Жарнама
Мәдениет

Дәстүрлі ән өнерінің дарабозы

Жыл сайын шілде айының алғашқы жексенбісі елде Ұлттық домбыра күні ретінде аталып өтеді. Атаулы күнге орай халқымыздың дәстүрлі ән өнерін насихаттаушы, әнші-термеші Мекес Төрешев туралы сөз қозғап, әңгіме арқауына айналдыруды жөн көрдік. Оның өзіндік себебі де жоқ емес. Өйткені ағамыз қазақтың әні арқылы Атыраудың атын алысқа танытып, даңқын асырды. Оған қоса, даңғайыр даланың дарынды перзенті, дәстүрлі ән өнерінің дарабозы атанған Мекес Төрешев ортамызда жүрсе сексен бес жасқа толып, мерейтойын дүйім ел болып тойлап жатқан болар едік.

Мекес Төрешев – қазақтың дәстүрлі ән өнерінің көрнекті өкілі, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» орденінің иегері. 1940 жылы 15 маусымда Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданындағы Қарақұс елді мекенінде дүниеге келген ол Атырау (Гурьев) облысы Құрманғазы ауданына қарасты Сүйіндік ауылындағы орта мектепті бітіргеннен кейін, сол ауылда еңбекке араласқан. Дарынды өнерпаз бала кезінен қолына домбыра ұстап, анасы Мәдинаның тәрбиесімен өнерге ұмтылады. Бозбала шағынан той-думанда ән салып, ауыл өнерпаздарынан көп үйренеді.

Өнер жолын 1960 жылы Алматы қаласындағы «Қазақконцерт» бірлестігінде бастаған Мекес Төрешев 1967 жылдан бастап 2007 жылы дүние салғанға дейін Атырау облыстық Нұрмұхан Жантөрин атындағы филармониясының жеке солисі болып жұмыс істеді.

Орындаушылық мәнері өзгелерге ұқсамайтын, ерекше үнді Мекес аға әнді терең сезіммен, шеберлікпен тыңдарманының жүрегіне жеткізе білетін. Домбыра тарту шеберлігі де өз алдына бір мектеп-тұғын. Сонымен қатар, өнер иесі Дина Нұрпейісова атындағы Атырау музыка колледжі-Халықтық музыка Академиясында «Халық әні» сыныбынан дәріс беріп, жас өнерпаздарды тәрбиелеуге атсалысқан.

Ол – қазақтың ән өнерінде өзіндік орны бар, ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан дара да дана тұлға. Жастайынан «Әнші Мекес» атанған ол туабіткен дарынын Ғарифолла Құрманғалиевтің әндерімен шыңдап, Батыстың дәстүрлі ән мектебін қалыптастырушы Мұхит Мерәліұлының орындаушылық шеберлігіне ерекше назар аударып, соған еліктейді. 1990 жылдары Атырау өңіріндегі Мұхит пен Ғарифолла әндерін нәшіне келтіріп орындайтын дара да дүлдүл әншіге айналды.

Әр жылдары Ресейдің Астрахан облысында, Моңғолия елінің Баянөлгей аймағында, 1994 жылы Дина Нұрпейісова атындағы оркестрмен бірге Түркия еліндегі Дүниежүзілік фестивальде және Өзбекстан, Түркіменстан, Қытай Халық Республикалары, Қарақалпақстан елдерінде болып, өнер көрсеткен.

Ұлт мәдениеті мен өнерін дамытудағы ұзақ жылғы маңдай тері «Құрмет» ордені, басқа да жоғары мемлекеттік наградалармен, 1992 жылы Қазақстан Республикасы Прези-дентінің Жарлығына сәйкес «Қазақстанның еңбек сіңірген артисі» құрметті атағымен ұлықталды.

Қасиетті өнер жолын таңдаған М.Төрешевтің домбырасының тарихы да өз алдына бір дүние. 1960 жылы «Қазақконцерт» бірлестігінде әнші болып жүрген кезде күйші Оқап Қабиғожиннің зайыбы Мекестің даусын естіп, өнеріне риза болыпты. Сол жолы оған: «Ағаңның бейнетін бермесін, өнердегі бағын берсін!» — деп, батасын беріп, күйшінің домбырасын сыйға тартқан.

Бұл 1936 жылы композитор Ахмет Жұбановтың тапсырмасымен шебер М.Романенконың күйші Оқап Қабиғожинге арнап жасаған домбырасы екен. Әнші осы домбыраны жарты ғасырға жуық қолынан тастаған жоқ. Тіпті, қатты науқастанып, ауырған шағында да жұбайы Жақсыгүлге: «Алға қарай домбырамның тағдырын Иманғали Тасмағамбетов шешеді. Сол кісінің рұқсатынсыз ешкімге бермеңдер» — деп  аманат айтқан екен. 2008 жылдың қазан айында Атырауға арнайы келген Имекең әншінің шаңырағына барып, рухына дұға етіп, құран бағыштаған соң, қасиетті домбыраны Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейіне табыс етуді өтінеді.

Осылайша, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, тамаша әнші Мекес Төрешевтің домбырасын жұбайы Жақсыгүл Рахманқызы музейге 2008 жылы тапсырған. Қазір музей қорында арнайы нөмірмен сақталған 19 пернелі, құрама шанақты домбыраның сабының ұзындығы – 48 сантиметр, беткі тақтайының ұзындығы – 38, ені – 18 сантиметр. Беткі тақтайында дыбыс ойығының екі жанына иректелген ойық салынған.

Эльмира ИБРАГИМОВА,

Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері

Суреттерде: Мекес Төрешев және оның музей қорында сақталған домбырасы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button