
Атырауда халықаралық баян-аккордеон аспаптарында орындаушылар конкурсы мәресіне жетті
Өңір руханиятында айшықты орын алатын ауқымды іс-шара қорытындыланды. Үш күнге созылған халықаралық байқаудың нәтижесінде жеңімпаздар ұлықталды.

Аталмыш конкурстың мақсаты – жас орындаушылардың шығармашылығын дамыту, баян мен аккордеонға арналған музыканың кеңінен таралуына және насихатталуына мүмкіндік жасау. Байқауға еліміздің өзге аймақтарымен қатар Ресей, Қырғызстан, Татарстан елдерінен барлығы 38 қатысушы қатысты. Қазылар алқасына Қазақстан Республикасы еңбек сіңірген әртісі, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының профессоры Анатолий Гайсин төрағалық етті.
Байқау қорытындысы бойынша жеке орындаушылар және ансамбльдер арасында ІІІ дәрежелі дипломмен және 200 мың көлемінде қаржылай сыйақымен Амир Хасанов (Казань қаласы), Дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернатының музыкалық колледж ансамблі, А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыка колледжінің ансамблі марапатталды.

ІІ дәрежелі дипломға Қазақ ұлттық өнеруниверситеті колледжінің «ALLEGRO» баян және аккордеон ансамблі, Нұржан Маймақов (Ақтөбе қаласы), Мадияр Капсихов (Атырау қаласы), Елена Покровская (Екатеринбург қаласы), Ахымбек Темірлан (Алматы қаласы) ие болды.
І дәрежелі дипломды және 500 мың теңге сыйақыға Д.Нұрпейсіова атындағы колледж ансамблі, Дамир Пичугин (Казань қаласы), Нұрдәулет Әмірғалиев (Атырау қаласы), Руслан Галкеев (Астана қаласы) иеленді.
Халықаралық байқаудың барлық қатысушысы да құралақан қайтпады. Оларға Алғыс хат пен арнайы номинациялармен марапатталып, Ерболат Камалиденовтің сиясы кеппеген туындысы “Баянға арналған хрестоматиясы» сыйлыққа тартылды.
–Бұл іс-шараға Атырау облысы әкімдігінен үлкен қолдау көрсетілді. Біздің өңірде өткізіліп жатқан бұл байқау халықаралық деңгейде баян-аккордеоншылар арасында ұйымдастырылатын санаулы сайыстардың бірі. Байқаудың нәтижесі бойынша барлық қатысушы мен жеңімпаздарға қаржылай сыйақы берілді. Ең алыс саналатын Италия мемлекетінен қазылар алқасы мүшесінің арнайы келуі байқау деңгейінің жоғары екендігін және халықаралық дәрежеде насихатталып жатқанын көрсетеді, — дейді Н.Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармония басшысы Бақытбек Сартбаев.
Жанарай ЕРБОЛАТҚЫЗЫ,
Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университеті, журналистика мамандығының 4-курс студенті
Суреттерді түсірген Мақсат ЖӘЙКЕС