ҰЛТТЫҚ ДӘСТҮР ҰЛАҒАТЫ
Облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен өткен мәні мен маңызы мол акцияны «Номад» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Шара шымылдығын түрген аталмыш басқарма басшысының орынбасары Санжар Кенжебаев айтып өткеніндей, акцияның мақсаты – ұлтымыздың ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлерін қайта жаңғыртып, халыққа насихаттау, рухани құндылығымызды әдет-ғұрыптарымызбен байыту, ұлтжандылық қасиетімізді жоғалтпау.
Шара қатысушылары, алдымен, қолөнер бұйымдарының көрмесін тамашалады. Қолөнер шебері Нұрсұлтан Қалиевтің таза, табиғи ағаш пен теріден жасалған туындылары көпшілік назарын ерекше аударды. Оның «Киелі ағаш» аталатын шығармасының тарихы Хан Ордалы Сарайшықпен байланысты. «Сарайшықта кезінде үлкен алма ағашы болған. Кейін тұрғындар ағашты кесіп, күнделікті тұрмыста отын ретінде пайдаланады. Содан бастап, елде өлім көбейген деседі. Бірде ақсақалға бала жүгіріп келіп, ағаштың түбінде қояндар жүргенін айтады. Барып қараса, расымен, теректің түбіндегі іннен қояндардың кіріп-шығып жүргенін көреді. Бірақ, келесі күні іннің ізі де болмайды. Сол күннен бастап жаңағы ағаштың киелі екенін ел біле бастайды. Содан кейін өлім де, елдегі қиыншылық та тыйылыпты» деген Нұрсұлтан Қалиев теріге салынған суреттің аталған аңыз бойынша дүниеге келгенін айтады.
Махамбет ауданының Бейбарыс ауылынан келген Шәрбану Қабделованың қолынан шыққан туындылары да көрменің көрігін келістіре түсті. Тестопластика технологиясы бойынша, яғни, қамырдан жасалған «Раушан гүлі» мен «Көктем гүлдері» әйел жүрегінің нәзіктігін, табиғи сұлулыққа іңкәрлігін паш еткендей. Сол сияқты, Индер ауданындағы С.Сейфуллин және Қ.Абаханов атындағы орта мектептер оқушыларының киізді пайдалана отырып салған картиналары мен қатырмалардан дайындалған қуыршақтары, түрлі тұрмыстық заттардың қалдықтарынан жасалған ескерткіш сувенирлері қонақтардың ыстық ықыласына ие болды.
Сонымен, шешендік сөздерімен ұрпақтарға өсиет қалдырған Жиренше шешен мен талайды қырық өтірігімен алдаған Тазша бала тағылымды шараны жүргізіп қана қоймады, кеш көрігін қыздырды десе де болғандай.
Баланың сана-сезімін жетілдіру үшін жасалатын тәрбиелік салттың бірі – ашамайға мінгізу салтанаты ұлттық салт- дәстүр жаңғырған шарада көрініс тапты. Баланың ашамайға мінгізілуі оның өмірінде тіршіліктің жаңа кезеңі басталғандығын білдіреді.
Қойылым барысында жұртшылық тоқымқағар салты туралы да мол мағлұмат алды. Жасөспірім бала тұңғыш рет ашамайға мінген соң, туған-туыс, көрші-қолаңдарын шақырып, дастархан жайылып, тоқымқағар жасалды.
Қазақ халқының қазақ екенін танытатын белгілердің бірі – тұрмыстық өмірде өз заңымен жүріп отыратын ұлттық салт-дәстүрлері. Солардың бірі – қыз ұзату, үйлену, келін түсіру, беташар рәсімі де бүгінгі мерекелік шарада сән-салтанатымен суреттеліп, әдемі қойылымда әсерлі көрініс тапты. Бұл күні құда қарсы алып, «Жар-жар» орындалып, келіннің беті де ашылды. Көпшілікке ақ ұсынылып, отқа май құю көріністері де көрсетілді.
Ұлтымыздың мәдениетін ұлықтайтын мерекеде тамылжыған ән шырқалып, күмбірлеген күй төгілді.
Рита ӨТЕУҒАЛИ.