
Орталық Азия: татулық пен мәдениетаралық диалогтың жаңа көкжиегі
Елордада конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығының бастамасымен «Орталық Азия елдерінің XXI ғасырдағы мәдениеттерінің тату көршілігі» атты халықаралық онлайн-конференция өтті. ZOOM платформасы арқылы ұйымдастырылған бұл маңызды жиын аймақтағы рухани тұтастық пен мәдениетаралық байланысты жаңа деңгейге көтеруді мақсат етті.
Қазіргі таңда жаһандық цифрландыру, көші-қон үдерісі және әлеуметтік өзгерістер аясында Орталық Азия елдерінің өзара түсіністік пен сыйластыққа негізделген мәдени ықпалдастығын нығайту – күн тәртібіндегі ең өзекті мәселелердің бірі. Ұлы Жібек жолынан бастау алатын бұл өңірдің рухани байлығы мен дінаралық тәжірибесі бүгінде халықаралық қауымдастық үшін үлгі боларлық құбылысқа айналуда.
Конференцияны Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Марат Қалижанов ашып, жиынға қатысушыларға алғысын білдіріп, бүгінгі таңда тату көршіліктің жаңа мазмұнға ие болып отырғанына тоқталды. Оның айтуынша, мәдени әртүрлілік – өңірлік тұрақтылықтың және бейбіт дамудың кепілі.
Сондай-ақ ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ермек Мұқатай ислам дініндегі көршіге құрмет көрсету дәстүрінің маңызын айта келе, көршімен татулықта өмір сүру – адамгершіліктің биік үлгісі екенін жеткізді.
–Ислам өркениетінің гүлденуінде Орталық Азияның орны айрықша. Алайда қазіргі уақытта рухани байланыстардың әлсіреуі байқалады. Сондықтан мәдени және діни бауырластықты қайта жаңғыртуымыз қажет, — деді ол.
Түркістан – өркениеттер көпірі
Түркиялық сарапшы, Еуразия ғылыми-зерттеу институтының директоры Суат Бейлур өз баяндамасында Түркістанды мәдениеттерді тоғыстырған алтын көпірге теңеді.
–Жібек жолы бойындағы бұл өңір – тек экономикалық емес, рухани интеграцияның да ордасы болған. Бүгінде осы тарихи рөлді қайта жандандыру – баршамызға ортақ міндет, — деп атап өтті.
Өзбекстандық сарапшы, Орталық Азия халықаралық зерттеу институтының өкілі Икрам Алишер ата-бабаларымыздан мирас болған мәдени мұраның үш қырын – материалдық, рухани және жазба түрін айқындап берді. Қарақұм мен Ферғана-Сырдария дәліздері материалдық мұраға, ал түркі әлемін біріктірген Наурыз мейрамы рухани байлықтың айғағы ретінде аталды.
IRCICA кеңесшісі, отандық ғалым Әшірбек Муминов заманауи технологиялардың мәдени мұраны дәріптеу ісіндегі рөлін тілге тиек ете отырып, «бұл бағытта сарапшы реставраторлар мен мамандардың жетіспеушілігі байқалады» деді. Оның пайымынша, бауырлас елдер арасында арнайы форумдар мен семинарлар өткізу аса қажетті шара.
Жастар – ұрпақ сабақтастығының кепілі
Өзбекстанның Қазақстандағы Елшілігінің атташесі Фарход Махмуджанов мәдениетаралық диалог – өңірдегі тұрақтылық пен бейбіт өмірдің басты тірегі екенін атап өтті. Жастарды ұлттық мұрамен таныстыру, сандық технологиялар арқылы қызығушылықтарын арттыру ұрпақтар сабақтастығын сақтаудың тиімді жолы деп санайды.
Митрополиттік округтің иеромонахы Дмитрий (Байдек) алдағы қыркүйекте Астанада өтетін VIII Дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін асыға күтетінін айтып, «Съезд – түрлі діндер мен мәдениеттер өкілдерінің бейбітшілік пен келісімге қол жеткізу жолындағы бірегей диалог алаңы» екенін жеткізді.
Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстаннан қатысқан 31 сарапшы өзара пікір алмасып, мәдениетаралық және дінаралық ынтымақтастықты арттыруға бағытталған нақты ұсыныстарын ортаға салды. Сонымен қатар, гуманитарлық салада кәсіби әрі академиялық алмасуды жандандыру мақсатында сарапшылар желісін құру ұсынылды.
Майра ЕРҒАЛИ