Әуесқой театрлар сынға түсті

img 20220426 wa0079 Мәдениет

«Театр – хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер» деп Ғабит Мүсірепов баға бергендей, халықтың  тұрмыс тіршілігінің айқын көрінісі театр өнері. 

Таяуда Атырау қаласының Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында Халықаралық театр күніне орай «Театралдық Олимп-2022» ІІ қалалық әуесқой театрлар фестивалі өтті.  

Фестивальға 8 театр қатысып, өз бақтарын сынады. Сайыскерлерге  Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Махамбет атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері  Төлеген Жангелдиев, «Ара Атырау» сатира театрының көркемдік жетекшісі, «Жастар» сыйлығының лауреаты Нұрбек Мәдиев және облыстық ғылыми-әдістемелік халық шығармашылығы мен мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығының әдіскері Райгүл Қабдолова әділ төрелік етті.

Бәйгеге түскен бақ сынаушы әуесқой театр актерлары шеберліктерін көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. 

—Әуесқой театр болған соң, кәсіби актерлардың шеберлігімен салыстыруға болмайды. Себебі екі театрдың деңгейі мүлдем бөлек. Әйтсе де бұл қатысушылардың арасынан болашақта мықты актер немесе сауатты, театр қойылымын талдай алатын көрермен шығатынына сенімім мол, – дейді қазылар алқасының төрағасы Төлеген Жангелдиев. 

«Театр — көңіл көтерудің ғана орны емес, мәдени ошақ» деп жыр құлагері Ілияс Жансүгіров айтқандай, аталмыш театр фестивалі де көрерменнің көзайымына айналды.

Сайыс соңында әр қатысушы ұжымға фестиваль дипломы мен сыйлықтар табысталып, фестивалдің арнайы 5 номинациясы бойынша үздіктер танылды. «Үздік қойылым» номинациясы бойынша «Зеркало» театры, «Қызықты режиссерлік шешім» – «Халықтық» «Орыс» театры, «Үздік музыкалық әрлеу» – Саңыраулар клубының «Брависсимо» ымдау театры, «Үздік сахналық әрлеу» – 8 орта мектептің «Вдохновение» драма үйірмесі, «Үздік роль орындаушы» номинациясы бойынша Амангелді орта мектебінің драма үйірмесінің мүшесі Исламбек Қарғабай марапатталды.

Жайна МӘЛІМҚОЖА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз