Далада түнеп, Бидайықта қонақ болдық
Осы аптаның сәрсенбісінде Жанкелдин ауданындағы Қызбел ауылынан «Бабалардың ізімен…» атты тарихи-этномәдени «Қызбел-Қандыағаш-Қарабау» экспедиция-жорығына шыққан Қостанай облысының тұрғындары, бокс және кикбоксинг бапкері Сәттібек Ысмайылов пен жеке кәсіпкер Ерлан Хұсайынов үш күнде 25 шақырымды артқа тастады. Жұма күні сол ауданның Бидайық ауылына келіп, аяқ суытты.
«Сапарымыз оң болды» дейді қос азамат. Біз Сәттібекке телефон арқылы байланысып, жағдай сұраған едік.
– Жолдағы Ахмет Байтұрсынұлы бабамыздың кесенесіне кіріп дұға жасадық. Бидайық ауылындақұдайы қонақ болып біз түскен Ғабиден Ахмеджанов деген кісінің шаңырағынан баласы Рүстем қарсы алып, қонақ етті. Одан әрі қарай жолға шығып кеттік. Бұл бастамамыз өте қызықты өтуде. Басында, әрине, шамалы бейімделу уақыты болды. Арқамызда жүк, рюкзак соның бәрін арқалап жүру оңай емес. Міне, үшінші күн оған да үйрендік. Далада түнеп, алдымызда кезіккен бір бөлімшеге тақағанда ауылдың азаматтары қарсы алып, дастарқанға шақырды. Қазір Ақтөбе облысының аумағына кірдік. Мұндай экспедицияға алғаш шығуым. Бірақ бұрын да далада түнеп жүргенбіз. Біздің тілеуімізге орай ауа райы да тамаша болып тұр. Қазақтың кең даласы деген керемет қой. Киік деген өріп жүр. Жолда жылан көрдік. Осындайда қазақтың кең даласын көріп қуанады екенсің. Соны бағалай білуіміз керек. Ақтөбе жерінде де күтіп отырған азаматтар бар. Негізгі мақсатымыз – бірлігімізді нығайтып, бәріміз бір қазақтың баласы, ұрпағы екенін таныту. Бабалар рухын қастерлеп, Тобыл мен Жайықты жайлаған елдің арасындағы ұрпақтардың рухани байланысы нығайтып, ішкі туризмді, спортты дамыту. Ен далада ұялы байланыс жоқ. Байланыс бола қалса хабарласамыз. Қызықты жайт айта кетсем, бізді шығарып саларда үлгере алмай қалған кісілер артымыздан қуып жетіп, сәттілік тілеп, бізді суретке түсіріп алып жатты. Жағдайымыз жақсы, сәттілік тілеп, жағдайымызды біліп хабарласып жатқандарыңызға алғысымыз шексіз. Алда әлі қызықтар болады деп ойлаймын, – дейді экпедиция мүшесі Сәттібек Ысмайылов.
Бұл шара ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналып отыр. Экспедицияға шыққан қос азамат ХVІІІ ғасырда қалмақтардың шапқыншылығы кезінде Кіші жүздің руларына көмекке барған Өтей батыр басқарған Орта жүз батырларының жолымен жүріп өтуді жоспарлады. Аталмыш жорықтың қашықтығы – 1200 шақырымның шамасында. Әрине, Өтей батырдың кіндік қаны тамған жері – Қостанай облысының Жанкелдин ауданындағы Саға (Қызбел) ауылынан басталып, Ақтөбе облысы арқылы Атырау облысының Қызылқоға ауданындағы Қарабау ауылының күнбатысындағы батыр қорымына дейін жақын жер емес. Әйтсе де, осы аралықты жаяу жүріп өтуге бекінген қос азамат жол бойындағы елді мекендерге соғып, тұрғындармен кездесу өткізуді де жоспарлап отыр.
Ал, шараның негізгі мақсаты – Қостанай облысындағы бір топ меценаттардың қолдауымен Өтей батыр қорымын туристік аймаққа айналдырып, Қостанай, Ақтөбе, Атырау облыстары арасындағы рухани байланысты берік етіп, батыр баба есімін, ел аузында жүрген ерлігін таныта отырып, рухани байлығымызды кемелдендіре түсу.
Аталмыш шараға қостанайлық «Милх-Новый день» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі демеушілік етіп, «Ұрпақ» қоғамдық қоры қолдау көрсеткен. Ал, «Atyray» қоғамдық-саяси газетінің бастамасымен шараға «Қостанай таңы», «Ақтөбе» газеттері ақпараттық қолдау көрсетіп отырғанын айта кету керек.
Экспедиция-жаяу жорық 25 күнге созылады деген жоспарланған.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА,
«Қостанай таңы» газетінің тілшісі.
арнайы «ATYRAY`» үшін