Жарнама
Мәдениет

НАУРЫЗКӨК

«Бұл кемпірді неге іздеп келдің?»­ деді сосын маған бұрылып.

Шынымды айтсам, менің іздегенім күйлері өзіміздің радиодан екі күннің бірінде беріліп жатқан, аты Бақыт Қарабалиналармен қатар аталатын, атағы да солардан кем емес әйгілі Зәмзәм Есжанова болатын. Көріп тұрғаным –­ бес-алты ешкісі бір жағында, өзі екінші жағында тұратын жапырайған үйі бар, сөзінің бірі түсінікті болса, екіншісі айдалаға қарап тұрған, ауылдың кішкентай балалары айналасынан шықпайтын, бірақ «кеңседе туғандар» (бұл апайдың тілінде кеңседе жұмыс істейтін шенеуніктер екен) айналып өтетін шүйкедей қара кемпір еді. Балалар тыңқылдатып домбыра үйренген болып, апайдың берген қант-кәмпитіне тойып алып тарап кетті.

Мен ойлағандай әңгіме болмайтынын түсінгем. Бірақ, арнайы келген соң біраз айналдым. «Сен іздеген Зәмзәм қазір жоқ» деп бір қойды. Менен басқа да іздеушілер болатынын байқадым. «Дегенмен, бір күй тартып берейін». Төрінде ілулі тұрған домбырасын алып баяулау екпінмен бір күйді тартып шықты. «Қартайғасын топсасы босаған ғой, көшелі күйлерге қолым жарамайды. Кәрілікке өкпелеуге бола ма екен? Таныдың ба жаңағы күйді?»

– «Комсомол» ғой…

«Оның жарады» дегендей басын изеп қойды. Алланың абырой бергеніне шүкір. Сейілхан Құсайыновтың «Комсомол» күйі жаңадан шығып, ертелі-кеш орындалып жатқан кезі болатын.

«Әлгі балаларды неге наурызкөк дедіңіз, апа?» «Е, наурыздың қары кетісімен шығатын наурызкөкті білмейсің бе?» Ә-ә, деп қойғаным болмаса, түсінгенім шамалы. Жалпы бұл кісімен әлдебір тілмаш арқылы сөйлесу керек пе деп қалдым. «Апай бұрынғыдай емес, ауырады» деп жақауратқандар болған. Бірақ, ауруға ұқсамайды-ау!.. Екеуміз қара шәйнекті ортаға қойып, ешкінің сүтін қатып шәй іштік. Гурьев (Атырау) театрының алғашқы жылдарын әңгімеледік. Ауылдағы балалардың адам болатындарын бір тізіп шықты. Олар домбыраға икемі бар, соған ниеті ауған және өзіне келіп домбыраның әліппесін үйренгендер екен.

Көп жыл өткен соң бір әңгімелесіп отырғанда Қаршыға Ахмедияров «ойбой, бүкіл Махамбеттің баласы домбыраны сол кісіден үйрендік қой. Көшеден ұстап алып, «жүр, босқа көше кезгенше домбыра үйрен» деп үйіне алып келеді. Икемі жоқ балаға «адам болмайсың» деп ұрсып, қуып жібереді. Көңілі толған баланы айналып-толғанып, бар тәттісін беріп, бәйек болады. Балалар да қу ғой, кейбіреулері кәмпит жеу үшін барып жүреді екен. Өнердің фанатына айналып кеткен адам ғой. Қолының қуаты қайтқан кезінің өзінде құлағы керемет болатын, сәл қателескеніңді ести сала, «әй, домбыраның киесі соққыр!» деп ренжіп қалатын», деп еске алғаны бар.

