Елемес МАҒАЗОВ: «ТЫҢДАРМАНЫ БАР ҰЛТТЫҚ ӨНЕР СҰРАУСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ»

Батыстың дәстүрлі ән мектебі, соның ішінде Мұхит, Ғарифолла мақамдарының ізін жалғап жүрген атыраулық әнші-сазгер, ҚР Мәдениет қайраткері, республикалық сал-серілер байқауының лауреаты Елемес Мағазовтың шығармашылық кеші облыстық Махамбет атындағы қазақ драма театрында өтті.
Алпысқа тарта әннің авторы атанған сазгердің осы кеште жиырмаға тарта әні орындалды. Қайсарлыққа, кейде нәзік лирикаға толы, енді бірде әзіл-оспаққа құрылған әндерінің шығу тарихы кімді де болсын қызықтырғандай. Шығармашылық кештен соң әндерінің шығу тарихы, өнер туралы әнші-сазгердің өзімен тілдескен едік.

 

– Елемес Мағазұлы, бұл жолғы шығармашылық кешіңіз несімен ерекшеленді?

– Иә, алғашқы шығармашылық кешімді осыдан жиырма үш жыл бұрын бард ақын Табылды Досымовпен өткізген едім. Алпыс жас мерейтойыма орай өткізілген бұл жолғы кешке Алматыдан сатирик досым Көпен Әмірбек, Астанадан Президент әкімшілігі жанындағы оркестрдің әншісі Бибігүл Сауытова, Оралдан ҚР еңбек сіңірген әртіс Қанатқали Қожақов, әндерімді шетелде де орындап жүрген әнші Сағадат Рахметжанов, Армат Алдамжаров, Ақылбек Хакімов келді. Армат Алдамжаров Көпен Әмірбектің сөзіне жазылған «Әттеген-ай» атты әнімді орындаса, Ақылбек «Ақ халатты еркем-ай» атты әнімді әуелетті. Сондай-ақ, жиырма  бес жылдан бері  «Қазақ» радиосының алтын қорына енген және қазіргі заманға сай лирикалық, жеңіл ырғақта жазылған әндерім кеште айтылды. Атап айтқанда, «Атырауым – ақ отауым», «Жұмекенге арнау», «Жылыойдан шыққан ару-ай», «Құныскерейдің ақырғы аманаты», «Аманғалидың ақырғы сөзі», «Әттеген-ай» т.б. әндерім орындалды.

– Өзіңіз атаған «Аманғалидың ақырғы сөзі» деген әніңіздің шығу тарихына тоқталсаңыз.

– Елім деп өткен ерлердің істерін ұрпаққа аманаттап, айтып отыру – біздің парызымыз. Ардақты ерлеріміздің бірі, Нарынның намысты ұлы атанған Аманғали Кенжеахметұлы қолына қару алып, сол кездегі солақай саясатқа қарсы шыққан ерлердің бірі болған. Аманғали  бабамызды әкем 1925 жылдары екі рет көріпті. Аманғали батыр жайында әкемнен көп естідім. Ақын Табылды Досымов Аманғалидың ерліктері туралы өлең шығарған еді, мен соған ән жаздым. Бұл әнді сахнада алғаш орындаған оралдық әнші Сағадат Рахметжанов.

Сазгерлікпен қоса, ақындық шабытыңыздан туындаған біраз тамаша тарихи туындыларыңыз бар. Осындай тарихи тақырыпта қалам тербеуге туған жер, өз ортаңыз әсер етті ме, әлде тарихи тақырып жүрек қалауыңыз ба?

Ақын Жұмекен Нәжімеденовтің балалық шағы өткен Қошалақтан қырық шақырым арқаға қарай кететін Ақжонас құмында туып-өстім. Ауыл қарияларының әрбір әңгімесі тұнып тұрған қазына еді ғой. Олардан көптеген тарихи тұлғалар жайында естеліктер тыңдап өстім. Сол әңгімелер менің жаңа әнімнің дүниеге келуіне септігін тигізді.

