Күйші Санжар Қатапов: «Ұлттық өнерді дәріптеу – ұлттың ұлы мұраты»
Иә, домбыра үнін естісе елең етпейтін қазақ жоқ. Елдің мұңын мұңдаған, жүректің үнін тыңдаған, намысты қайрап шыңдаған, ерлік пен елдікті жырлаған қайран күмбірге толы домбыра үні! Ал, қазір қара домбыраны дәріптеп жүрген жастардың қатары артқаны қуантады. солардың бірі – Н.Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясы Қ.Ахмедияров атындағы «Нарын» халық аспаптар оркестрінің артисі, талантты күйші, республикалық конкурстардың лауреаты Санжар Қатапов. Ұлттық домбыра күні қарсаңында танымал өнерпазбен сұхбаттасудың сәті түскен еді.
– Санжар, әңгімеңізді өнерге алғаш басқан қадамыңыздан бастасаңыз…
– Әкем Ержан Қатапұлы теміржолшы, анам Алмажай Бақтыгереева мектепте қызметкер болды. Үйдің үлкенімін, екі інім мен екі қарындасым бар. Біз ес білгелі ұлттық аспаптың үнін естігесін домбыра жанымызға жақын болды. Өзімнің өнер жолына түсуіме әжем, күллі қазақ жырының жампозы атанған Жұмекен Нәжімеденовтің немере қарындасы Жәмиға Төлеуішқызының да үлесі бар. Сегіз жасымда Аққыстаудағы Шәмшиден Шәріпов атындағы балалар саз мектебіне қабылданып, Әлия Сұлтанованың домбыра сыныбын оқып бітірдім. Кейін Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясы – Атырау музыка колледжінде Клара Зейноллақызы Жолдашеваның сыныбында білім жетілдірдім. Колледж бітірісімен облыстық филармонияның «Мұрагер» фольклорлық ансамбліне шақырды. Ансамбль құрамында алғашқы еңбек жолымды бастаған сәтте шығармашылық қолдау білдірген жандар жетерлік. Соның ішінде, ансамбль жетекшісі Ержан Қитаров ағайды өзім тәлімгерұстаз тұтамын. Сондықтан, өнердегі әр жетістігім талабымды шыңдаған ата-анам мен ұстаздарымның арқасы деп білемін.
– Өнердегі жетістіктеріңіз бен жеңістеріңізге тоқталған артық болмас…
– Жеке ұстанымымда «елге, қоғамға не бере аламын?» деген өмірлік қағидам бар. Сондықтан, тұлға болып қалыптасып, арманмақсатыма қол жеткізу үшін үздіксіз қадам жасап келемін. Жас болсам да, қоржынымда жиналған аз-мұз табыстарым да дейді талантты күйші Санжар Қатапов бар. Түрлі деңгейдегі байқауларда топ жарып, күйшілік қарымқабілетім шыңдалып жүр.
Атап айтқанда, домбырашылар арасындағы Махамбет атындағы аймақтық байқаудың, республикалық домбырашылар олимпиадасының, Әзидолла Есқалиев атындағы халықаралық, Рысбай Ғабдиев атындағы республикалық конкурстардың лауреаты және дипломанты атандым. Жуырда қос ішекті аспаптың үнін сүйетін, құдіретіне бас иетін талғампаз тыңдарманға есеп бердім. Оны өзім өсіп-өнген жерім Исатай ауданынан бастауды жөн көрдім. Мәдениет саласының үздіктері Ержан Қитаров (көркемдік жетекші әрі бас дирижер) пен Сая Жұмашева дирижерлік ететін «Нарын» оркестрінің сүйемелдеуімен Исатай ауданының 95 жылдығы және Аққыстау ауылының 55 жылдығына орай тарту жасадым десе де болады. Шығармашылық кеш Атырауда жалғасты. Облыстық халық шығармашылығы орталығында өткен шарада оркестрмен бірге танымал тұлғалардың туындыларын орындап, тыңдаушыларды рухтандырып, ұшқыр ойдың жетегіне еруге мүмкіндік бердік.
– Белгілі өнерпаздар да, сөз сүлейлері де қазақ және домбыра ұғымдарын бір-бірінен бөліп қарауға болмайды деген пікірде.Сіз бұған не айтасыз?..
– Көненің көзі, бабаның сөзі болған домбыра – ұлтымыздың айнымас бөлігі. Нағыз қазақтың иісін шығарып, «әу» деп жібергенге не жетсін, шіркін! Әр үйдің төрінде ілулі тұратын ұлттық аспаптың күмбірлеген үні бүгінде жаңғырып келе жатқанына өте қатты қуанамын. Олай дейтінім, осыдан екі жыл бұрын атамның есімімен «QATAPOV» домбыра студиясын ашқанмын. Қазір сегіз жастан елу жасқа дейінгі шәкірттерім бар. Ересектер «бала күнімде үйренуге мүмкіндік болмады, домбыра шертіп үйренгім келеді» деп құлшыныс танытады. Ең бастысы, қабілеттен бұрын ниеті болса, домбыраны тез үйренуге болады. Домбыра – киелі аспап, оның киесін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Содан шығар, өз мамандығымды мақтан етемін. Домбыраны адамша сөйлеткен дарабоздар Нұрғиса Тілендиев, Рысбай Ғабдиев, Қаршыға Ахмедияровты әркез үлгі тұтып, Махамбет, Құрманғазы, Сейтек, Дәулеткерей мен Динаның туындылары репертуарымда айрықша орын алады. Күйді орындаудан бөлек оның тарихы мен авторын зерттеп, ақпаратпен танысып аламын.
– Алдағы жоспарыңыз қандай?
– Қазір Н.Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясы Қ.Ахмедияров атындағы «Нарын» халық аспаптары оркестрінің артисі болып жұмыс істеймін. Домбырашы ретінде өзімді әрі қарай дамытуға жұмыстанып жүрмін. Қазақтың қара домбырасының арқасында өз орнымды таптым, алыс-жақын шет елдерге оркестрмен гастрольге жиі сапарлаймыз. «Армансыз адам – қанатсыз құспен тең» дегендей, домбыраны әлем деңгейінде танытқым келеді. Скрипка, гитара аспабының қатарында домбыра да тұрғанын қалаймын. Өйткені, кез-келген халықтың әуенін қос ішекті домбырада орындауға толық мүмкіндік бар. Ұлттық аспапқа деген құштарлығым ерекше. Өскелең ұрпақ санасына ұлттық өнерімізді, ән мен күйімізді күмбірлеген қоңыр үнді домбырамен жеткізе алсақ, одан асқан бақыт бар ма?!
– Санжар, жеңісті күндеріңіз көп болсын. Әсерлі сұхбатыңыз үшін рахмет!
Әңгімелескен Майра ОРАЗҒАЛИЕВА