«Сен Әсиманы білесің бе?–деп сұрады кенет. – Нағыз наурызкөк сол ғой». Менің жауабымды күткен де жоқ, дастарханын жинай бастады. Қалаға жүретін автобустан қалып қоймау үшін мен де ширақтау жиналдым. Жапырайған үйдің жанында сықырлаған есікке сүйеніп шығарып салған шүйкедей кемпірге қарап, «аңыздың аяғы осындай болғаны ғой» деп ұзап барамын…

Әсимамен танысудың да реті келді. Бала кезінде әжесімен бірге барып Динаның күй тартқанын көрген, содан бастап домбырамен «ауырған», өзінің тұрмысқа шыққан тойында қайын атасының өтінішімен шымылдықтың ішінде отырып, Динаның «Әсемқоңырын» тартқан, өзі дүниеден өткенше домбырасын тастамаған, балаларының да өнерге жақындығын ризалықпен қолдап өткен белгілі домбырашы Әсима Ізмұхамбетова екен. Ол кісінің орындауында Құрманғазының, Динаның бірнеше күйі Қазақ радиосының «Алтын қорында» сақтаулы.

Ал, наурызкөк бұлардың қай жағында?

Мәшһүр-Жүсіп деген ғұламаңыз «бір жыл – бір өмір» деп түсіндіреді. Жазғытұрым туған жас бала үш ай талпынып өсіп, көктемді меңзейді. Содан кейінгі үш ай – жігіттік кезең. Одан соңғысы мосқал тартқан күз. Одан әрі ­зымыстан қыс, қар астында қалғаны–өлгені. Он екі айдың бітуімен бір жылдық өмір аяқталады. Келесі наурызда қайтадан Жаңа күн келеді, жаңа наурызкөк шығады, бұрынғыдан басқа жаңа бір жылдық өмір басталады. Осылай жалғаса береді. Демек, Наурыз жаңа шыққан көгімен, дәмі бөлек көжесімен, адамдар қалыптастырған дәстүрімен жыл сайын жаңарып келеді. Ол ештеңенің жалғасы емес. Әр жылы жаңа, бастауы мен аяқталуы бар тұтас өмір. Біз пенделер оны бағамдай алдық па, жоқ па, өзіміздің парасатымызға байланысты.

Наурыз – Күн мен Түн теңескен, Бай мен Кедей теңескен, Ер мен Әйел теңескен, Өнер мен Өмір теңескен, дүниені дүр сілкіндіре жаңартқан жаңа күн. Өйткені, мұнда байлар бүкіл атырабына наурызнама жасап, ас та төк қылады. Өйткені, мұнда әйелдер де өнер сайысына, балуан күресіне түсе алады.

Сондықтан, Жұмекен «Еркектігі әйелдің, басталыпты Динадан» деп жырлаған. Сондықтан да, Зәмзәм күйші наурызкөкті, наурызкөктей өсетін өнерлі ұрпақты өле-өлгенше іздеп өткен. Бұл Наурыз ­– әркімнің қазанында жыл сайын жаңа пісетін көжесі. Ол көже ­– есте жоқ ескі замандардан бері ұмытпай, заманына қарай амалдап қазанын толтырып отырған қазақ әйелінің берекелі дастарханы. Небір нәубеттен қара қазанын амалдап алып өткен қазақ әйеліне ескерткіш қоятын күн де осы.

Иә, Жаратқан, осы бір жаңа күнді көрсеткеніңе, Жаңа жылды қарсы алуға мұрса бергеніңе шүкір. Құлағымыз естігенді көзімізге көрсеткеніңе шүкір. Бруклин мэрі Эрик Адамс деген зәңгінің «биылғы жылдан бастап Наурызды жылда тойлаймыз» деген жаңалығын естідік теледидардан. Осылай деп жариялады. Өйткені, бұл адамзатты жақындастыратын мереке екен. Осыдан бірер жыл ғана бұрын бұл мереке Біріккен Ұлттар Ұйымы арқылы ресми халықаралық мерекелерінің қатарында тұрақты аталатын болып бекітіліп еді.

Қош келдің, әз Наурыз! Ақ мол болсын! Жаңа күніміз жарқын жақсылықтарға толы келсін. Адамзаттың бір бөлшегі Қазақ атты қауымның бар қадір-қасиетін кетірмей, қазанын ортайтпай, қалған қауыммен құшақтаса, әр Жаңа жылды бақуатты қарсы ала беруге нәсіп еткей!

(Арнайы «Атырау» газеті үшін.)

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button