Сағындырған саңлақ
Жуырда №2 қалалық кітапхана мен №6 қалалық балалар кітапханасының ұжымы бірлесіп, әнші, сазгер Ғарифолла Құрманғалиевтің 115 жылдығына арналған «Сағындырған саңлақ» атты дәстүрлі ән сағатын ұйымдастырды.
Мұндағы мақсат – айрықша дауысының арқасында даңққа бөленген ғажайып өнер иесі, Мұхит әндерінің сынын, бояуын бұзбай жеткізуші талант Ғарифолла Құрманғалиевтің өмірін таныстыру және оны дәріптеу.
Іс-шара барысында алдымен Ғ.Құрманғалиевтің өмір жолына арналған деректі фильм ұсынылды. Дәстүрлі ән сағатына Ғ.Құрманғалиевтің шәкірті, дәстүрлі ән өнерінің өкілі Гүлмайдан Сүндетқызы, Мәкәлім Қойшыбаев атындағы саз мектебінің мұғалімі Аяжан Еркінғалиева, колледж кітапханашысы Рашида Гумарова, саз мектебінің оқушылары мен көпсалалы Болашақ колледжінің студенттері қатысты.
Әнші, сазгер Гүлмайдан Сүндетқызы ұстазы Ғ.Құрманғалиев әндерінің шығу тарихына тоқталып, әншінің «Сүйген жар», «Нұржамал», «Жан еркем», «Айнамкөз», «Ақ кербез» әндерін орындады. Ұстазының әндерімен қатар, өзінің шығарған «Менің елім», «Ауылыңа бір келгенде» т.б. әндерін шырқады.
Сонымен қатар, Мәкәлім Қойшыбаев атындағы саз мектебінің дәстүрлі ән сыныбының оқытушысы Аяжан Дарынқызы Ғ.Құрманғалиевтің «Сүйген жар», «Қаламқас» әндерін, саз мектебінің оқушылары Зере Ахмет «Әнші даусы», Ұлпан Жақан «Сәлем» әндерін нақышына келтіріп орындады.