
«Шексіз шығармашылық» мүмкіндіктер әлемі
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Біз де адамбыз» қоғамдық қоры мен «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен «Шексіз шығармашылық» инклюзивті кеңістігі аясында Атырау қаласында ерекше балалар мен олардың отбасыларына арналған мерекелік іс-шара ұйымдастырды.

Шарада балалар арт-терапиямен айналысып, ойын ойнап, шығармашылық шеберліктерін шыңдады. Бұл бастама мүмкіндігі шектеулі жандардың әлеуметтенуіне және шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған.
-Мен II топ мүгедегімін және бір жыл бұрын «Шексіз шығармашылық» жобасына қосылдым. Алдымен актерлік шеберлік курсына қатысып, бірнеше спектакльде өнер көрсеттім. Сахнаға шығып, көрермен ықыласына бөлендім. Әрине, бұл менің өз өзіме деген сенімділігімді арттырды. Кейін арт-терапия мұғалімі мамандығын оқыдым. Бүгін алғаш рет балалармен сабақ өткіздім. Балалармен жұмыс істеу қатты ұнады – олардың қиялы бай, шынайылығы мен қылықтары тәнті етті. Балалар – өмірдің гүлі мен қуанышы екеніне тағы көз жеткіздім,- деді арт-терапия пәнінің мұғалімі Райгүл Жақсыбаева.

Сондай-ақ, «Талшын» инклюзивті театрының өнерпаздары балаларымен және немерелерімен бірге көрерменге әсерлі өнер көрсетті. Театрландырылған қойылымдар мен би нөмірлері кештің көркін қыздырды.

-Біз әрдайым қоғам үшін инклюзивті іс-шаралар ұйымдастырамыз. Өйткені мүмкіндігі шектеулі адамдар қоғамның толыққанды мүшесі екенін сезінуі керек деп санаймыз. Мұндай шаралар олардың әлеуметтенуіне, қабілеттерін ашуға және өздерін қажет сезінуіне ықпал етеді,-дейді «Біз де адамбыз» қоғамдық қорының жетекшісі Гүлназ Қосмұрзиева.

Айта кетейік, «Шексіз шығармашылық» жобасы қазір Атырау қаласында төрт бағытта (вокал, хореография, актерлік шеберлік, арт-терапия) жұмыс істесе, Құлсары қаласында вокал, хореография және қолөнер бағыттары бойынша үйірмелер белсенді қызмет атқаруда.
Тоғжан ЕРМЕК