Жарнама
Мәдениет

Орманшылар туралы алғашқы қазақстандық фильмнің түсірілімі аяқталды

Абай облысында «38» көркем фильмінің түсірілім жұмыстары сәтті аяқталды. Жоба Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық кино орталығының қолдауымен жүзеге асырылды. Картина өткен жылғы питчинг жеңімпазы атанған болатын.

Аталған министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, «38» – қазақ кинематографиясы тарихында орманшылар тақырыбына арналған алғашқы толықметражды фильм. Туындыда табиғатқа жауапкершілікпен қарау, орман шаруашылығында қызмет ететін мамандардың еңбегі мен қоршаған ортаны қорғау мәселелері кеңінен қозғалады.

Фильмнің түсірілім процесі Абай облысының табиғаты көркем аймақтарында өтті. Қоюшы режиссер Төребек Бейсебаевтың айтуынша, орман өртін сөндіру техникасымен жұмыс істеу түсірілім барысында ең күрделі сәттердің бірі болған.

«Фильм тек көркем дүние ғана емес, сонымен қатар қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған маңызды жобалардың бірі. Біз көрерменге орманшылардың ауыр да жауапты қызметін көрсетуге тырыстық», – деді режиссер.

Сценарий авторлары – Нұржігіт Хайдаров пен Мақсат Жұмаханов, қоюшы оператор – Асылхан Медәлбеков, қоюшы суретші – Олжас Әлменов, продюсер – Нұржігіт Хайдаров.

Фильмде Алмат Сақатов, Асан Мәжит, Алтынай Нөгербек сынды отандық танымал актерлер ойнайды.

Қоғамға экологиялық сананы дәріптеуді көздейтін «38» фильмі отандық кино репертуарынан елеулі орын алуға үмітті. Фильмнің премьерасы алдағы уақытта жарияланады деп күтілуде.

Өз тілшіміз

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button