«БЕСІК ТЕРБЕП ОТЫРЫП ЖЫР ЖАЗАМЫН…»
Ағарып таң келеді, қара түнді ысырып,
Езген еді еңсемді, көңілімді түсіріп.
Таңмен бірге тағы да тіршілікке ұмтылдым,
Үмітімнің үкілеп, бозторғайын ұшырып, – деп жазған екен ол өзінің «Ағатай» баспасынан 2009 жылы шыққан «Махаббат мазары» атты кітабында. Иә, ақын жаны сәби сияқты, сәл нәрсеге қуанып, сәл нәрседен жүдеп қалады.
Жайықтың ақын қыздарының саны өсіп келеді, шүкір! Құлсарылық Сәулеш Шәтенованың да өлеңдері өмірдің өзіндей шыншылдығымен, қыз балаға тән сыршылдығымен жүректі баурайды. «Сәулелі сәт» кітабын оқыған адамның ақын қызбен сырлас, мұңдас болып кететіні және рас.
Өлеңде өзіндік қолтаңбасы бар Әлия Дәулетбаеваның өлеңдері де шаршаған жүрекке медет болып, мынау жалған дүние жүгін аз да болса жеңілдетері сөзсіз.
Әлдеқайдан естіліп аңсаған үн,
Жұмақ түннің сездірді мың ғажабын.
Күнұзаққа сезілмей шаршағаным,
Бесік тербеп отырып жыр жазамын, — деген ол ақындық тағдырдың өзіне тән бақытын, шаттығы мен мұңын да оқырманға әдемі жеткізеді.
«Сағыныш қалды көзімде» атты жыр жинағын оқып отырып, ақын Бақытгүл Бабаштың да жырларының оқыған адамды тереңіне тарта түсетініне куә болдық. Ақынға тән аңғалдық, адал сезім, адамгершілік болмыс оның өлеңдерінен шуақ шашып тұрғандай. Ақын қыздардың тізбегін әлі де жалғастыра түссек, Нұржамал Өтеғұлованың да тағдырлы ақын екеніне көзімізді жеткізер едік. Өзіне тән өр дауыспен, асқақ серпінмен болашақ күндермен сырласады, «Ақ тілек» атты жыр жинағынан осыны ұқтық.
Өлеңіммен өмірді көрікті етем,
Ақын қызға қайғы-мұң серік пе екен?!
Кінәлама, көзіңнен танып тұрып,
Жанып тұрып, соңыңнан еріп кетем, — дейді ол ақтарыла.
Ғалымдық жолды ақындығымен ұштастырған Гүлбану Сабырованың да өлеңдерінің айтары көп. Философиялық ой, психологиялық иірімдерімен есте қалатын Гүлбану өлеңдерінде жан дүние экологиясы сөз болады. Қасаң тартқан сезімдер, түте-түтесі шығып тозған адамдық, кірлеген көңіл оқырманды ойға шақырады.
Өлең жүгін көтеріп жүру, оны төмендетіп алмау үшін жанын салу, салмағын ауырлатып, құнын арттыру үшін жыр әлемінің өзіне тартқан азабы мен мұңын шаттық-қуанышымен теңдей бөлісу, әрине, түсінген жанға қиынның қиыны. Алайда, адам тағдырын таңдап алмайды. О бастан маңдайға жазылғаннан ешкім де қашып құтылмаған. Өлең музасының дертіне шалдығып, сөз өнеріне өз өмірінен орын берген Ұлмекен Шәукенованың «Менің хұсни хаттарым» кітабын оқыған жан бір демде ақын қыздың жан сарайымен тұтастық тапқандай болады.
Болғанға қалыппын көндігіп,
Қанша рет таң ата сөнді үміт.
Жымия саламын қит етсе,
Қайғымды күлкіме жеңдіріп, — дейді ол мынау фәни дүние, тұрлаусыз тірлік туралы.
Қазіргі таңда Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде оқитын Нұргүл Қалимолданың да аяқ алысы тәп-тәуір. Адамзатқа өзінің алғаусыз арманын айтып, шуақты таңдарға қол созған Нұргүлдің жан-дүниесіндегі тазалық, мөлдірлік тәнті етеді. Өзінің аңқылдаған жүрегімен барша жанды қуантқысы келіп тұратын осы бір қарапайым қыздың жан жүрегінде небір ойлардың көмбесі, асыл қазына жатқаны анық. Біз білетін Жайықтың ақын қыздары, Фаризаның сіңлілері – осылар. Ал, біздің қаламымызға ілінбей қалғаны қаншама?!
Гүлзада РАХМЕТҚЫЗЫ.