ҰЛТТЫҚ КИНО КҮНДЕРІ – АТЫРАУДА

Бұған дейін де газетімізде хабарланғанындай, 19-22 қыркүйек аралығында Атырауда Қазақстан ұлттық киносының күндері өтті. Мәдениет және ақпарат министрлігінің, дүниежүзі қазақтары Қауымдастығының, Қазақстан кинематографистер Одағының және Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» студиясының қолдауымен ұйымдастырылған осынау шара шеңберінде көрермен қауым көптің есінде қаларлықтай қызықты кездесулердің куәсі болды.

Солардың арасынан кешегі сенбіде Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында жалғасын тапқан жүздесуді айрықшалап атаған ләзім. Бұл жолы атыраулық көрермендер ұлттық кинотуындыларының ішінде шоқтығы биік тұратын, аттары аңызыға айналған, атақты «Қыз Жібек» фильмінде басты рөлдерді ойнаған Асанәлі Әшімов, Құман Тастанбеков, Меруерт Өтекешова сынды сахна саңлақтарымен қауышты.
Түсірілгеніне қырық жылдан асқан көркем лентаны жасаушылармен кездесу кешінің шымылдығын оларды қошеметтей келген кинематографистер Одағының төрағасы, танымал кинорежиссер Игорь Вовнянко кіріспе сөзбен ашып, кездесуге келген көпшілікке әріптестерін кеңірек таныстырды. Осылайша, алдымен фильмдегі ерен тұлға, өр мінезді Бекежан батырды бейнелеген, бүгіндері ұлттық театрымыз бен киномыздың ақсақалы атанған қос бірдей орденнің («Құрмет» және «Отан») иегері, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, КСРО және Қазақстанның Халық әртісі, профессор Асанәлі Әшімовтің, одан соң батыр Төлегеннің тұлғасын сомдаған Қазақстанның Халық әртісі, Қазақстанның Жастар Одағы сыйлығының лауреаты Құман Тастанбековтің, Қыз Жібектің, сол арқылы қазақ қызының шынайы образын бере білген республикаға еңбегі сіңген әртіс Меруерт Өтекешованың, аға буынның сара жолын лайықты жалғастырып жүрген белгілі актер Төлеубек Аралбайдың есімдерін атады.
Алғашқы сөз кезегін еншілеген ұлттық кино өнерінің мэтрі Асанәлі Әшімов атаулы күндер аясында «Қыз Жібектен» басқа «Қазақфильм» киностудиясында түсіріліп, тұсауы кесілген басқа да бірнеше картинаның көрермен назарына ұсынылғанын тілге тиек етті. Осы орайда «Шоқан», «Аждаһа жылы», «Тұзды көл жағасындағы үй», «Жаужүрек мың бала», т.б. мысалға келтірді. «Әрине, бұлардың бәрін де теледидардан тамашалаған шығарсыздар, дегенмен киноны үлкен экраннан, толық күйінде, түпнұсқасында көргенге не жетсін. Ал, ұлттық кино туындыларының ішінен өзгелерінен дараланып, туы биікте, орны оқшау тұратын «Қыз Жібек» екендігіне ешкімнің таласы жоқ шығар. Өйткені, бұл картинаның қоюшы режиссері Сұлтан Ходжиковтен бастап, басты-басты рөлдерді асқан актерлік шеберлікпен, образға шынайы берілгендік сезімімен ойнап шыққан, сонысымен де есімдері халқының жадында жатталып, есінде сақталып қалған Кененбай Қожабеков (Сырлыбай) Кәукен Кенжетаев (Базарбай), Гүлфайрус Ысмайлова (фильмнің бас суретшісі әрі Қыз Жібектің анасы), Ыдырыс Ноғайбаев (ағасы), Фарида Шәріпова (жеңгесі) Сәбира Майқанова (Төлегеннің анасы), Әнуар Молдабеков (Шеге) сынды сахна саңлақтарының, көркем лентаның өн бойын сырлы сазбен әрлеген, атақты «Аққу» күйін жазған Нұрғиса Тілендиев тәрізді талант иелеріне қашанда басымызды иіп, құрметпен қарау – біздердің парызымыз.
Дәл қазір, әсіресе, жастар, сіздер үшін де сондай бір мүмкіндік туғалы тұр. Соны жіберіп алмаңыздар, қапы қалмаңыздар. Бір айыбы, бүгінгі қолымызға түсіп тұрғаны Мәскеуден алдырылған, орыс тілінде түсірілген нұсқасы ғана. Келешекте қазақшасына да қолымыз жетер. Әзірге осы сыйымызды қабыл алыңыздар. Теңдесі жоқ туындыны тағы бір мәрте тамашалап, ой таразысынан өткізейік!»-деп түйіндеді Асағаң.
Бұдан соң да бірінен соң бірі әңгімеге араласқан кеш қонақтары да өздерін қошеметпен қарсылаған атыраулық көрермендерге ризашылығын жеткізіп, алдағы жоспарларымен бөлісті. Осылайша, ұлттық кино күндерінің аясын кеңейтіп, көршілес Ресей елінің шекаралас облыстарында жалғастырғысы келетіндіктерін мәлімдеді.

Дәулетқали АРУЕВ.
Суреттерді түсірген
Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз