Жарнама
Мәдениет

Театрда – жаңа қойылым

Бүгін, 4 маусым, сағат 19:00-де Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында белгілі драматург Александр Сухово-Кобылиннің «Іс» трагифарсының премьерасы өтеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз брифингінде айтылды.

Театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі Артур Якуданың айтуынша, көрермен назарына ұсынылғалы отырған пьеса — орыс әдебиетіндегі өткір сатиралық шығармалардың бірі.  

–Оқиға ХІХ ғасырды қамтиды. Автор бұл пьесаны өзінің басынан өткен ауыр оқиға, яғни тергеу мен түрме өмірінің негізінде жазған. Шығармада бюрократия, жемқорлық, әділетсіздік секілді қоғам кеселдері өткір сынға алынады, — деді ол.

Қойылымдағы оқиға желісі — абсурд пен әділетсіздіктің тоғысқан тұсы. Тергеу процесі ақиқат іздеудің емес, биліктің күшін көрсету мен адамдарды езудің құралына айналған. Шенеуніктердің немқұрайлығы, жалған айыптар, қағазбастылық — бәрі де шындықтың үстіне қалың тұман түсіріп, қарапайым адамның құқығы мен қадірін таптап бара жатқанын көрсете түседі. Сахналанып отырған шығарма авторының тілі өткір, кейіпкерлері типтік образдарға негізделген: парақор тергеушілер, жалтақ шенеуніктер, үнсіз жапа шеккендер. Бұл трагикомедия бір жағынан күлдіреді, екінші жағынан  жылатады, тіпті шошытады.

 «Іс» тек XIX ғасырдың қоғамның болмысын ғана бейнелейтін дүние емес. Ол – барлық уақытқа ортақ мәселе: шындықтың тұншығуы, адам мен билік арасындағы тепе-теңдіктің бұзылуы. Қойылымды көре отырып, көрермен өткенге емес, бүгінге қарап отырғандай күй кешеді. Себебі бұл уақытпен шектелмейтін, адам табиғатына қатысты терең шығарма. Спикерлердің әңгімесіне осы жайлар арқау болды.

Спектакльдің қоюшы режиссері Барзу Абдуразаков –  Тәжікстанның еңбек сіңірген артисі, актер, режиссер. Қоюшы режиссер Мұрат Мәмбетов – Мәдениет саласының үздігі. Басты рольдерді сомдайтын  Ержан Жұмат – актер, Мәдениет саласының үздігі. Трагифарстың түпнұсқа атауы – «Дело». Орысшадан аударған Әлия Дәулетбаева.

Дәулетқали АРУЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button