра тартады. Анам – менің алғашқы ұстазым болды. Кейін консерваторияда білім алдым. Қазір шәкірт тәрбиелеп жатырмын.
Атырауда «Alash» Dombyra school өнер мектебін аштық. Қазір 40-қа жуық оқушымыз бар. Бір жылдың ішінде олар Алматы, Астана, Атырау, тіпті Ташкентте өткен байқауларға қатысып, жүлделі орындар алды. Бұл – бір жылдың ішіндегі нәтиже. Домбыраны үйрену қиын емес. Ең бастысы – ниет пен ынта болса жеткілікті. Тіпті екі аптаның ішінде-ақ алғашқы әуендерді шертіп үйренуге болады.
Әділхан ЖОЛАМАН,
домбырашы, мульти аспапшы, мемлекеттік және халықаралық сайыстардың лауреаты, «Alash» Dombyra school мектебінің негізін қалаушы