Жарнама
Мәдениет

Атырауда «Saz perneli Saraishyq» Халықаралық фестивалі аясында шеберлік сабақтары өтті

Түркітілдес халықтардың мәдени мұрасын сақтау және дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған «Saz Perneli Saraishyq» ІІ Халықаралық музыкалық «Dombyra» фестивалі аясында шеберлік сыныптары өтті. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде ұйымдастырылған іс-шарада қазақтың дәстүрлі күйшілік мектептерінің көрнекті өкілдері өз тәжірибелерімен бөлісті.

Әр аймақтың өзіне тән орындаушылық ерекшеліктерін сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізу мақсатында Жетісу, Қазанғап, Алтай-Тарбағатай, Маңғыстау және Арқа күйшілік мектептерінің өкілдері қатысушыларға шеберлік дәрісін өткізді.

Фестивальдің ең маңызды тұстарының бірі – шеберлік сыныптарына қатысушылар үшін бұл тәжірибелердің тек музыкалық қана емес, рухани және мәдени байлық ретінде де терең маңызға ие болғаны. Музыкаға жаны құмар, әсіресе дәстүрлі музыканы жаңғыртуға атсалысып жүрген қала мен ауданның мәдениет үйлерінің оркестр жетекшілері, саз мектептерінің мұғалімдері мен оқушылары үшін бұл кездесу үлкен тәлім алуға мүмкіндік берді.

Фестивальге арнайы шақырылғандардың бірі – «Zhoshy» ансамблі. Ансамбль қазақтың көне ұлттық аспаптарын қалпына келтіріп, оларды қазіргі заман талабына сай жаңа авторлық шығармаларға арқау етеді. Ансамбль мүшелері тек музыканттар ғана емес, олар аспап жасаушылар ретінде де танымал. Олардың қоржынында 1600-ге жуық түрлі музыкалық аспап бар. Шеберлік сыныбында фестивальдің маңыздылығын атап айтқан ұжымның көркемдік жетекшісі Азамат Бақия көне аспаптарды да таныстырып, тіпті олардың бірін сыйлыққа тартты. Дәріс барысында сазсырнайдың жасалу жолын көрсетіп, сол сәтте жасалған аталмыш аспапта ойнап та берді.

Шеберлік сыныптары барысында тәжірибе алмасу үшін арнайы Ақтөбе қаласынан ҚР Еңбегі сіңген қайраткері, Қазанғап мектебінің өкілі Жайлаубай Асылханов, Астана қаласынан Халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының магистранты Ләззат Ақихат, Маңғыстау облысынан республикалық конкурстардың лауреаты Ғазиза Ұзақбай және Алматы қаласынан Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының оқытушысы, ҚР Мәдениет саласының үздігі Асель Алина өз шеберліктерін паш етті.

Бұл іс-шара ұлттық өнер мен мәдениеттің дамуына елеулі үлес қосып қана қоймай, жас орындаушыларға да үлкен шабыт сыйлағаны сөзсіз. Ұлттық музыканы дәріптеуге бағытталған осындай фестивальдер болашақ ұрпаққа аманат болары анық.
Шеберлік сабақтың қорытындысында қатысқан жүзден аса қатысушыға фестивальдің президенті, идея авторы, Қазақстанның халық әртісі, күйші Айгүл Үлкенбаеваның атынан сертификаттар табыс етіледі.

Жайна МӘЛІМҚОЖА

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button