Бейбарыстың өнердегі бейнесі
Ұлы бабамыз Бейбарыс сұлтанның өмір тарихы жөнінде қазіргі қолда бар деректерге қарағанда, ол туралы аңыз әңгімелер еліміздің ауыз әдебиетінде болмағанмен, билік құрған елі – Мысырда талай ертегілер мен хикаялар мол тараған. Тіпті, ауыздан ауызға іліккен талай күндер айтып тауыса алмайтын роман-эпостар туыпты.
Солардан жинақтап, ықшамдап тұңғыш рет араб тілінен орыс тіліне В.Кирпиченко аударған «Жизнеописание султана аз-захира Бейбарса» атты аңыз роман Мәскеудің «Художественная литература» баспасынан 1975 жылы басылып шыққан. Оны қазақтың әдебиетші ғалымы Сауытбек Әбдірахманов қазақ тіліне аударған болатын. Бұл еңбек тарихи ірі тұлғаның 775 жылдық мерейтойына тарту етілген-ді. Осы хикаялардың негізі Сұлтан Бейбарыстың замандасы әрі хатшысы Мухи әд-Дин ибн Абд әз-Захирдің (1223-1292), тарихшылар әл-Макризи (1364-1442) және ибн Тагри Бердидің (1409-1470) жазба еңбектері болып есептеледі.
Египет халқы тарихи жазбаларды ауызша таратумен бірге, үстемелеп эпизодтар қоса берген. Египеттің мәмлүк сұлтаны Бейбарыс туралы роман ғасырлар бойына осылайша толығып отырған. Ойдан шығарылған оқиғалармен жамала-жамала келе сұлтанның жарқын бейнесі араб елінің әр адамының жүрегіне жазылды. Шығарманың басты кейіпкерінің іс-әрекеттері қиял-ғажайып дәрежеге жеткізіліп суреттеледі.
Романның басты қаһарманы – Бейбарыс қиял араласқандықтан, тарихи қалпынан аңыз кейіпкеріне айналған. Ол адамзаттың асылы, ақылы асқан тұңғиық кемеңгер, қарамағындағы әр адамның абзал қамқоршысы ретінде суреттеледі. Шығарманың басталуынан-ақ Бейбарыс бойына таңғажайып қасиеттер дарыған адам болып көрінеді. Өзінің сиқырлы шоқпарының көмегімен біраз ерлік жасайды. Кейбір тарихшылардың «Бейбарыс сұлтанның о баста құл болды» дегенін халық жоққа шығарып, ол деректен аулақтатып әкетеді. Оны Хорезм мен Дербенттің әкімі Жамақ шах сияқты текті адамнан тараған ұрпақ етіп көрсетеді.
Бейбарыс – мұсылман, дінге шын берілген, барлық ізгі әдет-ғұрыптарды терең меңгерумен қатар, оны тыстың жала-шабуылдарынан қызғыштай қорғайды. Дін тәртібін қатаң ұстай біледі, ел ішіндегі дінге кереғар ұрлық, шарапқа құмарлық және тағы басқа мұсылмандық ғұрыпқа жат әдеттермен аянбай күрескен.
Сонымен бірге халық аңызы Бейбарысты ел басшылығына бұрынғы әкімдердің көзін жойып, күш арқылы жетті деген тарихшы жазбаларына кереғар ойлар ұсынады. Сүйікті сұлтанын ондай қанішер қылыққа қимайды. Мысыр елінің сұлтандығына ел алдындағы ерлігі мен беделі арқылы жетті деп бейнелейді. Туран-шах оған қарсы Бейбарыстың мәмлүктерді астыртын ұйымдастыру нәтижесінен өлді дегенді роман теріске шығарады. Бейбарысты ең адал, ақ адам етіп көрсету үшін Туран-шах қарауыл мұнарасынан мастықтан құлап өлді деген мағлұмат ұсынған.
Романда Бейбарыс барлық кезде кескілескен крестілермен болған соғыста да, моңғолдармен болған майданда да жеңімпаздығымен, күшімен, батыр әрі батылдығымен, әскери айла-тәсілімен, сарбаздарын ерлік істерге ұйымдастыра білген әрекеттерімен көрсетіледі.
