Жарнама
МәдениетФОТОГАЛЕРЕЯ

Атыраулық ардагер «ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ» атанды! (+ФОТО)

Мемлекеттік қызмет саласының ардагері, Қазақстанның Мәдениет қайраткері, Қазақстан педагогикалық академиясының профессоры, КСРО және ҚР Журналистер одағының мүшесі, еліміздің Білім беру ісінің құрметті қызметкері, Қазақ журналистикасының қайраткері Бақытжан Мусағали «Қазақстанның құрметі азаматы» атанды. 

Нақтырақ айтар болсақ, бұл – ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бағдарламалық мақаласын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған байқау нәтижесі. Оны Нұр-Сұлтан қаласы бойынша «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі мен «Білім өркениеті» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығы ұйымдастырған.

Осынау мерейлі марапатты иесіне табыстап, тілек білдіру үшін Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында оның замандастары мен әріптестері бас қосты. Олардың арасында Серік Мұхамбетов, Ғаріпжан Әбішев, Қылышбай Сүндетұлы, Мәдина Төлепова және басқалары да бар. Сондай-ақ, Журналистер одағының жергілікті филиал басшысы Алма Қалусариева, «Сарайшық» журналының редакторы Гүлзада Ниетқалиева, ақын Нұрым Ерғалиев, «Атырау» газеті редакторының орынбасары Азамат Базарбаев және журналист Дәулетқали Аруев  ізгі тілектерін арнады.

Ал, «Атырау-Ақпарат» медиахолдингі директорының орынбасары Исатай Балмағамбетов қоғамға қосқан айрықша еңбегі үшін «Қазақстанның құрметті азаматы» төсбелгісін иесіне табыстап, сәттілік тіледі. 

Шара барысында Дина Нұрпейісова атындағы академиялық халық аспаптар оркестрінің әнші-термешісі Берік Амантаев әннен шашу шаып, көрермендерді бір серпілтіп тастады.

Расымен де, журналистика, мәдениет және мемлекеттік қызмет саласында еңбек етіп, ел құрметіне бөлену екінің бірінің қолынан келе бермейді.

img 20220415 wa0127
img 20220415 wa0118
img 20220415 wa0126
img 20220415 wa0116

Өнегелі тұлғаның өмір өткелдеріне кеңінен тоқталар болсақ, ол орта  мектепті  аяқтаған  жылы  редакция  ұйғарымымен  Индер  аудандық «Индер» газетіне  әдеби  қызметкер  болып  жұмысқа  орналасады.  Қызығы  мен  қиындығы  көп  кездесетін  редакция  қабырғасында  ұзақ  жылдар  бойы  қызмет ете жүріп, әдеби  қызметкер, бөлім меңгерушісі,  жауапты  хатшы  сатыларына  дейін  көтерілді. Осы  кезде КСРО және Қазақстан Журналистер одақтарының мүшелігіне өтті. Көптеген жүлде мен марапаттаулардың иесі атанады.

Жалындаған  жастық  шақтың  жалынан тарта жүріп, ауданның  саяси  өміріне белсене араласа  бастады. Аудандық  партия  комитетінің  нұсқаушысы болды.  Әдейі жолдамамен жергілікті  өндірістік  комбинатының  директоры қызметіне тағайындалды. Сонымен  қатар, Бәкең  ауданда    облыстағы  алғашқылардың  бірі  ретінде «Мусағалиевтар  жанұялық  ансамблін» ұйымдастырды.  Сөйтіп, облыстық, республикалық  фестивальдардың бірнеше рет  лауреат атанып,  диплом және Құрмет  грамоталарымен  мадақталды.

Егеменді  еліміз  тәуелсіздігін  алған  кезінде  даңқты  батырларымыз  бен  дәулескер күйшілер,  азулы  ақындар мен  заңғар  жазушылар  туған  ауданның  мәдениет  бөлімін ұзақ  жыл  басқару  арқылы  аймақ  тарихына  өзіндік  қолтаңбасын  қалдырды. Ол ауданның  ауыл-селолық жерлеріндегі  кітапхана  жүйесі  мен  мәдениет  үйлерін  сақтап  қалу  бағытында  ерекше еңбек сіңірді. Мәдениет  қайраткері  атағының  берілуі де –  осының  айғағы.  Сол жылдары  пәтер  мәселесі  өте  қиын  жағдайда  еді. Мәдениет  бөлімі  үшін  әупірімдеп алған  пәтерді «Менің жағдайым  шүкіршілік, егерде  сол  пәтерді  маған  бергендеріңіз рас  болса,  онда   мен  оны  қарауымдағы  қызметкеріме берейін» деп табандап  тұрып алуы  – өнер адамдарына жаны ашығандық.  

Сонымен қатар,  Бақытжан  Әділұлының  туған  жерінің  мәдениетін  одан  әрі  дамытуына құлшынысының  көптігі ме, әлде,  қимастығы ма,  сол жылдарда  облыс орталығының мәдениет  саласының  басшылық  қызметтеріне шақырылғанында келісімін берместен,  жүйелі  жұмысын  одан  әрі  жүргізе  беремін  деуі де – туған жеріне деген патриоттығы.   Ол  Индер  ауданының  мәдениет  бөлімін басқарған   кезде  қарауындағылармен  «жарты  құртты  жарып, бүтін  құртты  бөліп  жеп»  дегендей, бірлесе  жұмыс жасады.

