
Қазақ өнері Жапония жұртшылығын тамсандырды
Күншығыс елінің жүрегі – Осака қаласында өтіп жатқан EXPO 2025 көрмесі аясында Қазақстан күні жоғары деңгейде аталып өтті. Бұл шара шетелдік көрермендерге қазақ халқының бай мәдениетін, өнерін және дәстүрін кеңінен таныстыруға бағытталды.

Атырау облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қазақстан күнінің шымылдығы 100-ге жуық отандық өнерпаздың қатысуымен өткен салтанатты шерумен ашылды. Көпшілік назарына ұсынылған бұл керуен – ұлттық рух пен заманауи келбетті ұштастырған мәдени көріністермен ерекшеленіп, қонақтарды тәнті етті.

Шараның шарықтау шегі – қазақ музыка өнерінің жауһарларын паш еткен концерттік бағдарлама болды. Дина Нұрпейісова атындағы Академиялық қазақ халық аспаптар оркестрі мен «Sarmad» этно-фольклорлық ансамблі сахна төріне шығып, ұлттық саз өнерін әлемге танытты. Қобыз бен домбыраның қоңыр үні, күй мен терменің терең мазмұны жиналған көрерменнің зор қошеметіне бөленді.
EXPO 2025 көрмесіндегі бұл айтулы күн – Қазақстанның мәдени дипломатиядағы әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді. Ұлттық павильон аясында ұйымдастырылған шаралар отандық өнерпаздарға халықаралық сахнада жарқырай көрінуге мүмкіндік берді.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА