ШЕБЕР ҚОЛДЫ КЕСКІНДЕМЕШІ
…Менің онымен танысуымның өзі кездейсоқ болды. Университеттің әкімшілік-шаруашылық қызметінің меңгерушісі ретінде ұжымға жаңа келген басшымызға (ректор) «Бейнелеу өнері және дизайн» кафедрасы орналасқан студенттер үйінің төртінші-бесінші қабатын таныстырып жүргенде:
– Ал, қандай айтар бұйымтайларыңыз бар,-деген сәтте салған жерден жұлып алғандай, Қамбарбек ағамыз:
– Айтыңызшы, біздің осы жатақханада еңбек етуіміз дұрыс па? Шығармашылықпен шұғылданатын жандарға тұрғын студенттермен бірге улап-шулап сабақ өткіземіз, осы мәселені қанша басшыларға айттық, «баяғы жартас, сол жартас», ешқашан шешілмей келеді. Жаңа басшы ретінде осыны реттеп берсеңіз еді,- демесі бар ма.
Бойымды оған деген ыза кернеп кетті. Бетіме қараған басшымызға ақталғандай болып:
— Бұлардың сұрамайтындары жоқ, осы жерден артық қолайлы кабинеттер қайдан табылады? Оқу дәрісханалары жетіспей жатыр,-дегенмін. Жаңа басшымыз:
– Сөзді қойыңыз, өнер адамдары қандай да болсын құрметке лайық, оларға қолайлы жағдай туғызу – біздің міндетіміз, жуырда мәселе оң шешімін табады,- деп оларға мені жығып берген сәтте, бәрі дүркірей қол соқты. «Қап, бәлем» деп мен қалдым. Көп ұзамай олар бөлек орынға көшті.
Біразға дейін Қамбарбекке өкпелеп жүргенмін. Бір күні неге екенін қайдам, құдіретті күш мені оның шеберханасынан бір-ақ шығарды. Қолындағы сурет салатын қылқаламын сан түрлі бояуға малып, жауға қарсы атой салған батырдың келбетін сомдауда екен. Жұмысқа берілгені соншалық, қасында тұрған мені біразға дейін сезбеді де. Содан соң, екеуміздің әңгімеміз «Бөкен би» портретіне ауысты. Тарих тұңғиығынан сыр тартып, біраз шер тарқатыстық. Суретші Қамбарбек Хасенұлы Амановпен алғашқы етене таныстығымыз осылай басталды.
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті «Педагогика және өнер» факультетінің «Бейнелеу өнері және дизайн» кафедрасының доценті, Қазақстан Республикасы Мәдениет ісінің үздігі, кескіндемеші Аманов Қамбарбек Хасенұлы 1951 жылы 2 желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысының Семей қаласында дүниеге келген. Үржар селосындағы мектеп қабырғасында жүріп қолына қарындаш ұстап, небір арманға жетелеген образды суреттерді салуды ұнатты. Мектеп бітірген жылы әскер қатарына алынып, алыстағы Германия жерінде азаматтық борышын өтеді. Қызыл бұрыштағы «күн көсем» атанған Лениннің портреттерін салу оған бұйым болмады. Кез келген офицерлер үйінің төрінде Қамбарбек салған «ата» бейнесі ілулі тұрды.
Екі жылды артқа тастап барып ол 1972 жылы Алматы қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы көркемсурет училищесіне оқуға түседі. Оқуының соңғы күндерінде Мәскеу қаласындағы В.И.Суриков атындағы мемлекеттік көркемсурет институтына қабылданады. «Суриковте» оқу кез келген суретшінің қол жетпес арманы болатын. Мәскеуде өткен алты жылда дүниежүзіне атағы мәшһүр болған қылқалам шеберлері Цеплаков пен Артамоновтардан дәріс алып, шеберханаларда тынымсыз еңбек етті.
— Мәскеудегі оқуым Алматы қаласында алған білімімнен күрделірек болып шықты. Берілген тапсырмаларды орындау да қиынға соқты, біраз тер төгуге тура келді. Тіпті шеберханада сан мәрте қонып қалатын сәттерім де кездесті,-деп еске алады ол. – Академик В.Г.Цеплаков аптасына бір рет келіп, ақыл-кеңестерін беріп кетеді. Мен салған портреттерді ұзақ талдап, курстастарыма «үлгі алыңдар» деп мақтан ететін, бірақ мен соған қатты ұялатынмын.
Жоғары білім ордасындағы Қ.Х.Амановтың «Қазақстан тауларында» атты дипломдық жұмысы «өте жақсы» деген бағаға ие болды. Жолдама Гурьев қаласындағы көркемсуретшілер Одағына берілді. Алғаш рет ұшақтан түскенде аспан айналып жерге түскен аптап ыстық лебі бетін өпкен суретші жігіт «бұл уақытша бір-екі жыл болар, сосын Алматыға қайтамын ғой» деген іштей, бірақ онысы қате болыпты. Міне, табан аудармастан отыз бір жыл өзінің туған жеріне айналған Атырау қаласын «менің қалам, менің үйім осында» деумен келеді.
Тынымсыз жұмыс, жаңа ізденістердің нәтижесі де жаман болмады. 1984 жылы КСРО Суретшілер Одағының мүшелігіне қабылданады. 1987 жылы Арменияда өткен Бүкілодақтық кескіндемешілердің басқосуына қатысу мәртебесіне ие болды. 1988, 2006, 2012 және өткен жылы күзде Аманов Қамбарбек Хасенұлы жеке шығармашылық көрмелерін ұйымдастырды. Суретшінің туындыларын өздерінің жанына жалау еткен қалың өнерсүйер көрермендердің есебі болмады.
