ЕРЛАН АЙТАХАНОВ, ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: ҮЙРЕНЕРІМІЗ ДЕ, ҮЛГІ ЕТЕРІМІЗ ДЕ КӨП
Оңтүстік Қазақстан өңірінің батыс өлкедегі мәдениет күндерінің шымылдығын «Шырайлы Оңтүстіктің шежіресі» деп аталатын көрме ашты. Махамбет атындағы Атырау облыстық қазақ драма театрында жасақталған көрменің маңызы, ерекшелігі сол, онда келушілердің назарына бұрын-соңды жарыққа шығарылмаған көптеген тарихи экспонаттар, сурет галереясы ұсынылған. Аталған көрме арқылы, мәдениет саласындағы жетістіктерді көрсетуге тырыстық. Біздің мақсатымыз – екі облыс арасындағы байланысты ширату, ұрпақтар сабақтастығын дамыту. Өйткені, әйгілі Құрманғазы мен Динаның, Махамбет пен Исатай батырлардың Отаны саналатын Атырау салт-дәстүрге, тарихқа бай өлке саналады. Демек, біздің бір-бірімізден үйренеріміз де, үлгі етеріміз де көп.
Оңтүстік Қазақстан өңірі өнер мен мәдениетке қашан да қолдау көрсетіп келеді. Сол себепті, талантына талайлар сүйсінген өнер тарландарының Оңтүстік өңірден түлеп ұшатындығы да заңдылықтай көрінеді. Қазақ және аралас тілде өнер көрсететін сегіз облыстық драма театрымен, опера және балет театрымен, тарихи-мәдени этнографиялық орталығымен, Хакім Абай мұражайы, «Оңтүстік – цирк» және «Отырар» кітапханасы сынды тамаша рухани орталықтарымен масаттанатын өңірімізді мәдениет саласында одан да зор жаңалықтардың күтіп тұрғандығын атап өткім келеді. Мәселен, бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі мен Мәдениет министрлігі арасында келісім жүргізілуде. Ондағы мақсатымыз – балаларға арналған киностудия ашу. Себебі, жастарды патриоттық бағытта тәрбиелеуде, оларды отансүйгіштікке баулуда кино жетекші рольге ие.
Мәдениет пен өнер саласында атқарылып жатқан маңызды қадамдардың бірі ретінде Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында жүзеге асқан шараларды атап өткім келеді. Атаулы датаға орай, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі 79 іс-шараны бекітті. Бүгінде шаралар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Соның ішінде, Қазақ хандығының негізін қалаушы Керей мен Жәнібек хандар туралы түсірілімі басталған анимациялық фильмнің маңызы зор. Тағы бір мәселе, «Айғақ» телеканалы президентінің жетекшілігімен жүзеге асырылған экспедиция нәтижесінде деректі фильмнің түсірілуі өз алдына үлкен жаңалық болды.
Аталмыш телеканал өкілдері Мәртөбе, Отырар, Түркістан, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан облысы, Батыс өңірлерін аралап, экспедиция нәтижесінде деректі фильм түсірілді.
Облыс әкімдігі, Оңтүстік Қазақстан облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан түрлі бағыттағы экспедициялардың нәтижесінде бұрын-соңды аты аталмаған 17 автордың шығармалары жарыққа шығарылды. Сонымен бірге, мүмкіндігі шектеулі таланттарға да түрлі бағытта қолдау көрсетіліп келеді. Мәдени бағыттағы шараларды былай қойғанның өзінде, кәсіпкерлік салада да қолдау бар. Мәселен, жақында мүмкіндігі шектеулі жандар жиһаз шығаратын кәсіпорынды іске қосты. Онда мүмкіндігі шектеулі қыздар мен жігіттер қызмет көрсетеді.
Оңтүстік өңірі өнер мен мәдениетке қашан да қолдау көрсете білген киелі өлке саналады. Осы орайда, мәдениет саласы қызметкерлерін әлеуметтік пакетпен, соның ішінде жатақханамен қамтамасыз ету мәселесінің келер жылғы бюджетте қаралатындығын атап өткім келеді.
Дәстүр мен тарихқа, рухани құндылықтарға толы Атырауды киелі өлке десек, мұндай мәдениет саласындағы тәжірибе алмасуға бағытталған шаралардың берері зор екендігін ескеруіміз қажет. Себебі, рухани құндылықтардың ұрпақ сабақтастығында алатын орны ерекше. Атырау жерінде өтіп жатқан айтулы шараның мәні де, түйіні де осында.