
Домбыра – ұлттың үні, ұрпақтың үміті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық домбыра күніне орай жариялаған құттықтауы – ел руханиятына деген терең құрметтің, ұлттық өнерге деген шынайы жанашырлықтың айғағы.
Қазақ үшін домбыра – жай ғана музыкалық аспап емес, ол – тарих, шежіре, рух. Домбыраның қос ішегінен төгілген күй мен әуен халқымыздың қуанышы мен қайғысын, арман-аңсарын жеткізген. Президентіміздің «Домбыра – ұлт болмысы, халық қазынасы» деген жүрекжарды сөзі әрбір азаматты толғандырмай қоймайды.
Бүгінгі таңда жастардың домбыраға бет бұрып, дәстүрлі өнерге ерекше ықыласпен қарай бастауы – қуантарлық үрдіс. Бұл – рухани жаңғырудың нақты көрінісі. Ұлтты ұлт етіп сақтайтын – тілі, ділі, мәдениеті мен музыкасы. Осы жолда дәстүрлі өнердің жанашырларын марапаттау – мемлекет тарапынан жасалып жатқан үлкен қолдау.
Қайрат Байбосыновқа «Қазақстанның Еңбек Ері», Айгүл Үлкенбаева мен Айгүл Қосановаға «Қазақстанның халық әртісі» атағының берілуі – халқымыздың өнер тұлғаларына деген құрметінің биік үлгісі. Бұл – жас буынға да үлкен жауапкершілік пен шабыт сыйлайтын қуанышты жаңалық.
Ұлттық домбыра күні – ұлт рухын асқақтататын, тарих пен өнерге тағзым ететін ерекше күн. Осы мерекенің мәні терең, мазмұны кең. Ендеше, қара домбыраның үні әр үйде, әр жүректе жаңғыра берсін!
Роза ҚОЖАМБЕРГЕНОВА,
Алтын алқалы ана