Жарнама
Мәдениет

Ұлттық аспаптар үні әуелеген күн

Атырау облысында музыка және өнер мектептерінің қазақ халық аспаптары оркестрлері мен ансамбльдерінің V облыстық байқауы басталды. Ұлттық өнердің өркендеуіне серпін беретін бұл додада өңірдің үздік оқытушылары өз шеберліктерін сынға салмақ.
Биылғы байқауға 4 оркестр мен 14 ансамбль қатысып, көрерменді ұлттық аспаптардың қайталанбас үнімен сусындатпақ.

Іс-шараны Атырау облыстық балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы ұйымдастыруда. Байқау қазақтың бай музыкалық мұрасын дәріптеу мен орындаушылық өнерді дамытуға бағытталған. Облыстық білім беру басқармасының балаларға қосымша білім беру, оқу әдістемелік және ғылыми-тәжірибелік орталығының бөлім басшысы Дулат Далиевтің айтуынша, бұл байқау оқытушылардың кәсіби шеберлігін арттырып, тәжірибе алмасуға тамаша мүмкіндік береді.

4e77d15d 236b 4510 9755 1f52f0fe6878

– Бұл байқаудың басты мақсаты – ұлттық өнерімізді дәріптей отырып, саз және өнер мектептері оқытушыларының шығармашылық қабілетін көрсету. Оркестр мен ансамбльдердің орындаушылық деңгейін көтеріп, өнер саласындағы кәсіби тәжірибемен бөлісу де негізгі міндеттердің бірі. Байқау екі жыл сайын ұйымдастырылады және әр жолы қойылатын талаптар жаңартылып, қатысушылардың шеберлігін шыңдауға ерекше мән беріледі, – деді ол.

Байқау тәртібі қатаң: оркестрлер 30-40 минут ішінде бес шығарманы орындауға тиіс, ал ансамбльдерге 25-30 минут беріледі. Әрбір қатысушы өнері 10 баллдық жүйемен бағаланады. Ұлттық аспаптардың әуені мен терең мазмұнға толы шығармалар қатысушылардың кәсібилігі мен шығармашылық әлеуетін сынайды.

0a536782 4a30 4cc4 a835 d09d987e3aa3

Облыс бойынша 200-ге жуық оқытушы қатысып жатқан бұл өнер сайысы тек орындаушылық шеберлікті ғана емес, шығармашылық жан-жақтылықты талап етеді. Қатысушылар қазақ халқының рухани қазынасын жаңғыртып, көрермендерге ұлттық өнердің көркемдік қуатын жеткізуге тырысуда.

Байқау қазылар алқасының әділ бағалауымен қорытындыланып, үздік өнерпаздар анықталады. Жеңімпаздар тек марапатталып қана қоймай, қазақ өнерінің мерейін үстем етіп, болашақ жас ұрпаққа үлгі болмақ.

Жайна МӘЛІМҚОЖА
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button