Сұлтан ел байлығын арттыру үшін Мысыр аумағын кеңейте түсу жорықтарын жасаған, ел ішіндегі әділетсіз бас көтерулерді жөнге салып, халықты бәдауилердің шабуылынан сақтаған. «Мың бір түн» хикаяларындағы ертегі кейіпкері әділетті һарон ар-Рашидке ұқсап көпестің киімін киіп, түнгі қала көшелерін аралаған. Ондағы мақсаты – қараңғылықты пайдаланған қарақшылар мен бұзақылардың арам әрекеттеріне тыйым салу еді. Хикаяның Бейбарысты бұлай дәріптеуі оған деген халықтың шексіз сүйіспеншілігінен туған.
Бас кейіпкердің қаныпезер қарақшы Қалауынның қолынан қаза табуы, шығармада үлкен ашу-ыза, ашынумен баяндалған. Міне, Мысыр елінің осындай ертегі жанрындағы хикаясының қыпшақтың ұлы перзентін құрметке бөлеуі туған елінің сегіз ғасырдан кейінгі ұрпағының жүрегіне бабасы үшін мақтаныш сезімін ұялатады.
Бейбарыс сұлтан жайындағы әдеби деректің бірі ағылшын жазушысы Джеймс Олдридждің «Каир» атты туындысында кездеседі. Жазушы оны жалпы Каир қаласының арғы-бергі тарихына арнап, очерк типті жазба қып ұсынған. Мұнда Бейбарыс туралы мағлұмат – кітаптың бір бөлігі ғана. Сұлтан мұнда әдеби кейіпкер дәрежесінде бейнеленбеген. Бұл шығарманың құндылығы – оған берген бағасында, қандай ел басшысы болғанын тамсана жазуында. Мәселен, ел билеу дәстүріне сай оның Каирдегі сарайы ертеректерде айтылатындай аса сәулетті болған, әрбір сарай адамына қызметіне орай лайықты лауазымдар берілген.
Билеуші елдің байлығын ойдағыдай пайдалануға керекті көптеген каналдар қаздырып, құрылыс орындары мен әскери бекіністерді қайта жасақтатқан. Мысыр елі өркендеген кезде Каир адам танымастай болып жасарған. Сыртқы саудада көп табысқа жеткен. Өзі басқарған елде тыныштық орнатқан деген деректерді келтірген.
«Жусандағы» баба ролі
Бейбарыс туралы өз топырағымызда туған туынды 1967 жылы жарияланған қазақстандық орыс жазушысы Морис Симашконың «Жусан» атты тарихи повесі.
Сұлтан Бейбарыс жайында әлі талай шығармалар туар, бірақ Морис Симашконың бұл повесінің тарихи ролін айтпай кетуге болмайды. Бабамызды көзімізге тұңғыш елестеткен туындыны бұған дейін елемеппіз. Сұлтанның биылғы 800 жылдық мерейтойы қарсаңында бұл шығарма да, оның авторы да еселенген алғысқа бөленуге лайық. Морис Симашконың «Жусан» повесі бастан-аяқ бір ғана кейіпкер – Бейбарыс сұлтанның өмірін сюжетіне арқау еткен. Шығарма көлемі де шағын – отыз ғана беттік, бірақ көп нәрсені біздің көз алдымызға елестетеді. Бейбарыстың жас құлдық шағынан соңғы демі біткенге дейінгі бастан кешкендерін ықшам да мәнді жинақтап, суреттеп берген. Шығарма құрылысы қызық. Әмірші сұлтан өмірінің өткен алыс жылдарын тірлігінің соңғы сәтінде еске алып, көз алдына елестеткені көрсетіледі де, кейіпкердің басынан өткен оқиғалар баяндалады. Оның бұл жерге қайдан пайда болғаны есінде жоқ, бала шағынан қазіргі отырған қаһарлы әміршілік кезге қалай жеткені оқырман көз алдынан кино лентасындай өтеді.
Шығарма былай басталады: «Бейбарыс сұлтан тоқтап жұдырығын түйді. Сөз көмейіне қайта тығылды. Айтып қалуға шақ қалды, сөздің ащы дәмі аузына келді. Бұл сөз онымен мәңгі бірге келеді. Тіпті сөз емес, бейне жылаудай естіледі. Таңда оянып, көзін ашқан сәтінде, бүгін ғана сөзге айналып еді, бірақ көмейінде тұншығып әлі тұр. Бұл не сөз?».
