ОН САУСАҒЫНАН ӨНЕР ТӨККЕНДЕР

Облыстық халық шығармашылығы орталығы «Халық өнері – асыл қазына» атты облыс көлеміндегі қолөнер шеберлерінің басын қосып, түрлі аталымдар бойынша байқау ұйымдастырды.

Байқау қатынасушыларының жасына шектеу қойылмаған. Сол себепті жас та, жасамыс та осы жерден табылып, өз өнерін паш етті. Махамбет ауданынан келген Райхан Қабдыкаримованың жасы 66-да. Дәстүрлі текемет теру мен сырмақтың дайындалу әдісін көрсеткен шебер өмірлік мол тәжірибесімен бөлісті. «Бір кездері осы өнерім біздің отбасын толықтай асырады, жеке кәсібімді аштым. Алайда, қазір барлығын сатып алуға болатын заман жеткен шақта, мал шаруашылығына ден қойдым. Бұл қазір қолым қалт еткендегі ермегім болып қалды.

 

– Мен қолыма сегіз келін түсіріп отырған үлкен анамын. Жасап қойсаң, қай-қай өнімге де сұраныс болады ғой. Алайда, қазір тек өз қажеттіліктерімізді өтеу үшін ғана жасаймыз. Бүгінгі байқауға үлкен ұлымның үйіндегі келінімді «үйренсін, тәжірибе алмассын» деген ниетпен бірге алып келіп отырмын» дейді ол. Өз кезегінде келіні Алтын да сәукеле тігіп, оны безендіруімен қазылар алқасының назарына ілігіп, жүлделі орын иеленді.

Көрермен ретіндегі көзімізге түскен тағы бір топтама Исатай ауданынан келген жас өнерпаз Жанна Мәлімқожаның мал сүйектерінен жасаған өнімдері болды. Аса бір талғампаздықпен дайындалған дүниелердің қай-қайсысы да шебердің қиялы мен ой еркіндігін айқын аңғартады. Сондай-ақ, қазақы дәстүр, салттармен астасқан кәдесыйлар да Жаннаның қолынан шыққан. Бүгінгі байқауға ол «Егеменді еліміздің ертеңі» атты туындыны тарту етті.

Ең жас қатынасушы – Махамбет ауданынан келген 13 жастағы Нұрай Өмірова. Анасынан үйренген киіз басу дәстүріне жетік екендігін байқатқан қаршадай қыз әділқазылар алқасының көз алдында киіз басып, оны шиге салып, шеберлігін аңғартты.  

Жанар мен Ажар Әбуовалар – бір үйдің егіз қыздары. Анасынан үйренген тоқымашылық, тігу өнерлерін заманауи үрдіске сай, баспа тігу, гобелен тоқу сынды тәсілдерімен дамыта білген өнерпаздар қазіргі таңда екі үйдің отанасы, келіні. Екі аудан бойынша сайысқа түсіп отырған олар да тоқымашылық өнердің мүмкіндігі мол екендігін аңғартып, көздің жауын алар бірнеше өнімдерін назарға ұсынды.

Индерлік суретші Қанат Айдархановтың мүйізден жасалған балықтары да бірден көзге түседі. Бүгінгі байқауда қайыстан қамшы дайындаған шебер: «Бұл дойыр қамшы деп аталады. Қазіргі жастарға оның қолдану тәсілін қоса түсіндірмесе, олар үшін бұның барлығы құр сувенир болып барады» деген қынжылысын да білдірді. Құлсарыдан келген Қуаныш Шалабаев торсық тігіп, оның дайындау әдісімен қоса, тарихынан да біраз сыр шертті. Липа ағашынан жонып, бетіне ою эскизін салған Нұрсейіт Жәнібектің қобдишасы, Бақытжан Жалғасовтың ағаштан жасаған сувенирі, Райхан Дауытбаеваның ши мен жіптен жасалған терезе жапқыштары да назардан тыс қалмады. Ағаштан жасалған бесік, сандық, асхана бұйымдары да өз бағаларын алды. Құрманғазылық Талғат Жұмалиев «демеуші болса, әкемнен үйренген өнерімді өзгелерге де үйретсем деген ойым бар» дей келе, ағаш бетіне өрнек салу ісінің технологиясын кеңінен түсіндіріп берді.  

Осы орайда, шараға мұрындық болған орталық басшысының орынбасары Абат Кенжеғалиевке «Сайыс бітеді. Жеңімпаздар марапатталады. Ал, осынау өнердің одан ары қарай қанат жайып, бұл шеберлердің өз қабілеттерін өзгелерге де үйретуіне қандайма бір мүмкіндік жасала ма?» деген сауал жолдадық. «Бұл сайыс облыс орталығында ұйымдастырылмас бұрын, әр ауданда жеке-жеке өткізілді. Сол байқауда жеңгендер бізге келіп, бақ сынауда. Ауыл-село клубтары мен мәдениет үйлері жанынан бұл бағыттағы арнайы үйірмелер ашылуда. Оның ары қарай мүмкіндіктерін молайту – келер күннің еншісіндегі жоспарлы іс» деп атап өтті.      

Сонымен, сайыс ережесіне сай, бір жарым сағат уақыт аралығында өз өнерлерін көрсеткен 22 шебердің еңбегін бағалаған әділқазылар тобы жүлдегерлерді марапаттады. Қазылар алқасының төрайымы, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, ҚР көркем академиясының академигі, ҚР мәдениет қайраткері Гүлмаржан Махамбет бүгінгідей кештің тәрбиелік мәні зор екендігін баса айтты. Байқаудың негізгі шарты бойынша өнерпаздар төрт номинация бойынша сынға түсуі тиіс болатын. Алайда, кейбір аталымдар бойынша қатынасушының аз болуы себепті жалпы өнерпаздардың ішінен көзге түскендері ерекше дипломмен марапатталды. Олар: Жылыой ауданынан Қуаныш Шалабаев, Махамбет ауданынан Нұрай Өмірова және Атырау қаласынан Райхан Дауытбаева болды. Ал, ағаш, сүйек, металл номинациясында үшінші орын индерлік Қанат Айдархановқа,  екінші орын құрманғазылық Талғат Жұмалиевке, бірінші орын Исатай ауданынан келген Жанна Мәлімқожаға бұйырды. Тоқыма, кесте, шілтер аталымында үшінші орынға лайық деп махамбеттік Алтын Қабдыкаримнің «Сәукелесі», екінші орынға Жанна Әбуованың «Қима», «Шашбау» тоқымалары, бірінші орынға құрманғазылық Надя Жамелованың «Терме алашасы» лайық деп танылды. Сайысқа қатынасқан барлық өнерпаздар арнайы дипломмен марапатталып, ақшалай сыйлыққа ие болды. 

Гүлжан ӘМІРОВА.

Суреттерді түсірген

Ерлан Алтыбаев.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз