
Талтүсте туған талант
Шаймардан Сариев атындағы облыстық көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде елімізге танымал қылқалам шебері, жерлесіміз Қуандық Насихатұлы Мәдірдің шығармашылығына арналған «Талтүс» атты мерейтойлық дербес көрмесі ашылды. Шараға қатысқанар бұл көрме бейнелеу өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған суретшінің ұзақ жылғы еңбегі мен өнерге деген адалдығын паш ететін айтулы мәдени оқиға екенін айтып жарысты.

Кештің ашылу салтанатында Мәдениет, тілдерді дамыту және архив істері басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов құттықтап, мерейтой иесіне алғыс хат табыстады. Өнерді өмірімен өрнектеген суретшіге шынайы құрмет көрсетіліп, бейнелеу өнерінің қоғамдық құндылық ретіндегі мәні айрықша аталып өтті.
Қуандық Насихатұлы – суретші ғана емес, педагог, композитор, ғалым, өнертанушы, публицист, қоғам қайраткері ретінде де көпшілікке танымал тұлға. Ол 1965 жылы 10 шілдеде Құрманғазы ауданында дүниеге келген. Орта мектепті бітірген соң, Оралдағы А.С.Пушкин атындағы педагогикалық институттың көркемсурет-графика факультетін үздік тәмамдаған. Кейіннен экономика және музыка саласы бойынша да жоғары білім алып, өзін жан-жақты дамытқан.

Саналы ғұмырының отыз жылын Батыс Қазақстан университетінде білім беру мен өнерді насихаттауға арнап, халықаралық, республикалық байқаулардың жеңімпаздарын тәрбиелеген. Қазір Қуандық Мәдір Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі жанындағы «Атамекен» өнер ордасында көрме ұйымдастыру бөлімінің басшысы қызметін атқарады.

Ұйымдастырушылар айтып өткеніндей, «Талтүс» көрмесінің басты мақсаты – суретшінің шығармашылығын кеңінен насихаттап, көрерменге оның 50-ге жуық кескіндемелік туындысын ұсыну. Бұл туындылар – автордың жылдар бойғы ізденісі мен шеберлік деңгейін көрсететін рухани қазына. Көрмеге келген әрбір адам кескін мен бояу арқылы өрілген өмірдің өзін көргендей әсер алды.

Кеш барысында ҚР Еңбек ері, белгілі суретші Илья Жақанов, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Асхат Иманғалиев, Қазақстан Суретшілер және Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі, профессор Отарбай Кендір сынды өнер мен білім саласының көрнекті өкілдері мерейтой иесіне ыстық лебіздерін білдірді. Сонымен қатар, шараға қатысқан өнер жанашырлары Сәуле Отарбаева, Әлия Дәулетбаева, Бақытгүл Бабаш, Дәулет Салимов, Нұрберген Дәулетов сынды замандастары мен әріптестері Қуандық Мәдірдің өнер жолындағы табандылығы мен шынайы талантына ерекше тоқталды.
Кеште композитор ретінде Қуандық Мәдірдің әндері де орындалды. Ғайсағали Сейтақтың сөзіне жазылған «Оралдың білім ордасы» және Таңатар Дәреловтың сөзіне жазылған «Теңіздің ерке сұлуы» атты әндерін облыстық филармония әншілері Айбар Қайырханов пен Еркін Өтегенов орындап, кештің сәнін аша түсті.
Салтанатты лента қию рәсімімен ашылған көрмеге жиналған жұртшылық Қуандық Мәдірдің шығармашылық әлеміне терең бойлап, оның туындылары арқылы сырлы ойға шомды. Айта кетелік, көрме 30 қыркүйекке дейін жалғасады.

«Талтүс» тек көрме емес, ол біртуар таланттың шығармашылық биігіне деген тағзым, өнерге деген шексіз сүйіспеншіліктің көрінісі. Жерлесіміз Қуандық Насихатұлының еңбегі мен өнерге қосқан үлесі келешек ұрпақ үшін үлгі болары анық.
Рита ЖАЙҒАЛИҚЫЗЫ