Бұл Бейбарыстың ежелден көмейіне тығылып кеп, алғаш дыбысталған «көке» деген сөз екен. Жылаудай әсер қалдырып, өмір бойы құлағында тұрды. Бұл, әрине, оқырман үшін де жұмбақ нәрсе сияқты. Бұл жұмбақ шығарманың аяғында шешіледі. Сұлтанның көз алдына жаудың сұр жебесі кеңірдегінен қадалып өлген әкесіне қайырыла, беймәлім кемпірдің қолында кетіп бара жататын баланың мойнын соза «көке» деп жылағаны құлағына естілгендей болады. Бұл бала кезден сұлтанның жан түкпірінде сақталған сөз екен. Айнала «Күннің шақырайған ыстығынан жарылып, қызған қызыл құм. Және ащы ақшыл шөп». Ащы шөп – жусан – символды сурет. Жусанның иісі – туған даланың иісі. «Көке» – туған ел сөзі, туған ел үні. Бейбарыстың бала шағынан өлгенше жан жүрегіне жазылған бұл белгі атажұртын аңсаған ердің арманы. Бұл беймәлім арман әлемге жоқтан пайда болғандай.
Міне, енді ол – құлдық тырнағында. Тіршілік үшін арпалысып келеді. Өзімен бірге тепкіде болған адамдардың қатарында. Көргені ит қорлық, тесік тамақ үшін арпалыс. Өйткені өлмеу керек. Өзі өлмеу үшін ол біреуді өлтіруі керек. Өлтіргені үшін таяққа тағы өлімші боп жығылады. Өсе келе табиғат берген күш, бойындағы қайрат-жігер мен тіршілік үшін майдан кешумен өтеді. Құлдар ортасында мықтылығымен көзге түседі, өткірлігімен бедел алады. Ел әмірі сұлтан Салық мәмлүктерден құрылған сарбаздар қатарына қосады. Қырық басы, мың басылық дәрежелеріне көтеріледі. Крестілермен, моңғолдармен соғыс кезінде майдандағы қимыл-әрекеті, әскербасылығы, жаумен шайқастағы жеңісі беделін арттыра түседі.
Мәмлүктердің басшыларының бірі Айбек мұнымен білек біріктіріп, мемлекет сұлтаны Салықты өлтіріп, таққа отырады. Қанішерлікпен жеткен Айбектің дәрежесі ұзаққа бармайды. Оны өлтіріп, тақты енді Құтыз иемденеді. Құтыздың қылмысты бірге одақтаса жүзеге асырысқанын, енді өзін өлтіруді жоспарлап жүргенін Бейбарыс біледі. Жаумен шайқастан жеңіспен оралған Бейбарысты Құтыз үлкен той-думанмен, салтанатпен қарсылайды. Бұл Құтыздың қулығы болатын. Ол Бейбарысты салтанатты сәтте өлтірмекші болып, жейтін тағамдардың бәрін улап қойған еді. Жеңісімен құттықтап алдынан шыққан Құтызды Бейбарыс бірден қылышпен шауып өлтіреді. Бейбарыстың бұл әрекетіне халық риза болады. Себебі, халық Құтыздың ел сұлтандығына құзғындықпен жетіп, елді аздырғанына ызалы еді.
Бейбарыс сұлтандық дәуірді бастайды. Ол таққа баққұмарлықпен ұмтылмайды. Бірінен соң бірі билікке жауыздардың келуі оны шектен тыс ашындырған еді. Сондықтан, ол күрт шешімге бел байлайды.
