Суретшілер байқауы: «Әлем ақшаға сатылмайды»
Кеше, 9 желтоқсан — Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті, облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы, облыстық ғылыми-әдістемелік халық шығармашылығы мен мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығының бастамасымен «Әлем ақшаға сатылмайды» кәсіби жас суретшілер арасында Ш.Сариев атындағы Атырау облыстық көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде республикалық онлайн байқау-көрмесі өтті.
Өткізілген байқау мақсаты – жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырып, осы бағыттағы ойларын майлы бояумен қағазға, кенеп бетіне түсіру.
– Республикалық онлайн байқау көрмесіне Алматы, Маңғыстау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Талдықорған, Астана, Қостанай облыстарынан және Құлсары қаласынан 25 өтінім беріліп, солардың ішінен 19 қатысушының жолдаған туындылары бағаланды, — дейді облыстық халық шығармашылығы орталығының талдау, мониторинг және әдістемелік бөлімінің меңгерушісі Дидар Алтыбайқызы.
Байқау аясында кәсіби жас суретшілер мен оқушылардың туындылары әділқазылар алқасы тарапынан мұқият бағаланды. Қазылар алқасының құрамында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Серікұлы және Ақтөбе облысы Суретшілер Одағының төрағасы, көркемсурет музейінің басшысы Марат Ғабдірахманов, ҚСРО Суретшілер Одағының мүшесі, ҚР суретшілер академиясының академигі, ҚР Суретшілер одағының Батыс Қазақстан облысының филиал төрағасы Қайыр Оразғалиев, сонымен қатар Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейі басшысының орынбасары Махамбет Дауылбаев пен облыстық халық шығармашылығы орталығының талдау, мониторинг және әдістемелік бөлімінің меңгерушісі Дидар Арыстанғалиева болды. Олар әрбір туындыны талдай отырып, авторлардың әлеуметтік мәселелерді жеткізуіндегі шығармашылық тәсілдеріне, туындылардың терең ойы мен идеясына ерекше назар аударды.
Қазылар алқасының шешімімен байқаудың бас жүлдесі Батыс Қазақстан облысына берілсе, І орын Қызылорда облысына бұйырды. Ал ІІ орын Ақтөбе қаласына, ІІІ орын Алматы қаласының суретшілеріне берілді. Ынталандыру бойынша Алматы, Ақтөбе қаласынан келген суретшілер арнайы сыйлықпен марапатталды.
Байқау-көрменің қортындысында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Ерұлан Рамазанұлы және облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов құттықтады.
Тоғжан ЕРМЕК
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