Атырауда жас ақындар мүшәйрасы өтті
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай «Жас жазба ақындар поэтикалық дуэлі» өтті. Іс-шараны Атырау қаласы Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Аталған мүшәйраға 16-35 жас аралығындағы 14 атыраулық жазба ақын қатысып, үш кезең бойынша бақ сынады. Алғашқы кезеңде еркін тақырыпта өз шығармашылығынан екі өлең оқыса, екінші кезеңде Саяси қуған-сүргін құрбандарына арнау мен патриоттық өлеңдер оқылды. Ал шешуші кезеңде жазба ақындар 10 минут ішінде Саяси қуған-сүргін құрбандарына өлең шығарды.
-Бұл мүшәйра поэтикалық дуэл форматында өткізілді. Жалпы іс-шараның мақсаты – қуғын-сүргін құрбандарын, бабаларымызды еске алу болса, екінші жағынан жалпы шығармашыл жастарымызға, ақындарға қолдау көрсету,- деді Жастар ресурстық орталығының басшысы Бекарыс Закария.
Ал қатысушылардың бірі Нұрай Талап өзіндей өңірдегі жас ақындардың көптеп өсіп келе жатқаны қуантатынын, сайыс жоғары деңгейде өткенін жеткізді.
Жарыс қорытындысымен Нұржан Өмірбай I орынды иеленсе, Асыланбек Шығыр II орынды, Нұрай Талап III орынды қанжығалады. Сайыстың жалпы жүлде қоры 300 000 теңге.