Жарнама
Мәдениет

ӨНЕР – ЕЛДІҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ МӘРТЕБЕСІНІҢ ӨЛШЕМІ

 

Елбасымыз баса айтқандай, дүние жүзі Қазақстан мен оның бірегей ерекше тарихын мұражай арқылы танып біледі. Шын мәнінде, мұражайлар еліміздің мәдени жүрегі болып табылады.

Атырау облыстық Шаймардан Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы сәндік өнер мұражай ата-баба мұрасын бағалай білетін, Отанымыздың тарихы мен мәдениеті туралы түсінігі бар азаматтарды тәрбиелеуде маңызды орын алады.

Сондықтан да, қорымыздағы кұнды жәдігерлер барын қоғамның білуі біз үшін маңызды. Осы мақсатта биылғы жылы сегіз рет тақырыптық көрмелер өткізіліп, экспозицияларымыз жаңартылды. Мұражайдағы көркемсурет студиясының қызметі мен билет бағалары қымбатсымай, бұрынғы қалпында қалғанына баса назар аударғым келеді.

Сонымен қатар, біздің мұражай барлық облыстық, республикалық мәдени маңызы бар шараларға белсенді қатысуда. Мысалы, Ұлттық мұражайдың «Ғасырлар қойнауынан сыр шерткен Қазақстан» жобасына қатысып, астаналықтар мен қала қонақтарын өлкеміздің әр алуан өрнектерімен таныстырды.

Біз эстафетаны Павлодар өңірінен қабылдадық. Жоба шарты бойынша шақырылған әр облысқа өздерінің мұражайлары мен галереяларындағы қалаған жәдігерлерін көрсетуге екі ай уақыт мерзім берілді.

Көрменің ашылуына келген Ұлттық мұражай директоры Дархан Мыңбай: «Атырау облысының бүгінгі көрмесі астаналықтар мен қала қонақтарының үлкен қызығушылығын оятты. Алтын Орданың астанасы болған әйгілі Сарайшықтың Атырауда орналасқаны барлығыңызға мәлім. Бұл өлкенің ежелгі туындылары, сондай-ақ, әр тасы да тарихтан сыр шертеді. Еліміздің тарихы мен мәдениетін танып білуімізге мұндай көрмелердің тигізер септігі мол», — деп өз ойымен бөлісті.

Көрмедегі жәдігерлер арасында көзге ерекше түскен суретші С.Кәрібайдың 1996 жылы салынған «Атырау қаласының көрінісі» туындысы. Бұл дүние туралы елордалық газеттердің біріне жарияланған Е.Лумповтың «Абстракционистік суреттегі қала» атты мақаласында: «Автор бұл туындысы арқылы өз өлкесін көркем және мейлінше толық жеткізе білген. Атырау – мұнайлы астана. Оның сұлулығын, байлығын сурет тілімен жеткізе білу үлкен шеберлікті талап етеді. Теңіздің байлығы, мұнайы – біздің еліміздің мақтанышы. Осы табиғат сыйлаған құндылықтарымызды бағалай біліп, болашаққа жеткізу керек екендігін суреттің ортасындағы адамның көзі арқылы бейнелейді. Жалпы бұл туынды авангардтық стильде орындалған. Құстың қанаттары қызыл балықтардың құйрықтарымен бірлесе көрсетіліп, тіршіліктің бір-бірімен тығыз байланыстылығын байқатады. Ашық бояулар колориті суретке ерекше бір жан бітіреді», — делінген.

Сондай-ақ, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған Индер өңірінің тарихи орындары мен табиғат көріністерін суреттеген «Дендер нақыштары» атты облыстық суретшілердің плэнер-көрмесі өтті. Аталған көрмеге он сегіз қылқалам шеберінің жүзге жуық жұмысы қойылды.

Шілде айында Оңтүстік Қазақстан облысында өткен Атырау облысының мәдениет күндеріне қолөнершілеріміз апарған дүниелері көрермен көзайымына айналды. Сонымен қатар, Астана қаласында өткен Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты шараға облысымыздан үлкен делегация қатысты. Атыраулықтардың мәдени бағдарламасы астаналықтар мен қала қонақтарын ерекше қуантты. Жұртшылық әрбір этноауылда орналасқан киіз үйлерден жергілікті қолөнершілердің шеберлік сыныбын тамашалауға мүмкіндік алды.

Қарттар күніне орай оларды қуанту мақсатында облыстық қарттар үйінде жылжымалы көрме өткізу дәстүрі биыл да жалғасын тапты. Сонымен қатар, өнер мұражайы Қазақстан халқы Ассамблеясының  20 жылдығын да атап өтті. Казақстан Республикасының ұлттық бірлестігін нығайту және насихаттау, жастарға қолдау көрсету және дарынды талант иелерін табу, этноаралық мәдени құндылықтарды сақтау және қалыптастыру мақсатында жоғары және арнайы орта білім беретін оқу орындары студенттерінің арасында «Халықтар достығы» атты облыстық байқау-көрме өткізді.

Мұражай Елбасы белгілеген «100 нақты қадам» бағдарламасына үлес қоса отырып, өнер арқылы Қазақстанның халықаралық имиджін нығайтады. Біз бұл стратегияны көрмелер ұйымдастыру, конференция мен басқа жобаларды өткізу арқылы жүзеге асырамыз. Мәселен, ағымдағы жылдың 15 қараша мен 25 желтоқсан айы аралығында Біріккен Араб Әмірлігінде «Қолөнершілер фестивалі» өткізілуі жоспарлануда. Аталған шараға облысымыздан үш қолөнерші қатысады. Олар – Қалиев Нұрсұлтан, Жапалова Камила мен Телеубай Бақтыгерей.

Алдағы уақытта Алматы қаласындағы Ә.Қастеев атындағы өнер мұражайында ұйымдастырылатын «Ақжайық жағалауы сыр шертеді» атты экспозиция көрермен үшін ерекше танымды және қызықты болады деп сенеміз.

Келер 2016 жылға да Шаймардан Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы сәндік өнер мұражайы көптеген мәдени шараларды ұйымдастыруды жоспарлауда. Атап айтсақ, мамыр айында неміс фотосуретшісі Дитер Зейтцтің жеке фотокөрмесін өткізу жоспарда бар. Ол өзінің жұмыстарында қазіргі қоғамдағы өзгерістерді зерттеумен айналысып жүр. Аталған шара Қазақстанда өткізілгелі отырған «ЭКСПО-2017» көрмесі қарсаңында халықаралық мәдени байланысты нығайтады деген сенімдеміз.

Осы және басқа да жобалар біздің мәдениет пен өнерді жақсы тануға және Қазақстанның әлемдік мұражайлармен ынтымақтастығын арттыруға септігін тигізері анық.

Жайдарбек ЗАЙДУЛЛИН,

облыстық көркемсурет және қолданбалы сәндік өнер мұражайының басшысы.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button