«Музейлік QUEST» сайысы өнер мен білімді тоғыстырды
Атырау облыстық Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде «Музейлік QUEST» сайысы өтті. Бұл іс-шара студенттердің өнер мен білімге деген қызығушылығын жаңа деңгейге көтеріп, жастарға музей экспонаттарын зерттеу және шығармашылық қабілеттерін көрсету мүмкіндігін берді.
Сайысқа қатысушылар музей ішіндегі түрлі локацияларды аралап, жасырылған сұрақтардың жауабын табуы тиіс болды. Әр дұрыс жауап қатысушыларды келесі кезеңге өткізді. Сонымен қатар олар белгілі бір тақырыпта сурет салып, өздерінің шығармашылық шеберліктерін көрсетті. Сайысқа қатысқан атыраулық жас қыз-жігіттер ерекше белсенділік танытты. Олардың бірі Ақбаян Бағыт квестке алғаш рет қатысқанына қарамастан, жоғары дайындықпен келген.
–Мен үшін бұл тек зияткерлік жарыс емес, өзімді дамытуға үлкен мүмкіндік, — деді ол.
Музей туындыларын жас ұрпаққа насихаттау және олардың қызығушылығын арттыру мақсатындағы зияткерлік жарысқа орта оқу орындарынан 12 студент қатысып, олар төрт топқа бөлініп сайысқа түсті.
«Музейлік QUEST» – заманауи форматтағы білім мен ізденісті талап ететін интерактивті сайыс. Ағылшын тілінен аударғанда «QUEST» сөзі «іздеу», «табыс» дегенді білдіреді. Қатысушылар музей жәдігерлерін зерттеп, логикалық ойлау қабілеттерін сынап, шығармашылық тапсырмалар орындау арқылы өз білімдері мен дағдыларын көрсетті.
Қатысушылар сайыстың «Тез тап» бөлімінде музей залдарындағы өнер туындыларынан сұрақтарға жауап іздеді. «Зияткерлік Академия» бөлімінде Атырау қаласындағы тарихи тұлғаларға арналған ескерткіштерге байланысты сұрақтарға жауап берді. Ал «Шығармашылық композиция» бойынша қатысушылар берілген тақырыпта сурет салса, «Кім жылдам?» бөлімінде музейдегі белгілі бір туындының пазлын жинап үлгеруі тиіс болды. Сондай-ақ «Бейнелеу шеберлігі» бойынша студенттерге музей қорынан «Натюрморт» жанрында картина беріліп, оны кенеп бетіне түсіру тапсырылды.
Сайысты бағалаған әділ қазылар алқасының төрағасы – Қазақстан Республикасының Суретшілер Одағының мүшесі, Махамбет Өтемісұлы атындағы академиялық қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі Темірбек Мұхтаров және Нұрғиса Тілендиев атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының «Көркемсурет және дизайн» әдістемелік бірлестігінің жетекшісі, киім пішу және модельдеу мамандығының мұғалімі Әйгерім Кенжеғалиева, Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінің басшы орынбасары Махамбет Даулбаев болды.
Сайыс нәтижесі бойынша үшінші орынды Қ.Дүтбаева атындағы гуманитарлық колледжінің студенттері, екінші орынды Apec Petro Technic жоғары колледжінің тобы иеленді. Бірінші орын Саламат Мұқашев атындағы Атырау политехникалық колледжінің студенттеріне бұйырды. Ал бас жүлде Каспий өңірінің жоғары көпсалалы колледжінің тобына тапсырылды. Барлық қатысушылар мен жеңімпаздар дипломдармен, естелік сыйлықтармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Сайысқа қатысушылар сайыстың әділ және жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті. «Музейлік QUEST» – бұл мәдениетке, өнерге, тарихқа деген сүйіспеншілікті арттыруға бағытталған маңызды шара екенін дәлелдеді.
Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінің басшы орынбасары Махамбет Даулбаев «Бұл сайыс – жастардың шығармашылық қабілеттерін шыңдауға, музей қорындағы бай туындылармен танысып, мәдени мұраны сақтауға деген қызығушылықтарын арттыруға үлкен мүмкіндік. Музейлер тек өткенді танытатын орын емес, олар білім мен өнердің, мәдени мұраның үздіксіз жалғасын қамтамасыз ететін рухани орталықтар»,– деп атап өтті.
«Музейлік QUEST» сайысы жастардың өнерге деген қызығушылығын арттырумен қатар, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытып, ұйымшылдық пен топтық жұмыс істеу дағдыларын жетілдірді. Ұйымдастырушылар мұндай сайыстардың болашақта да жалғасатынын айтып, жас ұрпақтың өнерге деген сүйіспеншілігін одан әрі дамытуды көздеп отыр.
Жайна МӘЛІМҚОЖА