Бейбарыстың басқаруға ұмтылудағы басты мақсаты азған елді қалпына келтіру, халық тұрмысын жақсартуды шұғыл қолға алу, қайыршылықтан, жаугершіліктен құтқару, елге тыныштық орнату еді. «Жусан» хикаясында Бейбарыстың игілікті іс жолындағы биікке ұмтылысы шынайы, боямасыз суреттелген. Ол бөтен елде кірме боп жүргендігін жақсы білді. Бірақ, мемлекет ісінде кірмемін, бөтенмін деген жоқ. Өзінің өмірінің жарқын 17 жылын Мысыр елін гүлдендіруге арнады. Бейбарыс осы кемеңгерлік, адамдық тұлғасымен Сұлтан Салыққа, Айбекке және Құтызға қарама-қарсы қойыла көрсетілген бейне. Бейбарыстың адамдық ар биігі, ерлік қасиеті мен Салықтың, Айбектің, Құтыздың құлқынқұмарлық, нәпсіқұмарлық, елдің намысын аяққа басқан жауыздықтары қатар қойылады. Мысыр мемлекетінде бұрын-соңды көз көріп, құлақ естімеген, қолдан келмес істерді атқаруда, алуан жоспарын жүзеге асыруда оның жарғақ құлағы жастыққа тимеді. Бейбарыс хикаяда қарапайым құлдан өз кемеңгерлігі мен қайсарлығы, батырлығы мен батылдығы нәтижесінде тіршілік үшін арпалыстан ел билеу арманына қалай жетудің үздік үлгісі.
«Жусан» хикаясы ар-намысты, ел мүддесін биік ұстап, бағалау, көздеген мақсатқа талмай ұмтылыстың, сол жолдағы кескілескен әділетті күрестің көпшілік мүддесін көздейтін нәтижеге жеткізетіні, «ел үшін отқа түс – күймейсің» деген идеяны нұсқайды. Сонымен бірге Бейбарыс өмір-бақи өзінің туған елін аңсаумен өтті. Оның сәби кезіндегі қураса да қасиетін жоймайтын туған жердің асыл шөбі – жусан иісінің сезімінен өшпейтіндігі сияқты көкейде жазылған «көке» деген сөздің өшпеуі сұлтанның атажұртқа жету арманын оятумен келді, бірақ өзі ел тізгінін ұстауға дейінгі тіршілік үшін арпалыс, содан кейінгі ел алдындағы адамдық, азаматтық борыш бөгеу болған еді.
«Бөтен елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» ұраны туған елге деген сүйіспеншіліктен туса керек. Ол Мысыр елінің билігін енді мәмлүктер емес, араб халқының өз қолына тапсырып, бақилық сапарға аттанады. Ол араб жұртына тәуелсіздігі мен бостандығын мұра етті. Осы асқан мәрттігімен әлем халықтарының назарын аударып отырған әйгілі мемлекет жұртының аңызындағы сүйікті кейіпкеріне айналды.
Ұлы дала барысы
«Сұлтан Бейбарыс» атты көркемсуретті кинофильм 1990 жылы түсірілді. Фильмнің бас режиссері – Болат Мансұров. Фильм түсіру туралы ой өзегі 1965 жылы пайда болған. Ақын Олжас Сүлейменов пен Болат Мансұров М.Симашконың «Жусан» повесі бойынша сценарий жазады. Басты рольде Шәкен Айманов ойнайды деп жоспарланады. Фильмде көтерілетін тақырып заманға сай келмейтін болған соң, жоспар жүзеге аспайды. Содан бері талай жылдар жылжып өтті. Ш.Айманов қайтыс болады.
Мәселе қайта көтерілген сексенінші жылдардың аяқ кезінде Сұлтан Бейбарыс ролін артистердің ішінде тек қана Нұрмұхан Жантөрин ойнауға лайықты екеніне режиссер Болат Мансұровтың күмәні болмады. Себебі, ол әуелден «Құдай сыйлаған» дарындылықпен талай фильмдер мен рольдерге өзінің ойнау шеберлігімен мәңгілік ғұмыр берген болатын. Бабамыздың бейнесін жасап, тірілткен Нұрмұхан Жантөрин Атырау облысы Махамбет ауданында 1928 жылы дүниеге келген. 1990 жылы 62 жасында Алматы қаласында қайтыс болған. Ташкент театр көркемсурет институтының актерлік факультетін бітірген. Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген артисі, Қазақ ССР-інің халық артисі, екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту» және «Халықтар достығы» ордендерімен марапатталған. «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Оның күні туады», «Атаманның ақыры», А.С.Пушкин трагедияларында, У.Шекспирдің «Отеллосында», көптеген фильмдер мен спектакльдерде басты рольдерде ойнаған.
Жантөрин сомдаған Сұлтан Бейбарыс бейнесі – әлем киноөнерінде тұңғыш жасалған, үлкен шеберлікпен ойналған, мәңгілік өшпейтін ескерткіш.
«Сұлтан Бейбарыс» кинофильмі Тверь қаласында өткен Бүкілодақтық кинофестивальге қатыстырылды. Фильм көрермендер мен сарапшылар тарапынан жоғары бағаланып, басты ролді ойнағаны үшін Н.Жантөринге фестивальдің арнайы сыйлығы берілді. Бір ғажабы, фестивальге қатысқан 250-ге жуық талантты актерлердің ішінде нағыз шебер актерлер деп екі адам аталған, оның біреуі Сұлтан Бейбарыс ролін асқан шеберлікпен ойнаған өзіміздің жерлесіміз, даңқты актер Нұрмұхан Жантөрин еді.
Еңсесі мәңгі биік ескерткіш
2000 жылдың басында сол кездегі облыс әкімі Иманғали Тасмағамбетов республика мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі мәдениет департаментінің директоры Дүйсен Қасейіновтың қатысуымен «Мәдениетті қолдау» жылын ұйымдастыру жөніндегі облыстық комиссияның кезекті мәжілісін өткізіп, ол көптеген мәдени шаралардың ішінен Бейбарыс сұлтанның 775 жылдығына байланысты мәселеге айрықша тоқталды. Мұнда Бейбарыс сұлтанның есімін туған жерінде мәңгілік қалдыру жөніндегі шараларды толық қолдады. Бейбарыс сұлтанның 775 жылдығын 2000 жылдың қыркүйек айында атап өту, ескерткіш орнату, деректі фильмдер түсіру, сахналық қойылым дайындау, Бейбарыс туралы кітап шығару, ғылыми-тәжірибелік конференция өткізу жоспарланады.
Иманғали Нұрғалиұлы осы басқосуда комиссия мүшелері мен қонақтар алдында облыстық әкімшіліктің алдындағы Жайық жақ алаңды «Бейбарыс сұлтан атындағы алаң» деп атау жөніндегі шешімге қол қойды.
Ал, ескерткіш 2000 жылы ашылды. Ескерткіштің биіктігі астындағы тұғырымен қоса есептегенде 12 метр, салмағы – 120 тонна. Материалы – Алматы облысының Күрті ауданынан жаңадан табылған мықты мрамор. Оның бүкіл тұрпатынан, бет-жүзінен, дене тұрқынан оның ел басшысы екені және туған жерді аңсаған арман сағынышының белгілері байқалады. Ескерткіштің оң жағында – қазақтың киіз үйі, сол жағында – Египет пирамидасы бейнеленген.
Сұлтан болып басқарған Мысыр жері мен туған қыпшақ елінің ортасында кеудесін сағыныш кернеген Бейбарыс жүзі ой мен мұң-налаға толы. Киіз үйге: «Еліме, Жеріме, Суыма осы бір түркі елі ие болсын деп бастаған ісіміз еді» деген сөз ескі түрік алфавитімен жазылған. Пирамида – Мысыр елінің, Киіз үй – Қазақ елінің белгілері ретінде алынған. Осы екі белгінің ортасында Бейбарыстың түрегеліп тұрған алып тұлғасы оның екі елге ортақ екендігін танытады.
Мұндай тұла бойы тұнған идеяға бай үлкен ескерткіштерді жасау жыл жарымға созылады екен. Ал, баба бейнесін тығыз уақытта дайындау тапсырылғандықтан және іске ерекше шабытты құштарлықпен кіріскендіктен, барлығы бес-ақ айда тәмам болған.
Облыстық әкімшіліктің еңселі ғимаратының алдында, Ақ Жайықтың жағасында ұлы Бейбарыс елге деген сағыныштың, ел басқарудың мәңгілік белгісіндей халқына, ұрпағына рухани күш беріп тұр. Біз оны өшпес тарихымызды заманға, туған перзенттерімізге ерлікті, елдікті, мықтылықты, қайсарлықты, асқан адамгершілікті, елге деген сүйіспеншілікті, туған жерге деген махаббатты үлгі етудің символы деп білеміз. Бұл Қазақстандағы ең әдемі, ең мәнді, ең тұғырлы ескерткіштердің бірі болып аса асқақ көрінеді.
Қадыр ЖҮСІП,
филология ғылымдарының докторы, профессор