Жарнама
Мәдениет

«Әже үні – өнеге жыры»

Осындай тақырыпта Атырауда әжелер ансамбльдері арасында облыстық ән фестивалі өтті. Өнер додасының көздеген мақсаты – өмірлік тәжірибесі мол, өнегелі әжелердің шығармашылығы мен өнерін жас ұрпаққа үлгі ету, қазақтың ән өнерін кеңінен насихаттау. Сонымен қатар, әжелер ансамбльдерінің шығармашылық белсенділігін арттырып, оларға қолдау көрсету, жастар мен аға буын арасындағы байланысты нығайту арқылы ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру.

Облыстық халық шығармашылығы орталығының бөлім басшысы Алмагүл Отарбайқызының айтуынша, бұл фестиваль – әжелеріміздің өнері мен өмірлік тәжірибесін насихаттауға арналған маңызды рухани шара. Әжелер – отбасының берекесі ғана емес, елдің рухани тірегі. Олардың ән арқылы берер тәлімі мен тәрбиесі жастар үшін үлгі, өнеге. Сол себепті де мұнда ұлттық өнерді жаңғыртып, ұрпақтар арасындағы рухани байланысты күшейту басты мақсат етілген.
Әділ қазылар алқасының төрағасы, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Серік Мұхамбетов:
– Әжелер ансамбльдері арасындағы бұл ән байқауы облыстық деңгейінде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Осы жылдың басында облыстың барлық аудандарында әжелер алқасы құрылып, жүйелі жұмыс жүргізілді. Бүгінгі шара – сол еңбектің нақты жемісі, айқын көрінісі. Фестивальге қала мен аудандардан барлығы 12 әжелер ансамблі қатысып, бағын сынады. Олардың қатарында «Саранг» кәрістер бірлестігі, Атыраулық татарлар және «Ливчанка» орыс мәдени орталығының ансамбльдері бар. Байқағанымыздай, барлық ұжымдар фестиваль бағдарламасына сай тыңғылықты дайындалып келген. Ұлттық киімдерімен сахнаға шығып, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Біз қатысушыларға Қазақстанның Еңбек Ері, көрнекті композитор Ілия Жақановтың бір әнін және бір халық әнін орындау талаптарын қойған едік. Бұл міндетті де ансамбльдер жоғары деңгейде орындап шықты.

Айта кету керек,фестиваль барысында Жылыой ауданынан келген «Ақ әже» ансамблі ерекше өнерімен көзге түсті. 2023 жылы құрылған ұжымның жетекшісі Күләш Ниматова. Ансамбльдің репертуарына халық әндерінен бөлек, Қазақстан және жергілікті композиторларының туындылары енген.
Фестивальді ұйымдастырушылардың бірі Мұстахима Малашқызы:
– Бүгінгі фестивальде Ілия Жақановтың «Жайлаукөл кештері» мен халық әні «Сәулемай» нақышына келтіре орындалды. Әуезді де әсерлі әндер домбыра, сырнай, қобыз сынды халық аспаптарымен сүйемелденді. Былайғы уақытта Шәмші Қалдаяқовтың әндерін сырнайдың сырлы үніне қосыла шырқау да берік дәстүрге енген. Еңбегіміз еленіп, көрерменнің ыстық ықыласына мен құрмет-қошеметіне бөленіп келеді. Ең үлкен марапат- көпшіліктің ризашылығына кенеліп, қазылардың әділ бағасын иелену.
Қорыта айтқанда, «Әже үні – өнеге жыры» фестивалі – ұлттың рухани тамырын жаңғыртып, ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтатын тағылымды да тәрлімді, тәрбиелік маңызы мен мағынасы мол шара ретінде бағаланды. Алдағы уақытта оның дәстүрлі өнер додасына айналары күмәнсіз.

Аружан МАКСИМОВА,
студент
Суреттерді түсірген автор

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button