Жергілікті баспасөз беттерінде журналистер Н.Аухатова «Суретші өзінің жеке көрмесін өткізді» («Атырау», 16.12.2006) және А.Пастухова «Портрет художника в молодые годы» («Ақ Жайық», 22.12.2011) атты мақалалары мен репортаждары жарық көріп, суретшінің шығармашылығы туралы мазмұнды, ойлы, тәрбиелік мәнді қорытындылар жасалды.
Қамбарбек Хасенұлы 1999 жылдан Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің «Бейнелеу өнері және дизайн» кафедрасында доцент болып болашақ жас суретшілерге өмірлік тәжірибесі мен бар білімін жұмсап келеді. Қазіргі кезде ол «Сурет» және «Кескіндеме» пәндерінен дәріс оқиды. Мінезі жайсаң, көп сөйлемейтін, қарапайым, өзі туралы әңгіме қозғаудан қашқақтайтын, одан сыр тарту да қиынның қиыны. Көбіне Қамбарбек туралы деректерді әріптестерінен естіп, мерзімді баспасөз беттерінде жарияланған материалдардан оқуға тура келді. Өткен жылы мамыр айының 12-і күні университеттің «Бейнелеу өнері және сызу» мамандығын кешкі қысқартылған түрінде тәмамдаушы Орта Азия елдеріне аты мәлім, жазушы-композитор және суретші И.Жақановтың диплом қорғау жұмыстарына ғылыми жетекші болып, «Жерұйық» атты триптих композицияның Атырау облыстық Ш.Сариев атындағы көркемөнер мұражайында сәтті қорғалуына мұрындық болды.
Доцент Қ.Х.Аманов ұстаздық қызметпен қатар шығармашылық жұмыстарынан қол үзген емес. Бірнеше халықаралық, республикалық және облыстық байқаулардың жеңімпазы. Өткен жылы мәдениет пен өнер саласындағы жемісті еңбегі үшін «Қазақстан Республикасы Мәдениет ісінің үздігі» атағына ие болды. Ұзақ жылғы еңбегі ескеріліп Қазақстан Көркемсурет академиясының мүше-корреспонденттігіне қабылданды. Қазақстан Республикасы Көркемсурет академиясының академигі атағы беріліп, академия алқасының шешімімен Батыс Қазақстан облыстары бойынша бөлімшесінің атқарушы директоры болып сайланды.
Биылғы жылы ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту туралы бастама көтерген сәтте тарих қойнауында қалған батырлар мен бабаларымыз туралы кескіндемеші Қ.Х.Амановтың бұл бағытта жемісті еңбек етіп жүргені анықтала түсті. Атап айтқанда, оның қылқаламынан төгілген «Шора батыр», «Нәрік батыр», «Қайып пен Ақбөбек», «Құрманғазы Сағырбайұлы», «Бөкен би», «Ботагөз батыр», «Қарабура», «Жанғожа батыр», «Қосай батыр», «Есен би», «Досан батыр» портреттік образдарының шоқтығы биік дүниелер екендігі даусыз. Кескіндемеші Қамбарбек Хасенұлының сезімтал жаны туған халқының рухани күйі мен ішкі жан дүниесін, сезімі мен мінез-құлқын жақсы біледі. Портреттік суретті салу арқылы кейіпкерлерінің еңбекқорлығы, сан қырлы мінезі, бет-бейнесі ашыла түседі. Өнерсүйгіш қалың қауым арасында оның туындылары, Атырау мұнайшыларының алғашқы әулеті Шырдабаевтардың жанұялық, белгілі кәсіпкер Т.Т.Жұмағұловтың және басқа да республикаға белгілі басқа да қайраткерлер мен өнер адамдарының портреттері жоғары бағаға ие болған.
Қамбарбек Хасенұлының бойында тағы бір ерекше қасиет бар екендігін айтпасқа болмайды. Ол – өзге суретшілерде бола бермейтін ауызша айтумен портрет салу. 1985 жылы Гурьев қаласын дүр сілкіндірген белгісіз ер адамның бес жасар баланы айуандықпен өлтірген оқиғасы болады. Бүкіл тәртіп сақшылары аяқтарынан тік тұрып, қылмыскерді іздеуге кіріседі. Соңғы бір көрініс қарт әжейдің көзін жұма ауызша айтқан үй жанында ойнап жүрген сәбидің жанын төңіректеген еркектің бейнесін салып бергенде, жүрек тұсын ұстап Қамбарбекке: «Ұлым, соның дәл өзі, дәл өзі» дей берген… Қылмыскер осылайша ұсталған. Суретші таланты деген осы емес пе?!
ҚР Мәдениет ісінің үздігі, ҚР Көркемсурет академиясының академигі, доцент, кескіндемеші Қамбарбек Хасенұлы Амановтың шығармашылық қызметі облыс, республика өнерінің дамуына ерекше үлес қосып отырғанын мақтан тұтамыз. Ағамыздың отбасы туралы бірер сөз: жолдасы – Қабираш екеуі ұл-қыздарын оқытып, аяғынан тік тұрғыза білді. Үлкен қызы Индира – Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университетінде оқытушы, педагогика ғылымдарының кандидаты, ұлы Жәнібек – шахматтан халықаралық дәрежедегі шебер, Нұрлыбек – қазақ-түрік лицейінде мұғалім, Айбек – ТШО-да жауапты қызметкер.
Қылышбай СҮНДЕТҰЛЫ,
Х.Досмұхамедов атындағы
Атырау мемлекеттік университетінің тарих-филология факультетінің деканы,
тарих ғылымдарының кандидаты.