Атырауда мәдениет ардагерлеріне құрмет көрсетілді
Атырау Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында мәдениет саласының ардагерлері Әсия Қожағұлованың 80 және Сәния Оразованың 75 жылдық мерейтойларына арналған «Ғибратты ғұмыр» атты кездесу өтті.
Іс-шараға облыстың зиялы қауымы, мәдениет және өнер саласының қызметкерлері, кітапхана оқырмандары қатысты. Қатысушылар ардагерлердің мәдениетке қосқан үлесі мен өмір жолына арналған бейнематериалды тамашалап, әсерлі естеліктермен бөлісті.
Әсия Қожағұлова 1981-1990 жылдары облыстық ғылыми әмбебап кітапханасын басқарып, оның дамуына зор үлес қосты. Ал Сәния Оразова облыстық мәдениет басқармасы мен өнер музейінде жауапты қызметтер атқарған, көптеген жас таланттың шығармашылығына жол ашқан мәдениет қайраткері.
Кеш барысында облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов құттықтау сөз сөйлеп, мерейтой иесі Сәния Өтепқалиқызына облыстық Ардагерлер кеңесінің «Атырау ардақтысы» төсбелгісін, ал Әсия Сәрсенқызына «Тәлімгер» төсбелгісін табыстады. Ардагерлердің еңбек жолдары мен өмірлік тәжірибесі жас ұрпаққа үлгі ретінде бағаланды.
Жайна МӘЛІМҚОЖА