АТЫРАУЛЫҚ БИШІ ҚЫЗДАР БАС ЖҮЛДЕМЕН ОРАЛДЫ
Абай атындағы оқушылар орталығының би топтары Алматы қаласында өткен республикалық және халықаралық конкурстардан жүлделі оралды.
Маусымның 18-і күні Алматыда кішкентай бишілердің басын қосып, мықтыларды айқындап беретін «Күншуақ» халықаралық би конкурсы өтті. Онда «Арман-ай» би тобы корей биін билеп, бас жүлдені жеңіп алды. Ал «Жас дарын» және «Еркетай» топтары бірінші орынға ие болды.
Сондай-ақ, 19-маусымда «Атадан мұра» қорының ұйымдастыруымен «Жас дәурен» республикалық би конкурсы өтіп, ол жерде де атыраулық топ оқ бойы озық шықты. Мұнда «Жас дарын» бас жүлденің иегері атанды. Ал «Арман-ай» бірінші, «Еркетай» екінші орыннан көрінді.
«Еркетай» тобының құрамында өнер көрсеткен Ясмина Бекқызы бұл жарысқа бар ынтасымен дайындалып, жеңіске жететіндеріне сенімді болғанын қуана айтты. Қыздар «Көңілді динозаврлар» биін биледі. Бұл жеңіс Ясмина мен топтың басқа да бишілеріне қуаныш сыйлады.
Би топтарының жетекшісі Жанат Балатуева алда әлі үлкен асу барын алға тартты.
— Бас жүлде алған топ тамыз айында Көкшетауда, содан соң Түркияда өтетін конкурсқа жолдама алды. Енді намысты қолдан бермей, Атыраудың абыройы үшін бар күш-жігерімізді салып, дайындыққа кірісеміз, — дейді Ж.Балатуева.