Ол 2008  жылдан  құрметті  демалысқа  шыққанға  дейін  аудандағы  негізгі де,  үлкен  сала – аудандық  білім  беру  бөлімін  басқарған  жылдарында да  тиянақтылық  пен  ұқыптылықтың  көрінісін  көрсетіп,  жемісті еңбек  ете  білді. Жас  ұрпаққа  сапалы  білім  мен  саналы  тәрбие  берудегі  педагогтардың  көшбасшысы  бола  жүріп, ауданның  білім  беру саласының қарқынды  дамуы  мен  өркендеуінде  шебер басшылық, ұтқыр да  білікті ұйымдастырушылық  қабілет пен қасиет танытты. Аудан  оқушыларының  Ұлттық  бірыңғай  тестілеуі  ( бұдан әрі-ҰБТ) кезінде  2008-2013 жылдары  37  оқушы  «Алтын  белгі»,  8  оқушы  «Үздік аттестатқа»  ие  болды.

«Әрбір жаңа жетістіктер мен  ҰБТ кезіндегі  ата-аналардың, оқушылардың,  тіпті  ұстаздар  қауымының  ыстық  ықыласына бөлену –  ең  ерекше қуаныш  еді,» деп еске алады бүгінде өзі.

Еңбегі еленген  Бақытжан Әділұлының  есімі  «Индер  ауданының  шежіре энциклопедиясына» енген.  Республика  көлемінде  тұңғыш  рет  аудандық  білім бөлімінің  «Ұстаз  айнасы» атты  газетін шығаруда  да оның ерекше  еңбегі  зор  деп  айтуға   болады. Себебі,  шығу таралымы  аз  болғанмен,  бұл  басылымның ұстаздарға, оқырманға  берер тәлім-тәрбиелік, сабағы  көп  екені  сөзсіз  еді. 2009 жылы мектеп  оқушылары  арасында жас ақындардың  аудандық  айтысы Бәкеңнің  тікелей  ұйымдастыруымен  өткізіліп, ол  бүгінге  дейін  жалғасып  келеді.  Оның  бұл  бастамасына  кезінде  ҚР  Білім  және ғылым  министрлігі де жоғары  баға  берген  болатын.  «ҚР  Білім  беру  ісінің  Құрметті қызметкері»  атағын алуы  осындай  тың  жетістіктер  мен  жаңаша  ізденістердің нәтижесі  деп  түсінеміз. 

Оның  омырауында  өзге  наградаларымен  қатар, «ҚР Журналистикасына – 50 жыл», «Кәсіподаққа  сіңірген  еңбегі  үшін», «Атырау  облысы кәсіподақтар  федерациясына – 60 жыл», т.б.  төсбелгілері де  жарқырайды.  Ал,  2014 жылы  осы  ардақты азамат  туралы  «Келбет», «Абырой биігінде»  атты  кітаптары  «Шежіре»  баспасынан басылып  шығып,  тұсаукесері  өткен болатын.

Бүгінде Бақытжан Әділұлы «Үлгілі ұстаз» және «Ұлағат» төсбелгілерін иеленген жұбайы Зәмзәгүл Өтешқызымен бірге төрт ұл мен бір қыз өсіріп-өндіріп, олардан немере-шөбере сүйіп отырған мәуелі бәйтерек. Ұл-қыздары –  бір-бір  шаңырақтың  иелері.  Тәрбиелі  отбасынан  түлеп  ұшқан,  иман  нұрымен  қанаттанған  ұлдары  мен қыздарының қатарының  алды,  ұлтжанды  азаматтар  болып  өсіп  келе  жатқаны  көңілдегі қуанышты  бұрынғыдан да  арттыра  түседі. Жәнібегі –білім беру, Сәттібегі – өндіріс, Бақтыбегі темір жол салаларында, Ақмаралы Атырау мемлекеттік университетінде, ал, Мейірбегі  облыс орталығындағы мемлекеттік мекемеде заңгерлік  қызметте жұмыс жасайды.

Әрдайым да  абырой  биігінен  көрініп,  азаматтық  принципін  адал  ұстанған  азамат  бірнеше  рет  облыс  әкімінің  және  облыстық  мәслихаттың,  сондай-ақ  облыстық  мәдениет,  білім  басқармаларының,  аудан  әкімінің  Алғыс  хаттарымен,  Құрмет  грамоталарымен  марапатталып  отырды.  Сайып келгенде, ол бүкіл  саналы  ғұмырының  47 жылында  Индер  ауданының  саяси,  экономикалық  және  әлеуметтік-мәдени,  білім  беру  саласын өркендетуге  зор  үлес  қосқан,  алаш  жұртының  тілін,  тарихы  мен  әдебиетін  көздің  қарашығындай  сақтап,  сол  үшін небір  тар  жол,  тайғақ  кешулерді  басынан  өткерген.

«Atr.kz«

Фото: Ерлан АЛТЫБАЕВ

img 20220415 wa0119
img 20220415 wa0124
img 20220415 wa0117
img 20220415 wa0120 1

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button