КІШКЕНТАЙ МАРИЯМНЫҢ ҮЛКЕН ЖЕҢІСІ (+фото)

img 20220614 wa0048 Мәдениет

Таяуда Сочи қаласында өткен халықаралық «Әлем моделі-2022» байқауында атыраулық кішкентай ару Мариям Ишанғалиева топ жарды. Бас жүлде ресейлік қатысушыға бұйырса, Мариям «Әлемдік топ модель» титулын иеленді. Бұл – жүлделі бірінші орын иегеріне берілетін атақ. 

Кішкентай ару туралы бұған дейін де жазылды. Өйткені, Мариям  – бірнеше рет осы бағыттағы сайыстарға қатысып жүрген кішкентай жұлдыз. Құрманғазы ауданының Көптоғай ауылында тұрады, үшінші сыныпты үздік бітірген үлгілі оқушы. 

Ал, Сочиге сапары барысында әлемнің әр түкпірінен келген 106 қатысушы арасынан 9 жасар Мариям сұлулығы мен киім үлгісі арқылы үздіктер сапынан көрініп, жоғары жетістікке жетті. «Бұл байқаудағы басты көрсеткіш – шығармашылық дефиле. Мариям қазақтың ұлттық киімімен шығып, сахнада өзін-өзі ұстауы арқылы жоғары бағаға ие болды. Дефиледе музыкамен үндестік, сахнада өзін-өзі ұстауы және табиғи сұлулыққа баса мән береді. Киім үлгісі де, сүйемелдейтін әуен де – қызымның өз таңдауы. Көрші ауылда тұратын Ботагөз есімді тігінші Мариям сызып берген жоба бойынша арнайы көйлек тікті. Көк түсте тігілген замануи стилдегі киім үлгісін «Адай» күйінің сүйемелдеуімен таныстырды» дейді кішкентай арудың анасы Арайлым Серікқызы. 

«Мариям – мінезі тұйық, көп сөйлемейді. Отбасында жалғыз қыз болғанымен, еркелік танытып, немесе балалықпен тентектік жасаған кезі болған емес. Әрдайым биден жарыстарға қатысып, білім олимпиадаларында да топ жарып жүр» деген анасының сөзіне орай, «модельдік бағытты қалай таңдады, кім дайындап жүр?» дедік. Өйткені, облыс орталығынан шалғай жатқан ауылда аса көп мүмкіндік болмайтыны белгілі емес пе? 

Анасы да күлімсіреген күйі: «Бәрін өзі жасайды. Кішкентай күнінен сұлулыққа жаны құмар болып өсті. Екі жасқа толар-толмас шақта-ақ, «Мен ханшайыммын» деп айна алдында тұрғанын көретінбіз. Кейін бұл қызығушылығы артып, өзі осы салада іздене бастады. Уақыт өте келе, интернет арқылы корейлік сән агенттігі иесінің дәрістерін қарап, теледидардан «Сән сабағын» оқыды. Қызығы сол, кеше Сочиге барған кезде байқаудың фотографтары «Өз-өзін ұстауы, фотоға бейімділігі тамаша!» деп таңдай қақты» дейді. 

Сочидегі сайыс барысында Мариямның жетістіктеріне куә ұйымдастырушылар оның ашыла түскенін, кәсіби бағыттағы ізденісінің жемісті екенін де айрықша атапты. «Кішкентай ханшайым, сен күні ертең әлемді бағындырасың!» деген сөздерін естіп, аналық қуанышымды, толқынысымыды жасыра алмадым. Ал, Мариям болса, табиғи салмақтылығынан айнымаған күйі сәл ғана жымиды» дейді анасы бізбен әңгіме барысында. Айта кетейік, Мариям – ауылдастарының да мақтанышы. Кешегі сайысқа қатысуына қол ұшын созғандар қатарында ауыл адамдары мен ел азаматтары да болғанын айта кетейік. 

Сән әлемінде өзіндік орны бар аталған сайыс барысында кішкентай модельдер түрлі тақырыптар бойынша фотоға түсіпті. «Серфинг тақырыбындағы фото үшін әлемнің әр түкпірінен келген қатысушылар арнайы киім, яғни, купальник таңдады. Мариямның сәл тосылып қалғанын аңғардым. Себебін сұрап едім, «Мен мұндайды кигім келмейді» деді. Ұйымдастырушылармен сөйлесіп, жабық киім таңдадық» дейді Арайлым Қарабалаева. Бұған қоса, байқау аясында ресейлік танымал дизайнердің сән үлгісін таныстыру үшін конкурс қатысушылары арасынан 5 қатысушы таңдалыпты. Мариям да солардың қатарында өнер көрсеткен.  

«Болашақта қызыңыздың мақсаттарына жетуі үшін облыс орталығына немесе өзге де ірі қалаларға қоныс аудару отбасылық жоспарларыңызда жоқ па?» дейміз біз. «Мариямның айтуынша, бұл кәсіппен мектеп бітіргенше ғана айналысады. «Кейін, Кореяға оқуға түсіп, дәрігер боламын. Қазақстанға келіп, нейрохирург болып жұмыс жасағым келеді» деген бала күнгі арманынан айныған емес» дейді анасы. 

Біз де сол мақсаттарына жетуге тілектестік танытып, сәттілік тіледік. Алда – тағы да байқау. «19 тамызда Мәскеудегі Қызыл алаңда өтетін «Дүниежүзінің сұлуы» фестиваліне жолдама алдық. Оған қоса, қыркүйекте Дубайдағы подиумға шығуаға ұсыныс алдық. Таңдау Мәриямның еншісінде. Қаласа, біз әркез қолдауға әзірміз» дейді анасы Арайлым.  

Үлкен жетістіктерге жете бер, кішкентай Мариям! 

Ләззат Тауташ,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінің Журналистика және  саясаттану факультеті баспа ісі мамандығы студенті

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз