Жарнама
Мәдениет

КҮЙЕУ ІЗДЕГЕН КЕМПІРЛЕР ТАҢДАНДЫРДЫ

Алға халық театрының сахналауындағы драматург Фархад Бөлековтің «Күйеу іздеген кемпірлер» атты трагикомедиясы жұртшылық назарына ұсынылды. Сахна шымылдығы ашылғанда «өткен-кеткен, қайдағы-жайдағыны» айтып, арасында шарап ұрттап қойып, қысыр әңгіменің қоламтасын қоздатқан «мұңсыз» әйелдерді көресің. Араларындағы старостамын деп өзінше қасындағы тағдырлас екі-үш әйелге билік жүргізіп, өзін олардан бір саты болса да биік санайтын Фатима ханымның да ішінде «ит ұлып» жатқанын аңғару қиын емес. Ал, Ақлима мен Сәлимаға бәрібір, өмірдің мәні — пенсиясын алып, шарап ішіп, көңілді өткізу. Ал, сықырлауық кереуетінде бір жамбастап жатып алып, көзәйнектің астынан жанындағы серіктестеріне бір түрлі ойлы жанармен қарайтын томаға-тұйық Бибіхан ашылмаған бір әлемдей жұмбақ.

Қуықтай бөлмеде мәнсіз, мағынасыз тірлік кешіп жатқан нәзік жаратылысты жандардың шын бет-бейнесі көктен түскен тәңірдің елшісіндей маңғаздана басып, бойлы-сойлы Абдолла ақсақал кіріп келгенде  ашылады. Оны ертіп келген тырнағы ішке бүгулі бастық та мақтауын жеткізіп, «дұрыс қараңдар, бұл анау-мынау адам емес» дегенді ұғындырып кетеді. Сол-ақ екен, бұрыннан да еті тірі Ақлима зообақтағы әлдебір алып аңды тамашалағандай Абдолланың о жақ, бұ жағына шығып, жалғызбасты үйлі-күйлі шалды өзіне меншіктей бастайды. Мың жылда да міні құрамайтын еменнен қиюластырып салған он бөлмелі үйім бар дегенде әйелдердің бәрі елең етіседі. Екі ішкіш әйел пенсияларын алуға кеткенде оңашаны пайдаланып «оларды қайтесің, сенің теңің мен» дегендей староста Фатима да сөздің ашығына көшеді. Бөлмелестері сыпырылып сыртқа шығып кеткенде бағанадан дөңбекшіп төсегінде жатқан көзілдірікті қыз – Бибіханға да жан бітеді. «Сыры кетсе де, сыны кетпеген» тау тұлғалы азаматқа ыңғай білдіріп, өзі сөзге тартады.

Қыз болса жас, Абдолла шындап сасайын деді. Қуыршақтай аруды алпамса құшағына алып, еміреніп тұрғанда алдыңғы тісқаққан үшеуі кіріп келіп сәл ыңғайсызданып қалады. Олардың  қай-қайсысы да Абдолладан тіріде айырылғысы жоқ. Сонымен шегінетін жер жоқ, төртеуінің де көңілін қалдырмай өзінің еменнен шауып салған үйіне алып кетпекші болады. Ойламаған жерден олардың буынып-түйініп отырған қуанышты сәттерінің үстінен түскен бастықтың сөзі төбелерінен жай түскендей есеңгіретіп тастайды.

-Бәрің қайда жиналдыңдар?

-Менің үйіме барады.

-Сенде үй жоқ,

-Қалайша?

Ол емен үйді отынға бұзып алдық, саған қарттар үйінен орын дайындап қойдық.

Сол-ақ екен, көңілі көлдария, қазақтың мәрт мінез марқасқа жігіті Абдолла маңдайы тасқа соғылғандай жігері жасып, шөгіп отыра кетті. Оның сол сәттегі ішкі жан күйзелісін тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Сөйтсе, «сыртым бүтін, ішім түтін» дегендей, қартайғанда соқа басы қалып, сонда да қарттар үйіне баруға намыстанып, кісікиік болып жүрген текті шалды құрығы ұзын билік қапысын тауып, оңбай омақастырды. Өз еңбегімен тұрғызған, бар саналы ғұмырын өткізіп, аздаған бақытына куә болған еңселі емен үйін отқа жағып жіберу  не деген сұмдық?! Ал, кемпірлердің де жетісіп тұрғаны шамалы. Олар да тағдыр теперішіне ұшырап, бала-шаға, үй-күйден айырылған міскін жандар. Сонда да  өздерінің жаралы жандарын түсінетін  ер-азамат кездессе, бас қосып, түтін түтетіп, қалған өмірлерін соған сеніп тапсырғылары-ақ келеді, бірақ… Бір назар аударатын жайт, рөлдерде ойнаған Г.Құлынғарина, Н.Әбішева, С.Даукеева, Ж.Көпбергендердің  бәрі Алға ауылындағы әлеуметтік сала қызметкерлері, бір-бір үйдің келіндері. Соған қарамастан уақыт тауып, ақысыз-пұлсыз ауыл театрының жұмысына атсалысып жүрген қыздардың қарекеті ерлікке пара-пар. Олар өз ауылдарының шынайы патриоттары.

