ҚҰЛАҚТАН КІРІП, БОЙДЫ АЛАР…
— Рахмет. Алдыңғы жылдары эстрадалық, үрмелі аспаптар ансамбльдерімен ашып едік. Биылғы маусымды құрылғанына жиырма жылдан астам уақыт болған «Нарын» ұлт-аспаптар оркестрімен ашуды ұйғардық. Кезінде он шақты адаммен құрылған «Нарын» бүгінгі күні құрамына қырық бес адамды қамтыған фольклорлық ансамбльге айналды. Талай жетістіктерге жетіп, өз өңіріміз ғана емес, республика көлеміне танылып, көптеген халықаралық байқауларда жеңімпаз атанды. Бұл жолы көрерменге жаңа бағдарлама ұсынылады. Биылдан бастап ансамбльдің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері болып танымалы музыкант Ержан Қитаров тағайындалды. Ержан енді аталған оркестрмен қоса өзі ұйытқы болып негізін қалаған «Мұрагер» ансамблін де басқарады.
— Ұжымдағы өнерпаздар құрамында өзгерістер бар ма?
— Иә, ұжымымыз жаңа әншілермен толықты. Атап өтетін болсақ, Қытай Халық Республикасында өткен Халықаралық «Тянь-Шянь» классикалық ән байқауының лауреаты Шари Сабақұлы, Самал Өмірзақова, Бексана Оңдағанова сынды әншілер бұл шарада көрермендер алдына шығып, өз өнерлерін көрсетпекші. Ұжым құрамына кәсіби, жаңа таланттардың қосылуы бізге жаңа шығармашылық күш бергендей.
— Әдетте өнер мекемелерінде жаңа өнер ұжымдарының ұйымдастырылуы үлкен жетістікке баланады. Өйткені, бұл тынымсыз еңбек пен музыкалық сауаттылықты қажет етеді. Сіз ұзақ жылдардан бері осы салада үздіксіз еңбек етіп келе жатқан жоғары білімді мамансыз. Өзіңіз жетекшілік етіп отырған мекемедегі қолға алынған тың жұмыстар туралы айта кетсеңіз.
— Бұрыннан бар нәрсені тас қылып ұстап алып, тек сол арқылы өнер көрсетуді мақсат ету шығармашылық ұжым үшін дұрыс көзқарас емес. Сондықтан, біз жаңа бастамалар жөнінде мамандарымызбен кеңесе отырып, жанды жұмыстардың ұйытқысы болуға тырысамыз. Бұл бағытта нәтиже де жоқ емес. Мысалы, филармония жанындағы Гүлвира Тұрақбаева мен Назгүл Жүсіпова басқаратын «Інжу-маржан», «Зерде» би ансамбльдерін біріктіріп, жиырма адамнан тұратын үлкен би ұжымын құрып жатырмыз. Қазір бағдарламасы жасалып, костюмдері тіктірілуде. Мұндай үлкен би тобы бізге өте керек.Үлкен сахналарда өтетін маңызды шараларда бұл би ұжымы сахна сәнін аша түседі деп ойлаймын.
Бұған қоса, вокальды-аспаптар ансамблі негізінде эстрадалық оркестр ұйымдастырылып жатыр. Кедергілер бар. Әсіресе, мамандардың жетіспеушілігі қиындық тудыруда. Бірақ, мәселені оңынан шешу – міндет. Сондықтан, көршілес облыстардан үрмелі аспаптарда, скрипкада ойнайтын адамдарды шақырып отырмыз. Қарашаның соңында осы екі ұжымның басын біріктіріп, жаңа би ұжымымен қосылып жанды дауыста тұсаукесер рәсімі ретінде үлкен концерт беру жоспарлануда. Бұған қоса, облыста тұңғыш рет сырнайшылар ансамблін де ұйымдастырдық. Бүгінгі күні ансамбль мүшелері қызу дайындық үстінде. Олардың да өнерін көрерменге ұсынар уақыт қашық емес.
— Филармония өнерпаздарының көптеген халықаралық байқауларға қатысып, жақсы жетістіктерге жетіп жүргендерінен көпшілік хабардар. Бұл бағытта алда қандай жоспарларыңыз бар?
— Қараша айында Астана қаласында дәстүрлі Атырау облысының күзгі жәрмеңкесі өтеді. Жылдағыдай соған қатысамыз. Осы айдағы тағы бір үлкен шара – Петропавл қаласында бірінші рет республикалық «Гауһар тас» атты халық-аспаптар оркестрінің фестивалі болады. Соған «Нарын» ұлт-аспаптар оркестрі қатысып, бағын сынамақшы. Ал, қазан айында Астана қаласында өтетін «Менің Қазақстаным» деген халықаралық Шәмші Қалдаяқов атындағы фестивальға филармония әншісі Медет Қарамұрза қатысады. Медет – әншілік өнерімен көпке танылған, талантты өнер иесі. Қарағанды қаласында Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Жүсіпбек Елебековтің 110 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылғалы отырған алтыншы Республикалық дәстүрлі әндерді орындаушылар конкурсына Шолпан Мұқашова мен Бексана Оңдағанова қатысады. Әншілеріміз намысты қолдан бермейді деп сенеміз.
