Жарнама
Мәдениет

Гүлжан Талпақованың IIІ республикалық би байқауы өтті

Қазақ биінің ханшайымы Гүлжан Тал­пақова жиырма бір жасында «Қазақ КСР еңбек сіңірген әртісі» атағын алып, отыз екі жасында «Халық әртісі» атан­ған дара тұлға. Ол жер шарындағы түрлі ұлт өкілдерінің биін билеген хас шебер. Әлемнің 50-ден астам елін­де мың бұрала билеп, ұлттық өнерімізді әлем­ге паш еткен Гүлжан Ізімқызы биыл 75 жасқа толды. Соған орай Атырауда Қазақстан Республикасының Халық әртісі Гүлжан Талпақованың IIІ Республикалық әлем ұлттарының би байқауы ұйымдастырылды.

Әуезді әуен мен әдемі қимыл өзара үйлесім тапқан би жарысына еліміздің түкпір-түкпірінен 22 биші қатысты. Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының киелі сахнасында қатысушылар I кезеңде өз репертуарынан әлемдік ұлттар билерін, II кезеңде «Алтынай» қазақ халық биін (Е.Брусиловскийдің музыкасына қойылған) орындады.

eac 1011

Қазыналы өлкенің өнерсүйер қауымын сән мен салтанатқа бөлеген жас бишілердің мінсіз өнерін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Сайыскерлер шеберліктерін көрсетіп, көрермен көзайымына айналғанын ерекше қошеметтен-ақ байқадық. Мұны әділқазылар алқасы да растады. Олар «Бүгінгі байқауға көрерменнің көңілінен шықты. Олардың әрқайсысы байқауға көркемдік жетекшілерімен бірге келген. Осыдан-ақ байқауға деген дайындықтың мықтылығын көруге болады» деген ортақ пікірге тоғысты.

eac 0546

Екі күнге созылған би бәйгесінің алғашқы күнінде байқаудың негізгі екі кезеңі қамтылып, келесі күні шеберлік сағаты ұйымдастырылды. Оны Халық әртісі Гүлжан Талпақова, Қазақ ұлттық хореография академиясының профессоры Айгүл Қалбекова, еңбек ардагері Тойған Ізім, өнертану ғылымдарының кандидаты, «Гүлдер» ансамблінің бас балетмейстрі Анвара Садықова, «Қазына» халық би ансамблінің көркемдік жетекшісі әрі бас балетмейстрі Зәуре Әжібекова, Қазақ ұлттық хореография академиясының докторанты Алмат Шамшиев

өткізді. Өнер иелері өзара тәжірибе алмасып, жас бишілерге өнер арқылы рухани құндылықтарды насихаттаудың маңыздылығын түсіндірді.

Сонымен, айтулы өнер додасы мәресіне жетіп, Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында гала-концертке ұласты. Алдымен, белгілі өнер иесі Гүлжан Ізімқызын облыс әкімі атынан оның орынбасары Жасұлан Бисембиев мерейлі жасымен құттықтады.

eac 1013

– Әр өңір өзінің дара тұлғаларымен, Гүлжан Ізімқызы сынды еліне ерен еңбек сіңірген өнер майталмандарымен мақтанады. Би халықтық өнердiң бөлiнбес бiр бөлшегi. Өмiрде болып жатқан қозғалыстардан өрiлген көркем өрнек − қазақ биінің маңызы мен мазмұнында анық байқалады. Осы тұста сіздің ұлттық би қазынасының ортаймауына үлес қосып, жастарға ұлттық өнерді дәріптеудегі еңбегіңіз ерен, — деп Жасұлан Орақұлы өңір басшысының ықылас гүлін тарту етті.

Ал, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов мерейтой иесін құттықтап, Гүлжан Ізімқызына «Атырау облысының алдындағы еңбегі үшін» төсбелгісін табыстады. Соңында әйгілі бишіні әріптестері мен талантына табынушылар құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.

Байқау қорытындысы бойынша І орынды Айсұлу Мұратқалиева (Астана қаласы) иеленсе, Іңкәр Айдарханқызына (Астана қаласы) II орын бұйырды. Зерде Таңнұрқызы (Алматы қаласы) және Әсем Асхатова (Маңғыстау облысы) III орынды бөлісті. Гүлжан Талпақованың «Арнайы сыйлығымен» атыраулық Мұрат Қаракөз марапатталды. Ал, республикалық би сайысының Бас жүлдесін Астана қаласынан – Fазиза Молдахмет жеңіп алды.

Барлық бишілер арнайы дипломдар мен қаржылай сыйлықтарға ие болса, жетекшілер де назардан тыс қалмай Алғыс хатпен марапатталды.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Суреттерді түсірген

Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button