Ал, сексеннің сеңгіріне көз салып тұрса да, кезінде өз қолымен құрған театрдың ыстығы мен суығын бірге көріп келе жатқан режиссер Махамбет Оңдағанидың еңбегі ерен екенін айтқан жөн. Бұл жолы да өзінің бар болмысымен образға еніп, кемпірлерді көгендей тізген Абдолла (М.Оңдағани) ақыр соңында өзінің ішінде булығып жатқан жан сырын терең тебіреніспен сыртқа ақтарды. Өмірдің келеңсіз көрінісін шынайы суреттеген қойылым көпшіліктің көңілінен шықты.

Жайықтың толқынында тербеліп…

Бейбарыс ауылында тұратын Жайлашевтар отбасылық ансамблі 2009 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрі бұйрығымен «Халықтық өнерпаздар ұжымы» атағын алған. Ансамбль жетекшісі Жайлашев Жаңабай жоғары білімді саз маманы. 1978 жылдан бастап, аудандық, облыстық байқауларға қатысып, өнер көгіне қанат қаққан. 1987 жылдан бері құдай қосқан қосағы Мәншүкпен дуэт болып, қос дауыста өлең айтып, отбасылық ансамбльдің іргетасын қалаған. Ораза айындағы қайырымдылық концерт шымылдығын ансамбль жетекшісі Жаңабай Жайлашев – сазгер Қалдыбек Құрманәлінің «Жайықтың толқындары» әнімен ашты.  Қашандағы сабырлы, сырбаз қалпымен әсем де, тұнық даусын сыбызғыдай сызылтқан әнші тыңдармандарын Жайықтың толқынында тербеткендей әсер қалдырды. Өмірде де, өнерде де тағдырларын тоғыстырған жарасымды жұбайлық жұп іле-шала жазушы-сазгер Ілия Жақановтың «Еділ мен Жайығын» қос дауыста шырқап, өшпес өнер туындысының тынысын ашып, ән әуеніне елтіген өздері де қосылған қос өзендей сезімдері шалқып, тылсым табиғатқа айналып бара жатты.

Отбасының өнерлі қызы Динара Алтынбек Қоразбаевтың «Елге сәлем» әнін шалқыта шырқаса, ансамбльдің     орындауындағы халық әні «Үкілім-ай» мен «Ел қайданы» да жұртшылық жылы қабылдады.

Жайлашевтар жанұясы 2008 жылы облыстық «Өнерлі өрге жүзер» атты отбасылар байқауында бас жүлдені жеңіп алса, 2010 жылы «Атырау – алтын бесігім» атты мәдениет күндері 3-ші фестивалінде лауреат атанды. 2011 жылы Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерекесіне орай ұйымдастырылған республикалық «ИнтерГаз жұлдызы» байқауына қатысып, «Казаностра» жүлдесін иеленіп, лауреат атанды. Ал, 2012 жылы Жайлашевтардың отбасылық ансамблі «халықтық» атағын қайта қорғады.

  Концерт барысында абысынды-келін Күләш пен Мәншүк орындаған Е.Белғозиевтің «Сезім шырағы», Жаңабай шырқаған орыстың «Метелица» әндері  отбасылық ансамбль репертуарының ерекше шығармашылық талғамға құрылғандығын аңғартты. Ансамбльдің жас орындаушысы Мұзафар Жаңабайұлы «Қазақтай ел қайда» деп отаншыл рухтағы әнді әуелетіп, концерттік бағдарламаның соңғы нүктесін қойды.

Мінберге көтерілген аудан әкімінің орынбасары М.Сейтқалиев қос өнерпаз ұжымға аудан әкімінің Алғыс хаттары мен ескерткіш сыйлықтарын табыстады.

         Нұрым Ерғалиев,    

Махамбет ауданы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button