Саз бен сұлулық “Дала сырында” үндесті
Н.Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясының ұйымдастыруымен халық шығармашылығы орталығында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дирижер Рахат Мадреевтің жетекшілігімен Қ.Ахмедияров атындағы “Нарын” халық аспаптар оркестрінің “Дала сыры” атты концерті өтті.
Қазақстан Композиторлар одағының 85 жылдығына арналған іс-шараның басты мақсаты – дирижерлар мен оркестр ұжымдарының өзара тәжірибе алмасуына, кәсіби біліктіліктерін арттыруға жағдай жасау.
Концертке Д.Нұрпейісова атындағы академиялық оркестрдің бас дирижері Болат Долдашев, Рахиля Құлсариева және өңір аудандарынан келген басқа да дирижерлар қатысты.
Кеш барысында оркестрдің сүйемелдеуімен Сыпыра жырау, Құрманғазы, Ш.Қалдаяқов, Е.Хасанғалиев, К.Күмісбеков, С.Нұрғожаев, М.Өскінбаев, Е.Әбдіхалықова, сондай-ақ, шетелдік композиторлар Мануэль де Фалья, А.Алябьев және С.Фараджевтің таңдаулы туындылары орындалды.
Оркестрдің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері – Мәдениет саласының үздігі Ержан Қитаров, ал дирижер – Мәдениет саласының үздігі Сая Жұмашева болды.
Көрерменге эстетикалық әсер сыйлаған филармония солистері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қуандық Нұғмаров, Мәдениет саласының үздіктері Назым Шаймарданова мен Венера Машқалиева, мәдениет қайраткерлері Ханзада Сақыпова мен Әсел Қалекешова, халықаралық конкурстардың лауреаттары Медет Қарамырза, Әсет Әлиев, Айбар Ғаниұлы, Меруерт Уәли, Жасұлан Базарбаев, Азамат Жұмағалиев, Әнуар Зинеденов, Ержан Мырзахметов өз орындауларымен көрерменнің көңілінен шыға білді.
Бұл мерейтойлық іс-шара Қазақстанның музыкалық мәдениетін дамытуда маңызды қадам болды, әрі композиторлардың шығармаларын дәріптеу арқылы мәдениетіміздің байлығын көрсетудің ерекше мүмкіндігіне айналды.
Тоғжан ЕРМЕК