ҚАРАКӨЗДЕР КҮЛІМСІРЕП ҚАРАЙДЫ
Балалар үйінің директоры Сәния Мусиеваның айтуынша, бүгінде мұнда 3-17 жас аралығындағы 71 бала тәрбиеленуде. Оның 12-сі тұлдыр жетім. Көпшілігі – өзіміздің «қаракөздер».
— Жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балғындарға мемлекеттің тарапынан айрықша қамқорлық көрсетілуде. Бұдан бұрын Наурыз мерекесі қарсаңында бізге облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің өзі келді, кейін балалар үйіне автобус сыйлады. Атырауға сапарлаған Олимпиада чемпиондары боксшы Серік Сапиев, ауыр атлетші Илья Ильин сынды саңлақтар да арнайы бас тіреді. «Ембімұнайгаз» бастап, өзге кәсіпорындар қостап, демеушілік көмек көрсетуде, — дейді мекеме басшысы Сәния Төлегенқызы.
Қоғам тарапынан үлкен қамқорлық жасалғанымен, ол ата-ананың мейірімін алмастыра алмайтыны анық. Соған қарамастан, мемлекет жетімдерді тәрбиелеуге ерекше маңыз беріп отыр. Жеткіншектер бұрынғыдай бір жерде тұрып, сол орында оқымайды. Сол маңдағы №№3, 16, 19, 30 мектептерде тәлім алады. Бұл не үшін қажет? Сөйтсе, өмірдің тәжірибесі көрсеткеніндей, бір орыннан ұзап шықпаған баланың сана-сезімі тұйықталып, айналасындағы адамдармен қарым-қатынасы күрделене түседі. Бүгінгі жаңа жүйе осы олқылықтың орнын толтыруды мақсат етеді.
Ерекше тоқталар тұс, Наурыз мерекесінің балалар үйінде қалай тойланатындығына қатысты. Аталған мекеме директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлжан Жұмабаева бізге осы мақсатта арнайы іс-шаралар жоспары жасақталғанын жеткізді. Дегенмен, назар аударарлығы мынада секілді: Осыдан біраз жыл бұрын Атырау қаласындағы «Ақбота» балалар үйі түлектерінің бірі Азамат Ищанов деген жігіт екен. Ол ес біліп, етек-жеңін жиғаннан соң атына сай азаматтық жасап, үлкен іс тындыруды қолға алған. Әңгімеміздің кейіпкері барлық жасауы, қазан-ошағымен бірге сәнді киіз үйді алып келуді, оны қазіргі балалар үйінің ауласына мұқияттап тіккізуді әдетке айналдырыпты. «Тағдырдың тепкісін жастайынан көрген жеткіншектердің сондағы қуанғандарын көрсеңіз… Тіпті, айтуға сөз жетпейді, тамаша!» дейді сұхбаттасушымыз.
Ұлыстың Ұлы күніне байланысты қазақтың салт-жоралғылары нәрестені бесікке салудан басталып, одан арғы рәсімдерге жалғасады. Мұндай шаралар кейінгі буын өкілдерін адамгершілікке, ұлтжандылыққа үйретерін мекеме басшылары үнемі айтып отырды. Аталған мекеннің мұнтаздай таза, жып-жинақы бөлмелерін аралап жүргенімізде осы жайттарға көз жеткізе түскендей болдық. Мәселен, мектепке дейінгі топқа келгенімізде тәрбиеші балдырғандардың ортасында отырып, ойын түрлерін ұйымдастырып жатыр екен. Бізді көрген бүлдіршіндер жамыраса амандасып жатыр. Байқаймыз, олардың арасында басқа ұлттың балалары да аз емес. Олардың қайсысы да таза қазақша «сәлематсыз ба, ағай?» деп таңдайлары тақ-тақ етеді. Бұл мемлекеттік тілді қолдау бағытында жасалып жатқан жұмыстардың бір көрінісі деп ұқтық. Сонымен қатар, мұнда домбыра, қобыз секілді халқымыздың ұлттық аспаптарын үйрететін үйірмелер бар.
Айтпақшы, Сабыр Қазыбаев атындағы балалар үйі болашақта атақты спортшыларымен елге танылып қалуы ықтимал. Өйткені, осында тәрбиеленгендердің арасынан нағыз таланттар табылуда. Мысалы, Игорь Филюшин грем-рим күресінен қазірдің өзінде еліміздің білікті мамандарының назарына ілігіпті. Ол бүгінде Алматыдағы олимпиада ізбасарларын дайындайтын спорт колледжіне оқып жатырған көрінеді. Рүстем Тұрманов, Сүндет Қалмағанбетов секілді жасөспірімдер де аталған спорт түрінен жуырда Мәскеудегі халықаралық жарысқа қатынасып, жақсы өнер көрсетіп оралған.
Біз, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балғындарды тәрбиелеуге, қоғамның өзіндік бір кірпіші болып қалануына сүбелі үлес қосып жатқан жандарға алғысымызды айтып, ризалықпен аттандық.
Азамат БАЗАРБАЕВ.