Жарнама
Мәдениет

«Saz perneli Saraishyq» фестивалі салтанатты жағдайда ашылды

Атырау қаласында қазақтың ұлттық домбыра музыкасын дәріптейтін Түркітілдес халықтардың «Saz perneli Saraishyq» ІІ Халықаралық музыкалық «Dombyra» фестивалінің ашылу салтанаты өтті.

Ұлттық өнерді ұлықтап, түркі халықтары арасындағы мәдени байланысты нығайтуға бағытталған екі күндік бұл шараның алғашқы күні үлкен табыспен аяқталды. Фестивальдің басты мақсаты – ғасырлар бойы сақталып келген қазақтың ұлттық домбыра өнерін кеңінен насихаттап, ұлтаралық келісім мен халықтар арасындағы достықты одан әрі тереңдету.

Фестиваль Атырау облысы әкімдігі мен облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен өтуде. Іс-шара шымылдығын Айгүл Үлкенбаева шәкірттерімен бірге рухты күй орындауымен ашып, көрермендердің жүрегіне ерекше сезім мен шабыт сыйлады. Іс-шараға Өзбекстан, Татарстан, Қарақалпақстан, Қырғызстан республикаларының өнерпаздары қатысып, түркі әлемінің бай мәдениеті мен өнерін ортаға салды. Әрбір қатысушы ұжым өздерінің этно-фольклорлық қойылымдары арқылы ұлттық дәстүрлерін паш етіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Ашылу салтанатында Атырау қаласы әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов сөз сөйлеп, фестивальдің маңыздылығын ерекше атап өтті. Ол домбыраның қазақ халқының мәдени мұрасы ретінде ғасырлар бойы сақталып келгенін, оның ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігі екенін айта келе, бұл іс-шараның халықтар арасындағы достықты нығайтудағы рөліне тоқталды. Н.Ермұханов барлық қатысушыға сәттілік тілеп, фестивальдің жоғары деңгейде өтуіне тілектестігін білдірді.

Фестивальге қатысқан өнер ұжымдары көрермендердің жүрегінен орын тапты. Астана қаласынан келген «Жошы» этно-фольклорлық ансамблі өзінің ұлттық нақыштағы әуендерімен ерекшеленсе, Қарақалпақстанның Нөкіс қаласынан келген «Аму толқыны» ансамблі терең тарихы бар фольклорлық әуендерді орындап, көпшілікті тәнті етті. Сонымен қатар, Қазақстанның «HasSak» ансамблі, Астана қаласынан келген «Қорқыт» этно-фольклорлық ансамблі қазақтың терең музыкалық мәдениетін айқын көрсетті.

Сонымен қатар Айгүл Үлкенбаева «HasSak» ансамблімен қосыла күй орындады. Бұл өнерпаздардың бірлескен шығармашылығы ұлттық музыканың тереңдігін және үйлесімділігін көрсетті.

Шетелден келген қонақтар да өз өнерлерін жоғары деңгейде танытты. Татарстаннан келген «Алпар» Татар этно-тобы татар мәдениетінің көрінісін сахнада көрсетсе, Қырғызстанның «Күү бұлақ» тобы өздерінің ұлттық күйлерімен ерекше әсер қалдырды. Өзбекстаннан келген «Бухорча» ансамблі өзбек халқының бай музыкалық мұрасын сахнаға алып шықты. Атыраудың мақтанышы – «Сармад» этно-фольклорлық ансамблі) фестивальге ерекше ұлттық реңк қосып, атыраулық көрермендерді рухани байытты.

Фестивальдің басты ерекшелігі – домбыраның үні арқылы түркі халықтарының мәдени байланысын одан әрі нығайтуға үлес қосуы болды. Түркітілдес халықтар тарихы мен дәстүрінің алтын көпірі іспеттес домбыра, осы фестивальде ұлттар арасындағы достықтың символына айналды. Әр елдің өнерпаздары ұлттық аспаптары арқылы бір-бірінің мәдениетін жақыннан танып, халықтар арасындағы рухани байланыстарды одан әрі бекемдеді.

Бұл фестиваль тек өнерпаздардың бас қосуымен шектелмей, көрермендерге де рухани азық болды. Түркітілдес елдердің өнерін тамашалауға келген қонақтар әрбір қойылымнан терең әсер алып, өзге елдердің мәдениетімен етене жақындасты. Күмбірлеген домбыраның үні, ұлттық аспаптардың әуені көрермендерді тарих қойнауына саяхат жасатып, түркі халықтарының ортақ рухани қазынасының байлығын сезіндірді.

–«Saz perneli Saraishyq» фестивалі түркі әлемінің өнерін дәріптеу арқылы ұлттық мәдениетімізді әлемге танытатын маңызды шаралардың біріне айналуда. Биыл екінші рет қатарынан көрерменімін. Осындай халықаралық деңгейдегі іс-шаралар ұлттық өнерімізді ұлықтап қана қоймай, оны жас ұрпаққа аманат етіп жеткізуге де үлкен үлес қосады. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған өнерпаздар ұлттық өнеріміздің мәртебесін көтеріп, қазақ мәдениетінің жаһандық деңгейде өркендеуіне жол ашты. Ашық аспан астында өткен концерттен рухани байып,жігерлендірді, — дейді көрермен Айсәуле Қуанышбекқызы.

Жайна МӘЛІМҚОЖА
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button