Мектепті тәмамдаған соңАтыраудағы ауыл шаруашылығы техникумын мал дәрігері мамандығы бойынша бітірдім. Кейін қабілетіме қарай әншілік жолға түстім. Сөйтіп, Алматыдағы Ғарифолла Құрманғалиев сыныбынан алты ай бойы сырттай дәріс алдым. Содан сексенінші жылдардан бері Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияда әнші-орындаушы болып қызмет етіп келемін. Қазір, табиғи талантымды көрсете алғаным үшін өзімді бақытты санаймын. Өзімді кейде «Жолы болған әншімін бе» деп қаламын. Өйткені, бүгінде Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының түлектері менің шығармашылығым жайында ғылыми жұмыстарын қорғап жүр.

Сіздің осындай биікке көтерілуіңізге себеп болған, өзіңізді өнер жолына баулыған абзал ағалар жөнінде не айтар едіңіз?

– 1979 жылы Құрманғазы аудандық мәдениет үйінде автоклуб меңгерушісі болып қызмет еттім. Сол жерде еңбек етіп жүргенімде әдейі шақыртумен облыстық Н.Жантөрин атындағы филармонияға әнші Мекес Төрешовтің айтуымен қызметке келдім. Мені өнерге алғаш баулыған Хаттар Дүйсемәлиев екенін ерекше атағым келеді. Мен сол кісі арқылы Бәкір Тәжібаев ағамызбен таныс болдым. 1980 жылы Алматыдан әндерімді күйтабаққа түсірдім. Осы уақыттарда Ғарифолла Құрманғалиевпен танысып, елуге тарта ән үйрендім. Мен ән шырқағанда Ғарекеңнің «айналайын, әнші болайын деп тұрсың» деп көзіне жас алғаны есімде. Сондай-ақ, менің қабілетіме ерекше баға беріп, ризашылығын білдіріп жүретін белгілі композитор Ілия Жақановты әр кез айтып жүремін. 

Әндеріңіздің тақырыбы әрқилы. Көпшілігі тарихи, арнау болса, енді бірі әзіл-оспаққа құрылған. Мысалы, сықақшы Көпен Әмірбектің сөзіне жазылған «Әттеген-ай» әнін айтуға болады. Сықақшы ақынмен шығармашылық байланысыңыз жайында айтып өтсеңіз?

– Сонау 1991 жылы сал-серілердің республикалық бай-қауы болды. Сол байқауда бас жүлдеге ие болдым. Әділқазылар құрамында Әсет Бейсеуов пен Көпен Әмірбек те болған, етене жақын араласып кеттім. Байқау соңында Көпен қолыма қағаз қыстырып: «Осы бір әнге сөзін жазшы, сенің қолыңнан келеді» деп қолқа салған еді. Мен ойланып-толғанып «Әттеген-ай» әнін шығардым. Бұл әнді сахнада тұңғыш рет оралдық Қатимолла Бердіғалиев орындаған еді. Жалпы, менің оннан астам әнімді халық арасына танытқан – Қатимолла Бердіғалиев еді. Көпен ақын менің бірде-бір шығармашылық кештерімді жібермей, қатысып келеді. Бұл менің өнеріме берген бағасы, көрсеткен құрметі деп білемін.

– Көпшіліктің пікірінше, қазіргі уақытта дәстүрлі ән эстрада әндерінен қалыс қалып келеді. Сіз бұл жайында не айтасыз?

– Қазір эстрада жақсы жандануда. Ал, өзінің тыңдарманы бар ұлттық өнеріміз де сұраусыз қалмайды. Бәйгелі аламанда әркім бағын сынауда. Алайда, мұның жанында дәстүрлі ән қалтарыста қалып, тыңдалмай жатыр деген сөз емес. Бұл да бір уақытша құбылыс деп түсінемін. Әр нәрсенің өз кезегі болады. Қазіргі уақытта да дәстүрлі әндердің қатарын көбейтіп,  шығармашылық репертуарымды байытып,  тарихи тұлғалар жайында ән-термелер жазу үстіндемін.

Әңгімеңізге рахмет! Шығармашылық сәттілік тілей-міз!

Нұргүл ЫСМАҒҰЛ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз