Жарнама
Мәдениет

Автобус – біздің үйіміз

Көшпенді өмір салты қазаққа таңсық дүние емес. Қыста – қыстауға, жазда – жайлауға көшіп, табиғатпен үндесе өмір сүрген халқымыз үшін бұл – болмыстың бір бөлігі. Алайда заманауи тұрмысқа сай бейімделген «көшпелі үй» – автобусты баспанаға айналдырып, ел мен жерді аралау бүгінде көбінесе шетелдік влогтардан ғана көріп жүрген тірлік. Бұл үрдіс енді өз елімізде де бой көрсете бастады. Солардың алғашқысы – атыраулық Алмат Лепесов. Ол жұмысын да, өмір сүру салтын да жолмен байланыстырып, арнайы жабдықталған автобуста гастрольдік сапарлармен қатар, отбасылық саяхаттарды да еркін үйлестіріп жүр. Күнделікті күйбең тіршіліктен бір сәт тынығып, балаларына табиғатпен етене өмірді көрсетуді мақсат еткен ол бұл істі сән үшін емес, шын ықыласпен, жан қалауымен бастапты.

– Алмат, оқырман әуелі өзіңізді танып-білгісі келеді…

– Оның еш құпиясы жоқ. Атырау қаласында туып-өстім. Қазір елді аралап концерттер мен түрлі мәдени іс-шараларды ұйымдастыратын Show Service компаниясына жетекшілік етемін. Бұл салада жүргеніме он бес жылдан асты. 2008 жылдан бері шоу-бизнес әлеміне қадам басып, Қазақстанның әр түкпірінде өнер иелерінің концерттерін ұйымдастырып келемін.

Жалпы еңбек жолым бұл саладан басталған жоқ. Бірнеше жыл Қапшағай қаласындағы десанттық-шабуылдау әскери бөлімінде қызмет етіп, әскердің темірдей тәртібін бойыма сіңірдім. Бес жыл аз уақыт емес. Бірақ дәл сол жылдар маған өмірге сергек қарауды, қиындыққа қаймықпай, алға ұмтылуды үйретті. Алайда уақыт өте келе жүрек қалауына ерік беріп, жан дүниеме жақын бағытты – шығармашылық әлемін таңдадым.

Ең алғашқы ұйымдастырған жобаларым Атырау, Батыс Қазақстан облыстарында өтті. Жергілікті деңгейде басталған бұл іс кейін үлкен форматтағы республикалық гастрольдерге ұласты. Сол кезеңде танымал эстрада жұлдыздарының сенімін ақтап, олармен тікелей жұмыс істей бастадым. Ұйымдастырушы ретінде сахна артындағы көзге көрінбейтін еңбекті сезініп, өнер адамдарының шабытына куә болу жан әлемімді байытып, күнделікті шабыт беретін күшке айналды.

– Өнер әлеміндегі белсенді жұмысыңызбен бірге, автобусты үйге айналдырып, саяхатқа шығуыңыз көпшілікті қызықтырды. Бұл неден туындады?

– Мұндай идея көптен бері көкейімде жүретін. Бала күнімнен ерекше нәрселерге қызығатынмын. Әлеуметтік желіден Еуропа мен Америкадағы өз көлігін үйге айналдырып, қалаған жеріне аялдап, еркін өмір сүріп жүрген адамдарына тамсанып жүретінмін. Сол қызығушылық көңіл түкпірінде көпке дейін сақталды.

Ақыры 2022 жылы Еуропадан автобус сатып алдым, құны шамамен 15 миллион теңге болды. Әуелгі ойым – жұмысқа ыңғайлы көлік жасау еді. Себебі елдің түкпір-түкпірінде концерт ұйымдастырып жүрмін. Танымал жұлдыздарды гастрольге шығарып, театр әртістерін ертіп, ел аралаймыз. Бір қарағанда қызық көрінгенмен бұл жұмыс оңай емес. Ұшаққа мініп, белгіленген қалаға жетесің, одан кейін қонақ үй іздеп сабыласың. Артынша сахнаға қажет жабдықтарды түсіріп, орнатып, концерт біткен соң қайта жинап, жолға жиналасың.

1f73e245 058a 413f 9b69 2ce38430292b

Мұндай қарбаластың артында қаржылық салмақ та жатыр. Мәселен, бір жолы Атыраудан Қатонқарағайға дейін жалпы ұзындығы 8 мың шақырымнан асатын сапарға барып қайттық. Шамамен 2700 литр дизель отынын шығындадық, бұл – миллион теңгеден астам қаражат. Оған техникалық қызмет, май ауыстыру тәрізді шығындарды қосыңыз!..

Былай қарасаңыз, автоүймен жүру де арзан емес сияқты. Бірақ бәрін жан-жақты таразылап қарасаңыз, бұл шығындар ұшақ, қонақүй мен көлік жалдаудан келетін шығынмен шамалас, кейде арзан болуы да мүмкін. Есесіне қалаған уақытыңда тоқтап, табиғат аясында тынығып аласың.

– Жылжымалы үйдің ішінде не бар?

– Автобусты үйге айналдыруға шамамен екі ай уақыт жұмсадым. Тек ішкі құрылысын жасауға 10 миллион теңге кетті. Әуелі YouTube платформасындағы бейнебаяндармен танысып, идеяны жетілдіріп, нақты жобалау жұмысына кірістім. Ең басты мақсат – гастрольдік сапарлар үшін барынша жайлы әрі тиімді кеңістік құру. Ішінде алты жеке жатын орын бар. Сосын толық жабық, жеке VIP-бөлме салдық, мұнда әртістер тынығып, жеке кеңістігін таба алады. Заттар мен киімдерді жайлы сақтау үшін бірнеше шкаф та бар. Кең холға бес жарым метрлік диван қойдық. Әжетханасы мен ас үй де бар, ұзақ жолда денеге түсетін салмақты ескеріп, массаж креслосын да орнаттым. Кез келген сапардан соң соған отырып, сәл бой жазып аламыз.

06ebb267 6745 471d bd61 4eef51a81395

Тіпті, оның ішіне Wi-Fi орнатылды, жолда жүріп жұмыс істеп, музыка тыңдауға немесе жаңалық оқуға ыңғайлы. Көңіл көтеру үшін мультимедиялық жүйелер де бар, балалар мен ересектерге арналған «Flestation» ойын консолі қосылған. Ең қызығы, «Алиса» виртуалды көмекшісі дауыспен басқарылады. «Алиса, музыка қой», «Қазір қай қаладамыз?» деген сұрақтарға өзі жауап береді.

Міне, осындай кешенді құрылғылар мен жайлылықтар арқылы әр сапарды ыңғайлы, әрі қызықты етіп өткізуге тырысамыз.

–  Бұл тамаша ғой!.. Әлеуметтік желідегі жазбаларыңыздан Қатонқарағайға жасаған отбасылық сапар көптің қызығушылығын туғызды. Әсерлі сапар жайлы айтып берсеңіз?

– Бұл сапар ұзақ болғанымен, өзімізге де ерекше әсер қалдырды. Өңірдің «Қазақстанның Швейцариясы» аталуы да тегін емес екен. Атыраудан Алматы арқылы жүріп, 4 мың шақырымнан астам жолды еңсердік. 24 шілдеде жолға шығып, 29 шілде күні Қатонқарағайға табан тіредік. Бірақ, бұл бес күн шаршататын емес, шабыт сыйлаған күндерге айналды. Әр қалада тоқтап, ас дайындап, балалармен бірге табиғатты тамашаладық, тынығып, елдің көркем аймақтарын аралап шықтық.

5f6d0740 1dba 4098 ae55 41d897ab3192

– Балалармен ұзақ жолға шығу қиын болған жоқ па? Отбасымен саяхаттаудың өзіндік ерекшеліктері де бар шығар?