— Мекеменің материалдық-техникалық базасының мықтылығы — өнікті еңбек кепілі. Жақында филармонияның іші-сырты күрделі жөндеуден өтті дедіңіз…
— Мен бұрыннан да айтып жүрмін. Қазір де қайталап өткім келеді. Біздің облысымызда бұрындары мәдениет саласына мұндай ықылас көрсетілген жоқ. Шындығы керек, басшылықтың оңды көзқарасы бізге дем беріп, қанаттандырады, шығармашылығымыздың одан әрі ұшталуына себепші болады. Материалдық жағынан болсын, мәдени жағынан болсын – үнемі көмек қолын созып, жұмысымыздың алға басуына үлкен ықпал етіп жүрген облыс әкімдігіне, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшылығына алғысым шексіз. 12 млн. теңге қаржыға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ғимаратымыз едәуір жаңарып қалды. Мәдениеттің табалдырықтан басталатыны сияқты, халықтың бас қосатын жерінің талапқа сай, іші-сырты тап-тұйнақтай болып тұрғаны бізді қуантады. Автокөліктер алдық, сахна киімдері жаңартылып жатыр. Осының өзі зор қамқорлықтың жемісі деп түсінемін.
— Қай істі болмасын тындырып, абырой әкелетін мамандар десек, оларға жағдай жасаудың еңбек тиімділігін арттыра түсері айтпай-ақ белгілі. Әсіресе, тұрғын үй мәселесі мәдениет саласында ұзақ жылдардан бері тұралап қалып еді ғой.
— Оныңыз рас. Шүкір, бұл тұрғыда да ауыз толтыра айтарымыз бар. Мысалы, үстіміздегі жылы филармонияның байырғы әншілері Ханзада Сахипова, Қуандық Нұғымаров, Хамиль Сүйекбаев сынды қажетті мамандарға қызметтік пәтерлер берілді. Кезекпен алып жатқандар да бар. Жыл соңында тағы он мәдениет қызметкеріне үй беріледі деген жақсы хабар құлағымызға жетті. Мамандарымызға көрсетілген бұл жақсылықтардың барлығы олардың өнерге деген талпынысын жоғарылатып, жұмыс сапасына, шығармашылық ізденіске бастайтын оң қадам екендігі сөзсіз.
— Көршілес облыстармен арадағы байланыс туралы не айтасыз?
— Өнер – нәзік ілім. Өнер адамдарының өзара шығармашылық байланыстары тек шыңдалып қана қоймай, тәжірибе алмасуға да септігін тигізеді. Көршілес Ақтөбе, Орал облыстарына гастрольдік сапарға шығуға дайындалып жатырмыз. Қыркүйек айында Астрахан облысында болып, аудандарды аралап концерт қойып келдік. Айрықша айта кетейін дегенім, Астрахан облысымен арамызда үлкен шығармашылық байланыс орнаған. Қазақ қауымдастығымен, Алтынжардағы Құрманғазы мәдени орталығымен қоян-қолтық жұмыс жасаймыз. Методикалық, материалдық көмектер беріп тұрамыз. Қажет болғанда бізден музыкалық аспаптар, концерттік киімдер алып тұрады. Біздің бишілер барып би қойып берді. Осылайша шекара аралық байланысымыз нығайып отыр. Сөзімнің дәлелі, осы айдың соңында Атырауда Астрахан мемлекеттік филармониясының В.Махов атындағы орыс халық аспаптар оркестрінің «Ресейден сүйіспеншілікпен…» атты концерті болады. Бас дирижері – Елена Серединцева. Бағдарламаларында орыс және шетел классиктерінің шығармалары, көпшілікке мәлім кинофильмдерден әндер мен романстар орындалады деп күтілуде.
Өзіміздің аудандардың барлығын да «Мұрагер» ансамблі аралап, өнерлерін көрсетіп қайтты. Мұндай сапарларымыз үзілмейді, одан әрі жалғаса береді.
— Сөз соңында, маусым шымылдығын ашатын бағдарлама мазмұнына тоқтала кетсек.
— Бұл шарада көрермен ең бірінші қос ішектен төгілер күй құдіретін тамашалай алады. Құрманғазының күйі «Серпер», Түркештің күйі «Көңіл ашар», халық күйі «Ақсақ құлан», Қ.Ахмедияровтың «Қосбасар», А.Жайымовтың «Шалқымасы» сынды шығармалар көп көңілінен шығары анық. Сондай-ақ, Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқасы», Жаяу Мусаның «Ақ сисасы», «Ақтанның термесі», Қызылдың әні «Ой көк» сияқты ән-термелер де құлақтың құрышын қандырар туындылар.
— Әңгімеңізге рахмет. Шығармашылық табыс, шалқар шабыт тілейміз.
Сұхбатты жүргізген
Ағиба ҚАТЕШОВА.