Жарнама
Мәдениет

АТЫРАУДА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АКЦИЯ ӨТТІ

Биыл Алаш арыстарының бірі, Қазақ тіл ғылымының негізін салушы, халқымыздың азаттығы жолында жан аямай күрескен тарихи тұлға, ұлтымыздың рухани ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың туғанына – 150 жыл. Осынау атаулы датаға орай, Ахаңның өмірі мен шығармашылығын, ағартушылық және ғылыми қызметін насихаттау, жастардың санасына сіңіру мақсатында елімізде «Бір ел –бір кітап» республикалық акциясы ұйымдастырылуда.

Оның аясында өңірімізде де ауқымды шаралар жалғасын табуда.  №2 Атырау қалалық кітапханасында өткізілген «Ұлттың ұлы ұстазы» атты әдеби-сазды, тарихи-танымдық кешті осы тұрғыда атауға болар еді. Онда шараға қатысушылардың назарына Ахмет Байтұрсынұлы туралы кітаптар, оның өлеңдері мен қанатты сөздері жазылған еңбектері ұсынылды.

Шараға тіл жанашырлары — Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық  бірлестігі  Атырау облыстық филиалы кеңесінің мүшесі, «Тіл жанашыры» құрмет белгісінің иегері, Қазақ журналистикасының қайраткері Әбілхан Төлеуішев,  Қазақстан жазушылар және  журналистер одағының мүшесі, филология ғылымдарының  кандидаты, ақын,  республикалық «Сарайшық» журналының   бас редакторы  Гүлзада Ниетқалиева және  Атырау қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Жаннат Жайлауова қонақ ретінде шақырылып, олар ұлтымыздың ұлы ұстазы хақында жазылып, жарық көрген туындыларға қысқаша шолу жасап, ой-толғамдарымен ортақтасты. Сонымен бірге  кітапхана қызметкерлері, оқырмандар мен көпсалалы жоғары Болашақ колледжінің студенттері  пайымды пікірлерімен, алған әсерлерімен бөлісті. Әңгіменің түйіні – саналы ғұмырында жанын арының садағасына балап, ана тіліміздің рухын биіктетіп, мәртебесін көтеруді мақсат тұтқан Ахаң салған сара жолдан таймау – бүгінгі және болашақ ұрпақтың борышы дегенге тірелді.

Соңынан Ахмет Байтұрсыновтың тәуекел мен тартысқа, кеңестік солақай саясаттың өктемдігіне қарсы ымырасыз күрес пен арпалысқа, қиянат пен қауіп-қатерге толы, тар жол, тайғақ кешуден тұратын тағдырлы өмір жолынан сыр шертетін бейнебаян көрсетілді. Студент жастардың қатысуымен «Сандықша», «Жануардың атын тап» ойындары ойнатылды.

Адамзаттың асыл перзенті, қазақтың ұлттық мәдениетінің Хантәңірідеп бағаланған Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығына арналған  шарада белсенділік танытып, мазмұнды өтуіне атсалысқандарға оны ұйымдастырушылар атынан «Қазақ тіл білімінің мәселелері» кітабы естелікке сыйға тартылды.

Дәулетқали АРУЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button