Құрманғазыда жаңа мәдениет үйі пайдалануға беріледі

screenshot 6 Мәдениет

Аудан әкімі Марат Мурзиевтің кезекті округ тұрғындарымен кездесуі Жаңаталап ауылында жалғасты, – деп хабарлайды Құрманғазы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Алдымен аудан басшысы осы ауылда құрылысы аяқталып, жуық арада пайдалануға берілгелі тұрған 300 орындық мәдениет үйінің жұмысымен танысты.

Еске сала кетсек, құрылысы өткен жылы басталған мәдениет ошағы жақын арада толықтай жабдықталып, халық игілігіне тапсырылғалы отыр.

Есептік кездесуде округ әкімі Сұңғат Бралиев тұрғындардың сауалын тыңдар алдында округтің өткен жылғы әлеуметтік даму көрсеткіштері мен жыл көлемінде қол жеткізген жетістіктеріне тоқталды.

Қазіргі таңда қарамағына 4 елді мекен кіретін ауылдық округте 3414 тұрғын мекендеуде. Негізгі кәсібі егін егу, мал шаруашылығы болып табылатын бұл ауылда 81 шаруа қожалығы мен 36 жеке кәсіпкер бар.

– Өткен жылғы кездесулердегі ұсыныстарға тоқталып өтсем, Жаңаталап ауылдық округіне қарасты ауылішілік жол құрылысының жұмысы биыл жалғасады деп күтілуде. Сонымен қатар, Кеңшағыл көшесіндегі орналасқан электр бағаналарының кейбірін ауыстыру мәселесі бойынша «Атырау-Жарық» мекемесі арқылы жұмыстары жүргізіліп, бетон тіреуіштерін орнатып берді. Мектеп тұсынан жаяу көпір салуға ықпал жасау ұсынысы бойынша, жоба ауданымыздың кешенді даму жоспарына енгізілгенін хабарлаймын. Сондай-ақ, «Сельнай» көпіріне шаруа қожалықтары мен тұрғындардың ұйымшылдығы арқасында, Атырау-Астрахань автожол бойындағы ескі көпірлерді бұзумен айналысып жатқан мекеменің көмегімен бетон тастамалар төселді. Бүгінгі күні екі жақ қоршауы жасалуда, – деген округ әкімі кезекті ауыл тұрғындарының ұсыныс-сауалдарына берді.

Есеп беру кездесуінде тұрғындар тарапынан ауыл тұрмысын жақсартуға қажетті деген ең маңызды мәселелер, өздерін толғандырып жүрген сұрақтар мен сауалдарын ортаға салынды. Атап айтсақ, көпір мәселесі, жол қатынасы, азық-түлік бағасының өсуі, жайылымдық жер тапшылығы, жергілікті полиция инспекторының жұмысы.

Тұрғындарды толғандырған сауалдарға округ әкімі мен тиісті бөлім басшылары жауап берді.

Өз кезегінде сөз алған ауыл ақсақалы, тыл еңбеккері Абдолла Күзембаев аудан басшысы Марат Бисенғалиұлына талай дарынды түлеткен ауылда мәдениет ошағының салынып біткеніне ауылдастар атынан ризашылығын білдіріп, халық артқан сенімді ақтау жолындағы еңбегін жоғары бағалайтындығын жеткізді.

Кездесуде аудан басшысы қойылған сұрақтарға жауап беріп, тұрғындар көтерген мәселелердің орындалуы, мемлекеттік, өңірлік бағдарламалардың сапалы, уақытылы жүзеге асырылуы қатаң бақылауда болатынын, шешімін таппаған мәселелер бюджетке байланысты кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді.

Сонымен қоса, аудан әкімі аудан бойынша елді мекендерді дамыту аясында ауқымды жобалар жүзеге асатынын да айтып өтті. Оның ішінде жергілікті жастардың спортпен шұғылданып, жан-жақты жетілуіне қолайлы жағдай жасау мақсатында елді мекендерге заманауи спорт алаңдары салынатынын қаперге берді.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз