
Мерейді өсірген марапат
Бүгін Атырау қалалық әкімшілігінің мәжіліс залында руханияттың алтын арқауы саналатын сала өкілдері – мәдениет және өнер қызметкерлерімен салтанатты кездесу өтті. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Мерекелік басқосуда Атырау қаласы әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов сала ардагерлеріне ыстық ықыласын білдіріп, төл мерекелерімен құттықтады.

– Мәдениет – ұлт өмірінің айнасы, ғасырлар бойы ата-бабадан мирас болып келе жатқан ұлттық болмысымыздың келбеті. Қаланың рухани дамуына өлшеусіз үлес қосқан мәдениет майталмандарының еңбегі өлшеусіз. Жылдар бойы еңбек еткен сала ардагерлері мен қызметкерлеріне мәдениет пен өнер жолындағы маңдай тері үшін шексіз алғыс айтамыз! Әрдайым шығармашылық шабыт пен құрметтің төрінде болыңыздар! — деді Н.Ермұханов.

Мәдениет мен өнер – халықтың қазынасы. Осы құндылықтарды ұрпақ санасына сіңіру жолында аянбай еңбек еткен бірқатар ардагер мерекелік марапаттарға ие болды.
Жиын соңы әсем әнмен әрленіп, өнерпаздар – Аружан Қуатова мен Нұргүл Жұмағалиеваның орындауындағы көркем туындылар қатысушыларға мерекелік көңіл күй сыйлады.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