КҮЙ КҮМБІРЛЕП, ӘН ШАЛҚЫДЫ

76hjМұнайлы астана жұртшылықты өнерімен де тамсандырды

Кеше жерінің байлығымен, халқының дархандылығымен шартарапқа танылған, Ақ Жайықтың жағасында орналасқан әсем шаһар «Өнерімен танылған өркенді ел – Атырауым» атты облыс өңірлерінің мәдениет күндері шарасын қорытындылады. Шараға облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов пен облыс әкімінің орынбасарлары, басқармалар мен ұйымдар басшылары, депутаттар, ардагерлер, қоғамдық ұйымдар мен жұртшылық өкілдері қатысты.
Елдің шырайын асырып, «Қазақ мұнайының астанасы» атанған Атырау қаласының кешегі шежіресі мен бүгінгі жетістігі облыс орталығында өткен мәдени күнінің аясында жан-жақты көрінді.

Шара аясында Атырау қаласына қарасты кенттік және селолық округтер қазақтың өз өміріндегі ұстанар салты мен дәстүрінің басты белгісі – бірнеше киіз үй тіккен. Іші қазақтың дәстүріне сай жабдықталып, ұлттық тағамдарға толы дастарханы да әзірленген. Сондай-ақ, шеберлердің, бармағынан бал тамған ісмерлердің құнды дүниелері, қолөнершілердің ұлттық, тарихи құнды бұйымдары көрмесі ақын-жазушылардың, ғалымдардың кітаптары көздің жауын алады.
«Өлкенің өрен күмбезі» атты иллюстрацияланған кітап, облыс орталығындағы тауар өндірушілердің көрмелері де келушілер ықыласына ие болуда. Бұл көрмелер арқылы елінің ырысы артып, бірлігі жарасқан Атырау қаласы рухани, мәдени, экономикалық байлығымен де мақтана алатындай дәрежеде екенін көрсетті.
– Бүгінгі шараға Атырау қаласының өнерпаздары үлкен дайындықпен келді, – дейді қалалық мәдениет бөлімінің меңгерушісі Ғалым Қамиев. – Атырау қаласы талай додаларда топ жарған өнерпаздардан кенде емес. Мәдени күн аясында мың бұралған бишілеріміз, күміс көмей әншілеріміз, күмбір күй төгілткен күйшілеріміз жұртшылық алдында өз өнерлерін көрсетпекші. Көрмелерге де ең құнды бұйымдарды қойдық.
Облыс басшысы Бақтықожа Салахатдинұлы Атыраудың өткенінен, бүгінгі келбетінен, болашақ жоспарларынан сыр шертетін көрмелермен танысты. Көрмеге негізінен, соңғы жылдары табылған археологиялық жәдігерлер, әшекейлік және киіз үй бұйымдары қойылған.
Атырау — қазақтың күй өнерін дамытқан бірден-бір өңір десек, қателескендік емес. Есептік концерт шымылдығы Сәрсенбай Берғалиев дирижерлік еткен республикалық байқаулардың лауреаты Қайыршақты балалар саз мектебінің ұлт аспаптар оркестрі Динаның «Тойбастарымен» ашылды.
Әділет Тілеш Нұрғиса Тілендиевтің «Алатауын», республикалық «Жас дарын» байқауының лауреаты Ідірбай Байбақты Жәнібек Кәрменовтің «Ойламаңдар, жігіттерін», республикалық, облыстық байқаулардың лауреаты, Атырау балалар саз мектебінің домбырашылар ансамблі Сейілхан Құсайыновтың «Мерекесін» үлкен шеберлікпен орындады.
«Қобызшылар» ансамблі қазақ әндерінен поппури орындаса, ал әжелер ансамблі халық әні «Үкілім-айды» тамылжыта шырқады. Көпшіліктің көзайымына айналып жүрген «Жұлдыз» халық би ансамблі «Дала гүлі» қазақ биін билесе, саксафоншылар тобы поппури орындап, халықтың ыстық ықыласына бөлене білді. Сондай-ақ, Ержан Қитаров дирижерлік еткен «Д.Нұрпейсова атындағы халықтық музыка» Академиясы Атырау музыка колледжінің «Халықтық» студенттік ұлт-аспаптар оркестрі Түркештің «Көңілашарын» тарту етіп, көрерменнің қошеметіне ие болды.
Атыраулық өнерпаздардың әуелеген әсем әні, күмбірлеген күйлері, мың бұралған билері көрермендердің ұлттық рухын арттырып, мәдени өмірде елеулі із қалдырды.
– Бүгін жұртшылықты рухани серпілткен, үлкен мәні бар шара өтті деуге болады, – деді Атырау облысының Құрметті азаматы, соғыс және еңбек ардагері Орынғали Қарасаев. – Атырау өңірі – өнерімен танылған өнерпаздарға бай мекен. Мен облыстық мәдениет басқармасын басқарған жылдары бұл шара жыл сайын өтіп келсе де, әркез өз ерекшелігімен көңілге жол табуда. Сондықтан, мұны халықтық мейрам деп айтуға толық негіз бар. Академик Д.Лихачев айтқандай, «Мәдениет болмаса, заң да орындалмайды». Осы қанатты сөздің мәні мен мағынасын ұққан облыс басшылары мәдениет саласына үлкен қолдау білдіріп отыр. Осындай үлкен шаралар арқылы халықтың мәдениеті өрге басары сөзсіз.
(Атырау қаласының мәдениет күні туралы толық ақпаратты газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар.)

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз