Жарнама
Мәдениет

ҚҰРМАНҒАЗЫНЫҢ КҮЙ-ҚҰДІРЕТІ

Жуырда Құрманғазы Сағырбайұлының 190 жылдығына арналған күй фестивалінен кейін Хамит Ерғалиевтан естіген, көп адам біле бермейтін деректі «Атырау» газеті арқылы халық назарына ұсынғым келді. 
Менің мамандығым – педагог. Облыстық оқу бөлімінде аға инспектор болып жұмыс жасап жүргенде кезекті қайта даярлау курсына қатысу үшін Алматы қаласына келгенмін. Менің Өтепберген Хамзин есімді інім Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінде концертмейстер болатын.
Бірде інім филармония залында өтетін концертке билет алып келді. Концерт бағдарламасында ақын Хамит Ерғалиев оркестрдің сүйемелдеуімен өзінің Құрманғазы поэмасын оқуға сахнаға көтерілді де, қарлығыңқы қоңыр даусымен Құрманғазы туралы естелігін айтты.
«Сонау Кеңес заманында қазақстандық өнер адамдарынан құрылған топ Америка Құрама Штаттарына сапар шекті. Американың бірнеше қаласында болып, өз өнерлерін көрсетіп, тәжірибе алмасқан еді. Сапар соңында үлкен басқосу ұйымдастырылыпты. Сол басқосуда әр делегация өткізілген шаралар туралы пікірлер айтып, өздерінің шағын сыйлықтарын ұсыныпты. Қазақстан делегациясының басшысы осы мақсат үшін арнайы апарылған күйтабаққа жазылған Құрманғазы күйлерінің жинағын табыстапты. Осы басқосуға төрағалық жасап отырған аса беделді музыка маманы: «Бұл қандай шығармалар? Тыңдап көрейік» деп ұсыныс жасаған екен. Ең бірінші ойналған Құрманғазының «Кішкентай» күйі болатын. Делегация төрағасы қол көтеріп, өзара әңгімелесіп тұрғандардан тынышталуды талап етіп, өзі әуенге беріліп, бір қызарып, бір бозарып, ерекше сезімге түсіп, ғажап күйге беріліпті. Күй ойналып болғаннан кейін де біраз үнсіз отырып, тағы да бір күйді жіберуді өтінген екен. Бұл сәтте «Адай» күйі ойналды. Тыңдап отырған төраға көзі шарасынан шығардай қолын сермелеп жібергенін өзі де байқамай, алапат сезімнің жетегінде отырған.
Күй ойналып болғаннан кейін қазақстандық делегация басшысынан осы шығармалардың авторының адресін беруді сұраған екен. Аңтарылып қалған топ жетекшісі шарасыздық танытып, аудармашы арқылы бұл өтінішті орындай алмайтынын жеткізіпті. «Неге маған бұл адамның адресін бергіңіз келмейді? Мен бұл ғажап композиторға хат жазуым керек», — деп тынышы кеткен төрағаға топ жетекшісі: «Кешіріңіз, бұл адам қазір өмірде жоқ. Ол – бұдан бір ғасыр бұрын өмір сүрген композитор» — деп, сасқалақтап жауап берген.
— Аһ, мен бұл адамды өзінің өмір сүрген ортасынан бір ғасыр озық жүрген жан екен деп ойлап едім. О, ғажап, ол өз ортасынан екі ғасыр озған екен ғой! – деп қатты толқып, мұңайып, үнсіз отырып қалыпты».
Осылай Хамаң шетелдік көрнекті музыка мамандарының біздің Құрманғазыға берер бағасы осындай екенін айтып, кіріспе сөзін аяқтаған болатын.

Алдамберген ХАМЗИН,
«Құрмет белгісі» орденінің иегері,
зейнеткер ұстаз,
Атырау қаласы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button