ШЕБЕРЛІК ІСТЕ ШЫҢДАЛАДЫ
— Театрдың мақсаты – тек күлдіріп, көңіл көтеру ғана емес, сонымен қатар көрерменіне ой салу. Ол кешенді әрі үлкен ішкі дайындықты талап етеді. Бүгінде М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында 80 әртіс қызмет етеді. Солардың жасы үлкені – мен. Кішісі едім, қазір ақсақалы болып отырмын. Бүгінгі көрермен өзгерді. Талғамы бөлек. Оларды бұрынғымен салыстыруға болмайды. Сондықтан, трактовка, қою манераларында жаңашылдық болуы тиіс. Театр өнерінде заман талабына сай өзектілік болмаса, ол өзінің қоғамға пайдалы ағартушылық мұратын орындай алмайды. Яғни, театр бүгінгі өмірді өзіне сіңіріп, замана көшіне ілесіп жүруі керек, — деген ҚР Халық әртісі Асанәлі Әшімов өткеннен сыр шертіп, әдемі әңгіме өзегін ағытты.
— Қайтсек, көрермен жүрегіне жол табамыз? Қайтсек, көрерменді төңірегімізге жинаймыз? Өнер институтында сабақ бере жүріп, осы мәселеге көңіл бөліп отырамын. Жаңашылдық қажет, ол үшін әртіс еңбектенуі керек, — деді ҚР Халық әртісі Тұңғышбай Әл-Тарази.
Сахна саңлағы Асанәлі Әшімовтың пайымдауынша, көрерменді көзайым етіп, жетегіне ерту әртістік шеберлікке байланысты. «Әр актердің өзінше әдіс-тәсілі болуы тиіс. Тіпті, шәй ішетін кесені қолына алғанда да өзгелерден бөлек, өзіне назар аудартатындай етіп ұстау қажет» деген Тұңғышбай Әл-Тарази қазақ театрларының бүгінде өзіндік жолы, беделі бар екенін айтады.
Әртістердің әңгімесінен драматургия жайы да тыс қалмады. Яғни, «қазақ драматургиясында «әттеген-айлар» да көп. Ойды астарлап жеткізу жоқ. Ал, А.Чеховтың пьесалары екі адамның диалогына құрылса да, астарында айтары бар, мағлұмат мол.
Қазақ жырларындағы Еспембеттің, Қарамендінің де монологтары – нағыз театрдың сөздері. «Айтарымды біліп ал» деп тұр.
Ендеше, актер де осы лектен қалмай, жаңа заман адамдарының сұранысын қанағаттандыруға қызмет етеді. Қазір заман да, адам да өзгерді», — дейді Т.Әл-Тарази.
Ал, облыстық Махамбет атындағы драма театрының ардагер әртісі, белгілі өнер шебері Әдемі Сисекенова жастарды ұлттық дүниелермен сусындату қажеттігін ортаға салды.
Санқилы пікірлер мен оралымды ойларды тоғыстырған әртістер басқосуында театр өнерінің өткені, бүгіні және болашағы турасында әңгімелер айтылып, аға буынның келелі кеңестері де тыңдалды.
Рита ӨТЕУҒАЛИ.
Суреттерді түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.