
Саундтрек әлеміне саяхат
1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай Н.Жантөрин атындағы облыстық филармония ерекше музыкалық бағдарлама ұйымдастырды.
Бүлдіршіндерге арналған саундтрек концертінде көпшілікке танымал мультфильмдер мен кинофильмдердің әуендері орындалды.
«Мәдениет саласының үздігі» Алтын Жұматина жетекшілік ететін «Дарын» ер балалар хоры «Тақиялы періште», «Менің атым Қожа», «Алдар көсе», «Аладдин», «Чебурашка» сынды туындыларды шырқады. Концертке келген әр бала тек көрермен емес, мерекелік бағдарламаның бір бөлігіне айналды. Олар экрандағы кейіпкерлермен бірге ән айтып, би билеп, шын мәнінде ертегі әлеміне енді. Ал ересектер үшін бұл концерт – балалық шаққа жасалған шағын саяхат болды.
Концертте «Дарын» хорымен қатар «Алтын Жұматина» өнер мектебінің «Самұрық» хоры, «Ақсұңқар» дәстүрлі әншілер ансамблі және филармония концертмейстері Елена Войтова өнер көрсетті.