Тұрақтылықтың тұғыры – татулық
Жалпыхалықтық мереке тұрғысында мерейі биік, қадірі қастерлі татулық ынтымақтың шуағын себуші күнді сан ұлт ұйысқан атыраулықтар қашанғыдай үлкен қуанышпен қарсы алып, сән-салтанатқа бөленді.
Сұлтан Бейбарыс алаңынан бастау алған мерекелік шара Ретро-саябағында жалғасын тапты. Ретро стиліндегі саябақ қызылды-жасылды түске оранып, көктеммен бірге құлпырып тұр. Ауа райы да жылынып, көктен күн шуақ шашты. Мерейлі мереке мейірімі ел бірлігінің, татулығының жарқын көрінісін асқақтатқандай. Саябаққа ағылған жұрттың жүзінен мерекелік көңіл-күй аңғарылады. Ән мен би, салт пен дәстүр қатар өріліп, халық достығының көрінісі дәл осы жерде де айқын көрінді. Шат-шадыман жүздерге қарап жүрек жылыды. Бір-бірін қызу құттықтап жатқан ұлт пен ұлыстың өкілдерін көріп көз қуанды. Сахнада этномәдени бірлестіктер сазды әуен төгілтіп, күйді күмбірлетіп, мың бұралған бишілер қазақ, орыс, украин, үнді, әзірбайжан, кәріс пен белорус билерінен көрініс қойып қала тұрғындарына тамаша көңіл-күй сыйлады. Сондай-ақ, «Гүлдер», «Халықтық» , «Жұлдыз», «Камелия» би ансамблі биден шашу шашса, республикалық ән байқауларының лауреаты Айбар Ғаниұлы бастаған өнерлі өрендер қазақ әндерін шырқап алаңды думанды кешке ұластырды.
Жан-Ерке ХАЛИУЛЛИНА