– Саяхаттағанды жаным сүйеді. Қай өңірге барсам да, табиғатын тамашалап, өзіндік болмысын сезінуге тырысамын. Үш балам бар. Қазір бала атаулы үйде де, түзде де телефоннан бас алмайды ғой. Сол үшін оларды ара-тұра табиғатқа шығарып, шынайы өмірмен қайта қауыштырғым келеді. Бір сәтке болса да даланы, тау мен өзен-суды көріп, нағыз өмірдің дәмін сезінсе екен деймін. Сол себепті бала-шағамен бірге сапарға жиі шығуға тырысамын. Жолға шыққанда әуелі олардың телефонын жинап аламын. Әрине, алғашында онша қуана қоймайды (күліп). Бірақ оларды терезе жанына отырғызып алып: «Қане, осы сапардан не көріп, не түйдіңдер, үйге барған соң айтып бересіңдер. Кім қызықтырақ жеткізеді, соған сыйлық бар!» — деп қызықтырып қоямын.

Әр сапар тек жол жүру емес, үлкен бір естелікке айналуы керек деп есептеймін. Балаларым жол бойында қызықты бірдеңе айтуы, көргенін шын мәнінде түйсініп есте сақтауы үшін өзім де барлық жағдай жасауға тырысамын. Кейде жолшыбай өзен-көлдің маңында тыныстап, табиғатты тамашалаймыз. Бірге қарап, бірге тамсанамыз. Әрбір ірі елді мекеннің тұсынан өтіп бара жатқанда, қасыма отырғызып, сол өңірдің тарихын айтып беремін. Әр қала, әр мекен туралы аз-кем мағлұмат беріп отыру балалардың елді тануына, туған жерге деген құрметінің артуына сеп болады. Осылайша сапарымыз тек көңілді емес, мазмұнды да өтеді. Ең бастысы, балалық шағында ұрпақтың санасында осындай жылы, әсерлі сәттер естелік боп сақталып қалса екен деймін.

– Бәрін тастап, жолға шығу – көп адамның арманы. Бірақ соған көпшілігінің батылы жетпейді. Сізді бұған не итермеледі?

– Еркіндік туралы әркім әртүрлі ойлайды ғой. Біреулер үшін – шетелге кетіп қалу, біреулер үшін – жұмыс істемеу. Ал мен үшін еркіндік – өз өміріңе өзің ие болу. Уақытыңды, күшіңді, көңіліңді неге жұмсайтыныңды өзің шешу.

Күнделікті бір тәртіпке байланғым келмейді. Таңертең ерте тұрып, балаларды мектепке апарған соң, өзіме бір кесе шай немесе кофе құйып алып, жай отырғым келеді. Сондай сәтте ойланып, алдағы жоспарларымды жаттанды дағды-қалыпсыз реттеймін. Бәрі көңіл-күйіме, ішкі дайындыққа байланысты.

– Алда қай өңірге барып көруді жоспарлап отырсыз?

– Бұл автобустың арқасында гастрольмен де, отбасыммен де Қазақстанның талай өңірін араладық. Балалар да мұндай саяхатқа үйреніп қалды. Ендігі жоспарымыз – шекара асып, шетелге шығып көру. Нақты айтқанда, Түркия еліне отбасылық саяхат жасасақ деген ниет бар. Жол жүргенге, жаңа жер көргенге үйреніп қалған соң, бұйырса, бұл ойымыз да жүзеге асады деп сенемін.

– Ашық әңгімеңізге рақмет! Сіздің отбасылық сапарларыңыз көпшілікке шабыт берері анық. Жолдарыңыз әрдайым сәтті болып, армандарыңыз орындалсын!

Қазір қалың бұқара үшін қол жетпейтін, кейде тек қиялыңыздағы осындай ерекше өмір салтын көріп, шабыттанбасқа болмайды. Алмат Нұрболатұлының отбасы мен өнер әлемін бір арнаға тоғыстырып, жолды өз үйіне айналдыруы – бүгінгі заманның ерекше үлгісі. Осындай адамдардың арқасында біздің елдің мәдениеті мен табиғаты жаңа қырынан танылып, болашағына сенім артуға негіз қаланары сөзсіз.

Тоғжан ЕРЖАНҚЫЗЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button